Парламент • 29 Маусым, 2018

Қ.Тоқаев: Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді іске асыру аясында Парламент 84 заң қабылдады

213 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының отырысы болды.

Қ.Тоқаев: Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді іске асыру аясында Парламент 84 заң қабылдады

Палата заңнамаға газ және газбен жабдықтау мәселелері бойынша түзетулерді қабылдады.

Құжат еліміздің ішкі нарығына сұйытылған мұнай газының тапшылығын болдырмау үшін жеткізуді реттеу, мұнай газын өндірушілердің өндіріс көлемін арттыруға ықыласын қалыптастыруға, сондай-ақ аймақтарда газ бөлу ашықтығын арттыру мақсатында әзірленді.

Цифрландыру және бизнес үшін әкімшілік кедергілерді азайту бойынша жүргізіліп жатқан саясат аясында электрондық сауда алаңдары арқылы сұйытылған мұнай газын ішкі нарыққа беру тетіктерін енгізу арқылы оны өндіруші зауыттардың табысын қамтамасыз ету көзделіп отыр. 2019-2020 жылдар ішінде ЭСА арқылы өткізілетін сұйытылған мұнай газының үлесін кезең-кезеңімен арттыру жоспарлануда, оған еліміздің Энергетика министрлігі бекітетін шекті баға қолданылмайды.

Нәтижесінде 2021 жылға қарай сұйытылған мұнай газына бағаларды мемлекеттік реттеу газды топтық резервуарлық қондырғылар арқылы пайдаланатын халық үшін, сондай-ақ жоғары деңгейде қайта өңделген өнім өндіруді жүзеге асыратын мұнай-газ-химия кәсіпорындары үшін ғана сақталады.

Сенаторлар Қазақстан Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) арасындағы ФАО-ның Қазақстандағы Байланыс және әріптестік жөніндегі бюросын құру туралы келісімді ратификациялады.

Қазақстанда ФАО-ның Байланыс және әріптестік жөніндегі бюросын құру үшін республикалық бюджеттен мынадай қаражат көзделген: Сыртқы істер министрлігінің 017 «Қазақстан Республикасының халқаралық ұйымдарға, өзге де халықаралық және басқа органдарға қатысуы» бюджеттік бағдарламасы бойынша: 300000 АҚШ доллары мөлшерінде – Қазақстан Республикасының ФАО-ға жыл сайынғы жарнасы; ерікті жарналарға – жабдық пен автокөлік сатып алу үшін ФАО-ға 25197 мың теңге сомасында  бір реттік жарна. Ауыл шаруашылығы министрлігінің бюджеттік бағдарламасы бойынша: офистік үй-жайды жалдауға арналған шығыс – 44208 мың теңге сомасында; 212 «Агроөнеркәсіптік кешен және табиғатты пайдалану саласындағы ғылыми зерттеулер мен іс-шаралар» бағдарламасы шегінде ФАО-ның халықаралық консультанттарын тарту арқылы ғылыми жобаларды іске асыру кезіндегі жыл сайынғы бірлесіп қаржыландырудың ең төменгі мөлшері –2000000 АҚШ долларын құрайды.

Заңнамаға венчурлік қаржыландыру мәселелері бойынша түзетулер қабылданды. Бұл құжатта түзетулердің үш топтамасы қамтылған.

Түзетулердің бірінші топтамасы венчурлік қор қызметінің құқықтық негізін құрайды. Атап айтқанда, осы блокпен: венчурлік қаржыландырудың ерекшеліктері болып табылатын қосымша ұғымдарды енгізу; вечурлік қорлар болып құрыла алатын нысандарды белгілеу; венчурлік қор қатысушыларының санына және оны басқарушыға қойылатын талаптарды белгілеу; венчурлік қорлар үшін халықтықтың басым бөлігі арасында өз қызметін жарнамалауға тыйым салуды белгілеу; венчурлік қорлар мен портфель компаниялар жасасуы мүмкін келісімдердің жаңа нысандарын енгізу көзделген.

Түзетулердің екінші топтамасы индустриялық-инновациялық қызметті  мемлекеттік қолдау шараларын венчурлік қорларда жаңа мемлекеттік қоса қаржыландыру тетіктерімен толықтыруға арналған, олар: венчурлік қорды индустриялық-инновациялық инфрақұрылым элементі ретінде енгізуге; мемлекеттің даму институттары және басқа да ұлттық компаниялар арқылы венчурлік қорларды қоса қаржыландыру мүмкіндігіне бағытталған.

Үшінші топтама «Астана Хаб» халықаралық технологиялық паркі қызметін ұйымдастыруға арналған.

Заңнамаға жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту мәселелері бойынша түзетулер де қабылданды.

