Қазақстан • 02 Шілде, 2018

Астана шежіресі. 2006 жыл

703 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бұл жылдың басты жаңалығы – қаңтар айында республиканың жаңа Әнұраны қабылданды. Оған сазгер Ш.Қалдаяқовтың 1950 жылдары жазылған «Менің Қазақстаным» әні алынды. Сондай-ақ тәуелсіздіктің 15-ші жылында елдегі тұрақтылық пен ұлтаралық, дінаралық татулық келісім тауып, экономикалық тұрғыдан 2000 жылмен салыстырғанда ІЖӨ екі есе артты. Осы жылы шекара мәселесі толық шешімін тауып, халықаралық құжаттармен бекітілді. Саяси саналуандық пен парламенттегі көппартиялық, тәуелсіз сот жүйесі, омбудсмен, алқа билер сот инс­титуты қалыптасты. Сонымен қатар академик Ахмет Жұбановтың 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде атап өтілді. 

Астана шежіресі. 2006 жыл

Суретті түсірген Ерлан ОМАР

2006 жыл

11 қаңтар  – 2005 жылдың 4 желтоқсанында өткен президент сайлауында 91 пайыз дауыспен жеңіске жеткен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау рәсімі Астана қаласында өтті. Инаугурация салтанатына: Ресей президенті В.Путин, Хорватия президенті С.Месич, Өзбекстан президенті И.Каримов, Украина президенті В.Ющенко, Ауғанстан президенті Х.Карзай, Тәжікстан президенті Э.Рахмон, Грузия президенті М.Саакашвили, Қырғызстан президенті Қ.Бакиев, Татарстан президенті М.Шаймиев, Башқұртстан президенті М.Рахимов қатысты.

18 қаңтар – елордағы Конгресс-холда әйгілі әнші Е.Серкебаев, Р.Бағланова бастаған ән алыптарының үні топтастырылған «Алтын дауыстар» эксклюзивті компакт-дискісінің тұсауы кесілді.

20 қаңтар – бас қалада «Астана сәулеті мен құрылысының философиясы» атты халық­аралық форум басталды. Шараға қатысу­шылар ағылшын архитекторы Н.Фостердің жобасымен салынып жатқан Бейбітшілік және келісім сарайы құрылысымен танысты.

30 қаңтар – Елбасы «Астанабасжоспар» мекеме­сіне барып, алда салынуы тиіс халықара­лық Назарбаев Университеті, жабық коньки спорт орталығы («Алау») мен 30 мың орындық («Астана Арена») футбол стадионының жобасымен танысып, өз ескертпелерін айтты.

21 ақпан – Астанадағы Ұлттық кітапхана ғимаратында «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының басшылары баспасөз өкілдері алдында есеп берді. АЭА құрылғаннан бері онымен салалас 660 кәсіпорын тіркеуге алынып, қаладағы құрылыс жұмыстарына 193,9 млрд теңге жұмсалыпты. Нәтижесінде, ірі-ірі 62 нысан уақтылы пайда­лануға берілген.

22 ақпан – Астанада Еуразиялық іскер әйелдердің саммиті өтті. Оған Ресей, АҚШ, Нор­вегия, Германия, Испания, Оңтүстік Ко­рея, Оңтүстік Африка сынды 20 елде белсен­ділік танытып жүрген басшы ханымдар қатысты.

17 наурыз – «Қазақстан-2030» стратегия­сы негізінде «Астана қаласын 2030 жылға дейін орнықты дамыту» туралы Президент Жарлығы шықты.

17 cәуір – Астана әкімі Өмірзақ Шөкеев Оңтүстік Корея астанасы Сеулге ресми сапармен барып, қала мэрі Ли Менг Бакпен кездесіп, бауырлас қалалар меморандумына қол қойды.

16 мамыр – Конгресс-холда «Асқақта, Астана» рес­публикалық ақындар айтысы өтті. Бас жүлде ақын Аманжол Әлтаевқа бұйырып, ол қала әкімінің жүлдесі – «Волга» автокөлігіне ие болды.

4 шілде – Астана күні қарсаңында қала әкімі Ө.Шөкеев жас отбасылар мен мемле­кеттік қызметкер және әлеуметтік сала мамандары санатына жататын отбасыларға пәтер кілтін табыстады.

1 қыркүйек – елорданың көркі Бейбітшілік және келісім сарайы салтанатты түрде ашылды. Көрікті ғимарат еліміздегі этносаралық татулық мен конфессияаралық келісімнің символы ретінде танылды.

8 қыркүйек – сол жағалаудағы Дос­тық шағын ауданында жедел жәрдем станс­а­сы іске қосылып, 35 бригада жұмысқа кірісті.

12 қыркүйек – елордада Әлемдік және дәс­түр­лі діндер көшбасшыларының ІІ съезі басталды.

21 қыркүйек – бас қалада тұңғыш рет «Театр әлемі» фестивалі басталды. Оған Астана мен Алматы және облыс театрларымен қатар, Санкт-Петербургтен «Фонтанкадағы» жастар театры, Мәскеуден Н.В.Гоголь атын­дағы драма театры, Башқұртстаннан М.Кәрім атындағы Ұлттық жастар театры және т.б. шетелдік труппалар қатысты.

23 қыркүйек – Астана қаласы әкімі қызметіне Асқар Мамин тағайындалды.

3 қазан – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Испанияда өткен «Вуэльта» көп­күн­дік веложарысының жеңімпазы, «Аста­на» командасының капитаны Александр Винокуровты қабылдап, ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.

9 желтоқсан – Бейбітшілік және келісім сарайын­да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Хан Шатыр» сауда орталығы мен Бурабай шаң­ғы курорт-қоры­ғының инвестициялық жобалары таныстырылды.

13 желтоқсан – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сол жағалауындағы Министрліктер үйімен іргелес орналасқан «Қазына Тауэр» ғимаратының тұсаукесер рәсіміне қатысты.

13 желтоқсан – Нұрсұлтан Назарбаев түріктің «Байтур Иншаат Теахют» компания­сы салып шыққан 260 орындық акушерлік-гинеко­логия­лық және 240 орындық педиатр­лық блогы бар Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығына барып, құрылыс нысанымен танысып шықты.

Дайындаған Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар