Аймақтар • 29 Маусым, 2018

Оралда республикалық ақындар айтысы өтті

2174 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Осыдан 60 жыл бұрын, 1958 жылы ақпан айында Орал қаласында тұңғыш рет Батыс Қазақстан облысының бірінші ақындар айтысы ұйымдастырылған екен. Осы датаға орай «Жалындаған Жайық-жыр» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Сөзсайысқа Астана қаласынан, Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарынан 20 ақын қатысты.

Оралда республикалық ақындар айтысы өтті

Суреттерді түсірген Рафхат Халелов

Тарихқа үңілсек, алпыс жыл бұрынғы айтысқа 23 ақын қатысыпты. Додаға ауданының, ауылының атынан қатысқан айтыскерлер шаруашылықтағы жетістіктерді насихаттап, үкімет пен партияның шашпауын көтеріп, қарсыласының ауылындағы кемшілікті сынап сөз таластырған. Әрине, ХХ ғасыр басталғалы дәстүрлі қоғамдық құрылымы тас-талқан болып қирап, аз уақытта қос төңкеріс, азамат соғысы, аштық, саяси репрессия, дүниежүзілік соғыс, тың игеру сияқты жойқын өзгерістерді басынан өткерген қазақ үшін бұл айтыс ерекше оқиға болғаны анық. Содан да болар, Батыс Қазақстан облысында әр он жыл сайын осы айтыстың кезекті мерейтойын атап өту дәстүрге айналған.

Әлқисса, тұңғыш облыстық айтыста Қаратөбе ауданының ақыны Хамит Әбілов бірінші орынды жеңіп алып, сыйлыққа ат мініп, шапан жауыпты. Екінші орындағы жымпитылық Жаңыл Жұрмағамбетова мен оралдық Хамидолла Қыдыровқа алтын сағат берілген екен. Үшінші орын алған Чапаев ауданы «1 май» колхозының колхозшысы Жәмел Аймұрзин – костюмдік матаға, Қаратөбе ауданы Қоскөл совхозының гурт басқарушысы Әсірәлі Әбітиев – қалта сағатына, Орда совхозының тракторшысы Ғарифолла Көшенов – қол сағатына ие болыпты. Осы жолы «облыс ақыны» деген атақ бекітіліп, ол Жәмел Аймұрзин, Хамит Әбілов, Мектеп Досқалиев, Сапар Ермұхамбетов, Жаңыл Жұрмағамбетова, Әтембек Қоңыров және Хамидолла Қыдыровқа берілген екен.

Мұның бәрі тарих қой. Оралдың Салтанат сарайында өткен «Айтыс – ұлттық құндылық» тақырыбындағы дөңгелек үстел мәжілісіне өңірдегі айтыс өнерінің көзі тірі ардагерлері мен бүгінгі буын өкілдері қатар қатысты.

Басқосуда Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов айтыс өнері – ұлттық дәстүр сабақтастығы, қазақ мәдениетінің өзегі екенін, өңірімізде айтыс ақындары мектебі сәтті қалыптасып жатқанын, облыс әкімдігі тарапынан бұл үрдіске қолдау білдіріп отыратынын атап өтті. Бір қызығы, бұл айтысқа осыдан 60 жыл бұрынғы додаға қатысқан ауыл тракторшысы, бүгінде Алматы қаласында тұратын ардагер-журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғарифолла Көшенов арнайы шақырылып, қазылар алқасына төрағалық етті.

Ұйымдастырушылар «Жайық айтысына – 60 жыл» атты арнайы төсбелгі дайындаған екен. Бұл марапат ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Қатимолла Бердіғалиевке, «Құрмет» орденінің иегері Шолпан Қыдырниязоваке, Қазақстан Республикасы Білім беру саласының құрметті қызметкері Дариға Мұштановаға, әр жылдары айтысқа қатысып, төл өнердің дамуына үлес қосқан Сағынтай Бисенғалиев, Үзілдік Елеубайқызы, Махмет Қажиахметов, Ұлдай Сариева, Талап Таймасұлы, Ертай Бимұханов, Дариға Нұрашева, Талант Арғынғали, Жібек Болтанова, Гүлжайна Бисенғалиева, Назгүл Кәрімова, Лұқпан Елеу секілді аға буын өкілдері мен халықаралық, республикалық айтыстарда облыс намысын қорғап жүрген жас ақындар Жансая Мусина, Мұрадым Мирланов, Талғат Мықи, Эльдар Ихсанов, Бауыржан Мұстафиев, Орынбек Меңдіқұлов сынды айтыскерлерге бұйырды.

Сонымен, бір күн бойы Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрының ғимаратын көрерменге лық толтырған айтыс додасында бас жүлдені (500 мың теңге) Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданы намысын қорғаған Мұрадым Мирланов жеңіп алды. 350 мың теңгелі бірінші орын жүлдесіне бөкейордалық Жансая Мусина ие болды. БҚО-ның Ақжайық ауданынан келген Мейірман Шəкенов пен қызылордалық Жібек Шахмарданқызы 200 мың теңгелік екінші орынды бөлісті. Үшінші орынға оралдық Орынбек Меңдіқұлов пен маңғыстаулық Арғынбек Қалбаев лайық деп танылды.

- Бұл айтыс – қазылар алқасының төрағасы Ғарифолла Көшенов ағамыз айтқандай, айтыс туралы айтыс болды. Сахнада айтыс тариxы сөз болып, аға буын айтыскерлерге құрмет көрсетілді. Айтыс шығыны жағынан бюджет қазынасын ырситып сойып кететіндей қымбат айтыс емес, кәдімгі бұрынғыдай, көрпеге қарап көсілген қазақы айтыс. Қазылар алқасы гонорарсыз, тегін қызмет жасады. Қаршадайымыздан айтыспен көзі шыққан адам ретінде байқағаным: бұл айтыстың тынысы дұрыс болды, - дейді айтыс ардагері Дариға Мұштанова.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Орал