Аймақтар • 30 Маусым, 2018

Жармада қасиетті қара домбыраға еңселі ескерткіш орнатылды

1449 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«Жармада домбыраға еңселі ескерткіш қойылады» дегенді естігенде елең еттік. Елең еттік те нөсерлете жауған жаңбырға қарамастан Қалбатауды бетке алдық. 

Жармада қасиетті қара домбыраға еңселі ескерткіш орнатылды

Аудан орталығындағы бірнеше ескерткіш орын тепкен Достық көшесінің бойына халық көп жиналыпты. Бәрінің көңіл-күйлері көтеріңкі. Ешкімнің зорлығынсыз өз еріктерімен қызығушылықпен, құштарлықпен келгендері аңғарылады. Әлі ашылмаған ескерткіш жанынан Семейдегі Әміре Қашаубаев атындағы филармонияның директоры Адай Азаматовты жолықтырдық. «Домбыра күні жайында не айтасыз», - дедік журналистік әдетімізге салып.

«Жалпы, домбыраның тарихы сақ дәуірінде шертер деген үш ішекті домбырадан басталған. Кейін қобыз пайда болған. Домбыраның қасиеті, ерекшелігі туралы толғасақ, алысқа кетерміз. Бір ғана нәрсені айтайын, Елбасының «Домбыра күні» жөніндегі Жарлығы дер кезінде шықты деп ойлаймын. Неге десеңіз, кейінгі кездері жастар халықтық дәстүрден - домбыра мен қобыздан алшақтап бара жатқандай еді. Жарлық шыққаннан кейін домбыраға қызығушылардың қатары көбейгенін байқадым. «Домбыраны қалай үйренуге болады? Қай жерде мектебі бар?» деп келіп жатқан жастар бар. Қысқасы, «Домбыра күні» қазаққа рух беретін үлкен дүние болайын деп тұр», - деді басынан фэскосын тастамайтын ағамыз.

Мұндайда ауа-райының қолайлы болғаны жақсы ғой. «Жаңбыр жауып кете ме деп алаңдап едік. Міне, күн де шайдай ашылды. Бұл да домбыраның құдіреті шығар. Дегенмен Айдар (аудан әкімінің орынбасары) тездетіп бастап жіберейік». Жан-жақтан келген қонақтарды қарсы алып жүрген Жарма ауданының әкімі Нұрлан Сыдықовтың алаңдаушылығын да түсінгендей болдық.

V ғасырда Алтайда жасалған домбыра

Сөйтіп, көптен күткен іс-шара басталып та кетті. Жарма ауданының тумалары, құрметті қонақтар - Семей қалалық ақындар орталығының жетекшісі Дәмеш Омарбаева мен Алматыдағы М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының абайтану және әдебиет тарихы бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Серікқазы Қорабай ескерткіштің лентасын қиды. Ақ перде ысырылғанда алып еменді жарып шығып, көкке қол созған жеті метрлік алып домбыра жарқ етті.

«Бабамыздың мұңысың сен, домбыра,

Анамыздың сырысың сен, домбыра.

Қазағымның жүрегінен жаралған,

Даламыздың үнісің сен, домбыра».

Тамаша туындының тұғырындағы қазақтың көрнекті ақыны Шөмішбай Сариев ағамыздың сөзі де көзімізге оттай басылған. Иә, биіктігі 7, ені 2 метрлік еңселі ескерткішті семейлік жас мүсінші Нұрбол Қалиев жасап шығыпты. Аз уақыт ішінде.

«Ескерткішке тапсырыс аяқ астынан түсті. Қысқа мерзімнің үшінде 3 нұсқасын дайындадық. Соның ішінде киелі емен ағашын жарып шыққан мүсінге таңдау түсті. Қазақ шежіресін де ағаштың тамырындай етіп таратады. Еменді сондықтан таңдадық», - деді ескерткіш авторы.

