Қазақстан • 02 Шілде, 2018

Ақмола бізді жаймашуақ күнімен қарсы алды

541 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Біз бала кезімізде сағым қуып өстік. Ол да анда-санда бір көрініп, алыстап жоқ болып кететін. Соңынан бір топ бала айғайлап жүгіріп, улап-шулап, көргенімізге мәз болатынбыз. Сағымның ішінен биік үйлер, алып шаһар көретін едік. Құдайдың құдыреті, қазір Астана келбетін көрген сайын сол сағым ортасынан байқайтын, қызылды-жасылды жарқырап көрінетін алып шаһар есіме түседі. Қызықты қараңыз, бұл күні мен сол сағымды кездестіре алмай жүрмін. Әйтпесе, сол дала, сол жол, сол ел. Адамдарға болашақты көрсететін сағымның жоғалуының сыры неде? Меніңше, біз көрген сол сағым Астана бейнесінде ақиқатқа айналды. Қала шындыққа айналып, сағым жоғалды.

Ақмола бізді жаймашуақ күнімен қарсы алды

Бабаларымыз уайым еткен ал­мағайып заманды бастан өткердік, ашар­шылық кезеңінде қазақтың тең жартысы қырылды, қасіретке толы ХХ ғасырды бастан өткеріп, тарих­тың ақтаңдақ беттері жабылды. Қиын­шылық болады деп айтылған осы жылдар сақ ұрпағының, яғни еліміз­дің егемендік алуымен аяқталды. Енді қайғыратын өмір қазақ басына кел­мейді. Оған елдің жүрегінің заңды орнына көшуі, санамыз жаңғырып, батыс пен шығыс арасына алтын көпір болып отырғаны айқын дәлел. Астанамыздың Ақмолаға ауысуы тұтас елдің дамуына жаңаша сипат беріп, осы жылдар бойы сана жаңғыруының өзегіне айналды.

Біз мұсылман тәрбиесін алып ер­жеттік. Ол кезде ақсақалдарымыз, қария­ларымыз жиі бас қосып, шежіре таратып, елдіктің әңгімесін көтере­тін ұзақ әңгімелерге кететін. Жас бала болсақ та, солардың ертек секілді әңгімелерін жандарына жантайып жатып, қызыға тыңдап, ұйықтамастан таңды-таңға атыратынбыз. Міне, қазір біз сол қариялардың жасына келдік. Астанада өткізіліп жатқан халықаралық деңгейдегі іс-шараларда әлемге қатысты шешімдерге қол қойылып, Қазақстанға бүкіл қоғамдастық құрметпен қарай­тын­ын көргенде, орындалмастай көрі­нетін бастамалардың шындыққа айналып жатқанын түсінгенде сол ақсақалдарымыз айтып отыратын әңгімелердің негізі бар екеніне көзім анық жетті. Өйткені сол ертегілер ақиқатқа айналып жатыр.

Басында астана көшін Арқаға, ел жүрегіне бұру туралы ой бәріне тың көрінген еді. Бірі қолдап, бірі қарсылық танытты. Оған себеп те жоқ емес. Өйткені бұл жылдар нарықтық экономика қазақтың қос бүйірінен қысып, ел тұрмысы төмендеген жылдар болатын. Сандықтың түбі көрініп, тек тәуел­сіздіктің тәтті эйфориясында жүр­ген сол уақытта орданы көшіру туралы ауқымды жобаны бастау артық секілді көрінген болар. Әйтсе де көптеген қиындықтарға қарамастан Елбасы жаңа астана салу туралы ойынан бір айнымай, табандылық көрсетіп, Астана қаласының ауысуы туралы насихатты үзбей, артына ерген қалың елін көндірді.

Нәтижесінде мемлекеттік деңгейдегі осы стратегиялық шешім геосаясат жағынан да, экономикалық тұрғыдан да Нұрсұлтан Әбішұлының көзқарасының кеңдігін танытқан шешімдерінің біре­гейіне айналғанына көзіміз жет­кеніне 20 жылдан асты.

