Қазақстан • 29 Маусым, 2018

Астанада «Бақорда» кітабы таныстырылды

417 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Егемен Қазақстан» кітапханасы сериясымен жарық көрген елорданың 20 жылдық мерейтойына арналған «Бақорда» кітабының таныстырылымы өтті. 

Астанада «Бақорда» кітабы таныстырылды

«Ел газеті «Егемен Қазақстан» да биылғы жылдың ең елеулі оқиғасы Астананың 20 жылдығына үлкен тартумен келіп отыр. Астанаға байланысты көптеген дүниелер жазылып жатыр. Өздеріңіз байқап отырсыздар маусым айының басынан бері қаламыздың мерейтойына тұрақты түрде бірнеше бет  арнап, Астана күніне, Астана айшықтарына байланысты көптеген мақала беріп келеміз», - деді «Егемен Қазақстан» газетінің басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі.

Оның айтуынша, кітапты шығару ісі өткен жылы қолға алынып, Егеменнің тілшілерінің, шолушыларының күшімен шыққан. 

«Бұл бас басылымның елордаға тартуы деп біліңіздер. «Бақорданың» «бақ»-ы бір жағынан бұқаралық ақпарат құралдары дегенді білдіреді. Екіншіден Астана шынымен де біздің бақордамызға айналып отыр», - деді ол.

Елбасы есімімен егіз аталатын елорда өміріне арналған бұл кітап жалпыұлттық республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген әртүрлі жанрдағы мақалалардан құралған.

Басылым тілшілері мұнда «Отанымыздың жүрегі, Тәуелсіздігіміздің тірегі» атанған Астананың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани келбеті төңірегінде ой толғайды.

Кітап таралымы - 1000 дана.