Мемлекет басшысының Жарлығымен қабылданған «Ұлттық домбыра күніне» елімізде, облыста ең алғашқылардың бірі болып үн қосқан Жарма ауданының әкімі Нұрлан Сыдықов салтанатты шарада домбыра жайында тереңнен толғап, тебірене сөйледі.

«Біздің заманымыздың V ғасырында жасалған құдыретті қара домбыраның Алтай тауынан табылуы әлемдегі шертпе аспаптардың атасы - қос ішекті домбыра екенін көрсетеді. Кең даланың әсем табиғатынан, көркем келбетінен нәр алған Құрманғазының, Дәулеткерейдің, Тәттімбеттің, Қазанғаптың, Сүгірдің, Динаның, олардың бүгінгі ізбасарларының толғанысынан туған күмбірлеген күйлер жанымызға шуақ сыйлап, ерекше әсерге бөлейді. Ақтамберді сынды әйгілі жыраулардың «Жалаулы найза қолға алып, Жау қашырар ма екенбіз?!» деп домбыраға қосыла айтқан дауылды жырлары аласапыран шақта серіктеріне дем берді.

Киелі домбыра Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Мұхит, Кенен, Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Жәнібек Кәрменов сынды өнер тарландарының әндеріне әр берді, жандарына демеу болды. Сондықтан домбыра – кешегімізді ертеңімізге жалғайтын, ұрпақтар сабақтастығына, рухани құндылықтарымыздың арқауы үзілмеуіне дәнекер болатын баға жетпес мұра. Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында домбыраны насихаттаудың – ұлттық болмысымызды сақтап, ертеңгі ұрпаққа аманат етуде маңызы зор. Бұл ескерткішті қазақ даласынан домбыра үні үзілмесін деген тілекпен орнаттық. Ескерткіш аумағы ұлттық мұрамызды дәріптейтін, өнердің құдіретін ұғынуға ықпал ететін қасиетті орынға айналады деп сенеміз», - деп сөзін түйіндеген аудан басшысы бұл күні Қалба өңірінің бірқатар азаматтарына ел алдында ерекше құрмет көрсетті.

Тағылымды шараға Алматыдан арнайы келген ғалым, зерттеуші Серікқазы Қорабайды «Жарма ауданына сіңірген ерекше еңбегі үшін» медалімен марапаттап, «Жарма ауданының Құрметті азаматы» атағын табыс етті. Сонымен қатар жоғарыда аталған медаль бұл күні ақын Дәметкен Омарбаева, аудандық ақындар сыныбының жетекшісі Жұмабақыт Рахметова, облыстық «Рухани жаңғыру» кеңселік жобасының жетекшісі Мәдениет Медеуханқызы мен мүсінші Нұрбол Қалиевке тапсырылды.

Ұлттық аспабымыз жеке пән ретінде мектеп бағдарламасына енгізіле ме?

Ұлттық аспабымызды ұлықтаған шараға Астанадан ат арытып келген танымал жас күйші Айбек Бекбосынов ескерткіштің ашылу салтанатында өзінің «Елбасы толғауы» атты авторлық күйін күмбірлетті. Аудан әкімі Елорда төрінен жеткен өнерпазға да қошемет көрсетіп, шапан жауып, ат мінгізді. Жас күйшіні сөзге тартқанымызда ескеруге тұрарлық жақсы ұсыныс айтты.