Заң жоғары оқу орындарының академиялық, басқару және қаржылық дербестігін кеңейтуге, Назарбаев университетінің тәжірибесін ескере отырып, олардың бәсекеге қабілеттігін арттыруға, сондай-ақ жоғары білім берудің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға және студент жастардың күнелту жағдайларын жақсартуға бағытталған.

Академиялық дербестікті кеңейту үшін жоғары оқу орындарына білім беру бағдарламаларының мазмұны, білім алушылардың ауысуы мен қайта қабылдануы мәселелерін, білім беру қызметтерін көрсету және кәсіптік практиканы өткізу шартының нысандарын айқындау өкілеттіктерін беру бойынша құзыреттер көзделген.

Басқару және қаржылық дербестік мәселелері бойынша жұмысқа жалдау, жоғары оқу орнының құрылымын айқындау, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің коммерциялық ұйымдарын коммерциялық емес ұйымдар етіп қайта құру, жоғары оқу орындарының коммерциялық қызметті жүзеге асыруы, сондай-ақ жоғары оқу орындарындағы директорлар кеңесінің айрықша құзыреті мәселелерін реттейтін ережелер көзделіп отыр.

Кадрларды даярлау бағыттары бойынша жаңа сыныптауышқа сәйкес жоғары оқу орындарының білім беру қызметін лицензиялаудың жаңа түріне көшуі; жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің білім бағдарламалары бойынша оқытуды тек қана күндізгі оқыту нысандарында жүзеге асыру; өмір бойы оқыту қағидатын іске асыру мақсатында формальды және формальды емес білім беру арқылы оқытудың нәтижелерін тану жөнінде жаңа ережелер де бар.

Мемлекет басшысының үшінші әлеуметтік бастамасын іске асыру аясында жаңа студенттік жатақханалар салуға қатысты: студент жастардың күнелту жағдайларын жақсартуды; екінші деңгейдегі банктердің мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттарын сенімді кепіл ретінде тануын; инвестициялық шығындар өтемақысын есепке жатқызуға арналған шоттардың сақталуын көздейтін түзетулер енгізілді.

Сенаторлар сондай-ақ заңнамаға білім беру мәселелері бойынша түзетулерді қабылдады. Бұл заңда көзделген түзетулер Еңбек кодексіне, «Білім туралы» және «Ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы» заңдарға енгізіледі.

Атап айтқанда «Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім беру
бағдарламасын енгізу ұсынылады, онда қазақстандық жастардың ұлттық және жалпы адами құндылықтарға негізделген дүниетанымын қалыптастыру жөніндегі тәрбиелеу қызметі жүзеге асырылады.

Дуальды оқытуды енгізуге байланысты заңда өндірістік оқыту, тәлімгер, тыңдаушы, тiрек мектеп (ресурс орталығы) ұғымдарын бекіту көзделіп отыр.

Сенаторлар «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңды қабылдады. Заң білікті заң көмегін алуға конституциялық құқықты іске асыру, халықтың әлеуметтік осал топтарына, қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға тегін негізде заң көмегін алуға қол жеткізуді қамтамасыз ету және адвокаттық қызмет пен заң көмегін көрсету жүйесін кешенді түрде жетілдіру мақсатында әзірленді.

Заңда адвокаттар алқасының және заң консультанттары палатасы басқару органдарының құрылымы, оларды қалыптастыру тәртібі және олардың құзыреттері айқындалады. Бұл ретте адвокаттар алқасы президиуымының төрағасы мен мүшелері үшін төрт жылдан аспайтын, ал алқалық басқару органы мен заң консультанттарының атқарушы басқару органы үшін – олардың жарғысымен өкілеттік мерзімі белгіленеді.

Адвокаттар алқасына және заң консультанттары палаталарына оларға мүшелікке қабылдау шарттары, заң көмегін көрсету стандарттары және оларға мүшелікке қабылдау кезінде кіру жарналарын төлеуге тыйым салу белгіленеді.

Заңда заң көмегін көрсету жөніндегі қызметті реттеу және өз мүшелерінің адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңнамасының, заң консультанттары палатасының қағидалары мен стандарттарының, Кәсіптік әдеп кодексінің талаптарын сақтауы бөлігінде олардың қызметін бақылау мақсатында құрылған, заң консультанттары палаталарының тізіліміне енгізілген, мүшелік шарттарында кемінде елу заң консультантын біріктіретін, міндетті мүшелікке негізделген өзін-өзі реттейтін ұйым заң консультанттарының палатасы болып танылатыны белгіленген.

Уәкілетті орган заң көмегін көрсету саласында заң консультанттары палаталарының адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңнамасының, заң консультанттары палатасы қағидаларының және стандарттарының, Кәсіптік әдеп кодексінің талаптарын орындауына бақылауды жүзеге асырады.

Заңмен 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап үшінші тұлғаларға келтірілген зиянды өтеу үшін заң консультанттарының қызметін міндетті сақтандыру институты қолданысқа енгізіледі.