«Домбыра күні менің білуімде қазақтың күні деуге болады. Өйткені, қазақ пен домбыра бір ұғым. Бұл күн тек домбырашылардың, өнер адамдарының күні емес, барша қазақтың күні, мерекесі деп білемін. Алдағы уақытта бас қаламыз - Астанамызда күй мектебін ашсақ нұр үстіне нұр болар еді. Мектепке математика, қазақ тілі пәндері секілді күй пәні енгізілсе тіпті тамаша болар еді. Ұлттық өнеріміз одан әрі асқақтай түсер еді», - дейді өнерпаз. Қасиетті Қалба өңірінің тумасы, ғалым Серікқазы Қорабай Жарма топырағында домбыраға ерекше ескерткіш қойылуы заңды екендігін айтады. «Өйткені, Жарма – ақындар мен батырлардың елі. Атақты жырау, қолбасшы Ақтамберді бабамыз осында жатыр. Ақтамберді бабамыз тек қана қарумен, найзамен емес, домбырамен өзінің құдіретті жырлары арқылы жауына сес көрсеткен. Апатай жазығында қазақтың атақты биі, ділмәр шешені, дипломат Ақтайлақ би өмір сүріп, өзінің үлкен ақындық мектебін қалыптастырған еді. Сол ақындық мектептің басшысы Сыбаннан шыққан атақты 17 ақынды бастап айтыс өнерімен бүкіл қазақ даласына танылған Түбек Байқошарұлы еді. Бұл туралы кезінде Мұхтар Әуезов тамсана жазған болатын. 17 ақынның жалғасы ретінде Абайдың талантты шәкірттерінің бірі Әріп Тәңірбергенұлы өзінің өнерімен, талантымен қазақ поэзиясында үлкен із қалдырды. Кезінде атақты әнші Әміре Париж төрінде Абай ауданында өмір сүрген Ағашаяқ – Берікбол Көпенұлының әндерін әуелетіп, бүкіл әлемге танытқан еді. Алайда ол кісінің ұстазы, Жарма өңірінен шығып, өзінің әншілігімен, ақындығымен, цирктік өнерді бойына сіңірген қабілетімен елге танылып, домбыраның құдіретін халқына паш еткен үлкен Ағашаяқ – Назаролла Жүндібайұлын бүгінде көп адам біле бермейді. Соғыс жылдары Нұрғали Тұңғатаров, Рамазан Қазанғапұлы, кейін Сапарғали Әлімбетов, Қалихан Алтынбаевтар өнер туын биік ұстай білді. Соғыстан соң домбыра дәстүрі өзінің жалғасын тауып, бұрынғы Скотовод, қазіргі Жарық ауылында білікті басшы Күніслам Құсажановтың бастауымен халықтық ұлт аспаптар оркестрі құрылып, үлкен өнер майталманы, талантты композитор Уәли Айдаболов сол оркестрге жетекшілік еткен еді. Сол халық аспаптар оркестрі Жарманың өнерін КСРО халқына паш етті. Тәуелсіздік кезінде өнер шеруінің жібі үзілмей, соңғы 20 жыл уақыт бойы білікті басшы, өнер жанашыры Аманжол Дауытовтың басшылығымен ауданда бірнеше өнер ұжымдары қанат қағып, өздерінің таланттарымен өңірді бүкіл республикаға танытып жүр», - дейді ғалым. Бұл күні Қалбатау жұрты рухты көтеретін еңселі ескерткіштің ашылуына ғана куә болған жоқ, Семей, Көкпекті және Жарма аудандарының күйшілерінің өнерін тамашалады. «Нағыз қазақ домбыра» атты 1 аймақтық күй-тартыс фестивалі белгілі күйші Айбек Бекбосыновтың «Елбасы толғауы», «Мәңгілік» атты авторлық күйлерін орындаудан басталды. Семей қаласындағы Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясының жанындағы «Бибігүл» халық аспаптар оркестрі, Жарма ауданының «Кәусар» халық ұлт-аспаптар оркестрі мен Көкпекті ауданының «Толағай сазы» фольклорлық ансамблінің өнерпаздары орталық алаңға тігілген шатыр астында жиналған жұртқа естен кетпес ерекше кеш сыйлады.

Азамат ҚАСЫМ,

"Егемен Қазақстан"

Шығыс Қазақстан облысы,

Жарма ауданы,

Қалбатау ауылы