Сондай-ақ заңнамаға адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша түзетулер қабылданды.

Қылмыстық-процестік кодексiнде және «Адамдарды қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде ұстау тәртібі мен шарттары туралы» заңында адвокаттық ордерді қолдану алып тасталады.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде адвокаттың сұрау салуы бойынша мәлiметтердi белгiленген мерзiмдерде ұсынудан бас тартқаны үшін жауаптылыққа тартылатын адамдардың тізбесіне заңды тұлғалар енгізілді.

Азаматтық-процестік кодексіне адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңнамасының талаптарын бұза отырып, заң көмегін көрсету туралы тапсырма қабылдаған адвокаттар, сондай-ақ заң консультанттары палатасының мүшелері болып табылатын адамдар сотта тапсырма бойынша өкілдер бола алмайтынын көздейтін толықтыру енгізіледі.

«Нотариат туралы» заңға бір мерзімнен артық Республикалық нотариаттық палатаның төрағасы лауазымын атқармауды; нотариаттық палатаның қаржылық-шаруашылық қызметін бақылау бойынша нотариаттық палатаның ревизиялық комиссиясын енгізуді көздейтін толықтырулар енгізіледі.

Сенаттың үшінші сессиядағы жұмысын қорытындылай келіп, Қ.Тоқаев бүгінгі халықаралық ахуалда теке-тірес күшейген кезеңде еліміздің тұрақты дамуын және ұлттық мүддесін қамтамасыз етуге бағытталған Мемлекет басшысының стратегиялық шешімдерін заңнамалық жағынан дер кезінде қамтамасыз етудің маңызы ерекше екенін атап өтті.

«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жолдауы және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін Бес әлеуметтік бастамасынан туындайтын ауқымды міндеттерді жүзеге асыру барысында Парламент 84 заң қабылдады. Олардың бірқатары күшіне еніп, бүгінде халық игілігіне қызмет етуде», - деді Сенат Төрағасы.

Ол қазіргі жаһандық өзгерістер мен сын-қатерлер тоғысында ішкі саяси тұрақтылықты сақтау және халықаралық аренада ұлттық мүддемізді қорғау мәселелері өте маңызды екенін атап өтті.

«Осы ретте, таяуда қабылданған «Қауіпсіздік Кеңесі туралы» заң қазіргі дүрбелеңге толы дүниеде мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, елдегі ішкі және сыртқы саясатты жүргізуде Елбасының жетекші рөліне берік құқықтық жағдайды, кепілдіктерді әрқашан да қамтамасыз етеді», - деді Қ.Тоқаев.

Жоғарғы Палатаның басшысы сайлау заңнамасына еліміздегі демократиялық үдерістерді тереңдетуде саяси партиялардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған жаңа құқықтық ережелер енгізілгені туралы хабардар етті.

Кәсіпкерлікті дамытуға мейлінше қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында Қ.Тоқаев салық, кеден кодекстері жаңа редакцияда қабылданып, бюджет заңнамасы жаңартылғанын, қаржы ұйымдарына тиімді бақылау жүргізудегі Ұлттық Банктің қызметін жетілдіруге бағытталған өте маңызды заңдар қабылданғанын айтты.

Сондай-ақ, қолданыстағы заңнамаға әлеуметтік сала, ақпарат және коммуникациялар, құқық қорғау жүйесін жаңғырту, жер қатынастары, білім беру мәселелері бойынша нақты түзетулер енгізілді.

Қ.Тоқаев сонымен қатар Парламент қарауына келіп түсетін заң жобаларының мазмұндық жағынан сапасы әлі де өзекті екенін айта келіп, осы мәселеге Үкіметтің назарын аударды. Асығыс дайындалған жобаларда кездесетін олқылықтар заңнамада қайшылықтардың орын алуына жол беруі ықтимал екені айтылды.

Сенат Төрағасы сессия барысында бірлесіп атқарған нәтижелі қызметтеріне орай әріптес сенаторларға алғыс айтты және еліміздің бас қаласы – Астананың 20 жылдығына байланысты құттықтады. «Астана – Тәуелсіздіктің қастерлі құндылықтарының бірі, Елбасы жігерінің айқын жеңісі. Елордамыз ұлтымыздың мақтанышы, ұлттық идеологиямыздың нышаны. Қазақстанның болашағы енді жаңа елордамыздың дамуымен тікелей байланысты. Себебі бұл қала халқымыздың тағдырында ерекше орын алатын болады», - деді Қ.Тоқаев.

Отырыс барысында депутаттық сауалдар жария етілді. Сенатор Нұржан Нұрсипатов әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы; Еділ Мамытбеков «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі» республикалық мемлекеттік кәсіпорнын жекешелендіру мәселелері туралы сауал жолдады.