Елді басқарып отырған зиялы азаматтар қауымы әуел бастан-ақ астананы Ақмолаға ауыстыру жөніндегі жоспардың түпкі мақсатын өте жақсы түсінді. Ел ісіндегі мақсат үндестігі деген осы болса керек, атқа мінген басшы­мызды бірауыздан қостап, бұл идея­ны бодандықтан кейінгі жаңғырудың, ата-бабалар аманатын орындаудың қозғаушы күші ретінде баяндап насихаттай жүрдік. Елбасы бастап, артына ерген қалың елі қостаған сол тарихи таңдаудың бүгінде шын мәнінде ұлттық идеямызға, қазақтың әлемдік брендіне айналғанына жыл өткен сайын көзіміз жете түсуде. Есімде, бұл жоспар 1993-1994 жылдардан бастап қоғам талқысына түсе бастады. Басылым беттерінде, басқосуларда, Парламенттің қос палатасында қызу таластар жүрді. Бүгінгі күн белесінен асқан асуымызға көз тастасам, егемен елдің келешегін жаңа астанадан бастау туралы бастаманың ешкімнің ойына келмегені, тәуелсіздіктің елең-алаңында Елбасының өзі ұсынуы оның бәрімізден бірнеше қадам алда жүретіндігі, кемеңгерлігінің көрінісі болғанын мойындауға тура келеді.

Қазақта да әлем елдеріндегі сияқты талай астана ауысқан. Сол көштің соңы Арқа төсіндегі ару Астанаға кеп тоқтағалы да біраз жыл өтіпті. 20 жыл бойы сәулеті артқан жас қала тарихта өзінен бұрын өткен ордалардың сән-салтанатын алды. Ұшқан бағын қондырып, солардың ізіне түсті, қалыптасты, бұғанасы бекіді. Әр көштің өзіне лайықты ауыртпалығы болды десек те, сол 20 жыл бұрынғы көштің арқалаған жүгі ауыр болғанын айтпай кету мүмкін емес. Күні кешегідей есімде, ару Алматыны қимай қоштаса артта қалдырып, бабалар аманаты мен келешектің талабын ұштастырған үмітті арқалап ел рәміздерін алып ұшқан ұшақтың сол келісі бәрімізге құтты болды. Елдігімізді түгендеп, ұлттың бірлігін қуаттандырамыз деп ұшқан сол көшті ойласам әлі күнге көңілім толқиды.

Астана туралы ойды тереңірек өрбітер болсақ, қазақ мемлекеттілігі туралы айтпасқа болмас. Оның тамыры қатпарлы тарих қойнауына кетеді. Олардың бірқатарына тоқтала кетсек. 511 жылы Византия императоры Юстин ІІ патша сақ даласына дала заңы бо­йынша ресми сапармен қызметшілерін жібереді. Делегация құрамында болған Менандр Протектор есімді тарихшының айтуынша, сол кездің өзінде түркі қағанатында ондаған қалалар болған екен. Ал 630 жылы Қытай саяхатшысы Сюань-Цзань да Шу мен Талас өзендерінің арасында оннан аса қалалар болғанын нақтылайды. Араб географы Ибн Хаукаль «Худут Аль-Адам» атты кітабында өзінің бұл аумақты қалай аралағанын, елде 25-тен аса қала мен орталықтар болғанын суреттейді. Қазіргі кезде еліміздегі белгілі қалалардың ішіндегі ескі астаналардың бірі – Тараз. Земарх пен Менандр жазып қалдырған көне қолжазбаларда Естемес қағанның Юстин патша жіберген делегациясын ел астанасы осы Тараз қаласында қарсы алғандығы туралы мәлімет бар. Қаған елшілерді Мыңбұлақтағы жаз жайлауында үш күн күткен екен. Олар әрқайсысы атшаптырым жерді алып жатқан үш шатырдың сәулеті бірінен-бірі асқанын жазып кетеді. «Өркениеттің бәрі Византияда деп жүрсек, мұндағы алтын құстар мен алтын ағаштар, асқан өнер мен руханият ордасы осы ел екен. Бізден де озған керемет ел бар екен» деп таңғала жазады. Мұның бәрі жаңа Астанамыздың өшпес тарихи түбінің бар екенін, бабалар тектілігінің, мемлекеттілігіміздің мәңгілік дәлелдері.

Кеңес дәуірінде жаңсақ көшірілген тарихи кітаптарда сақ-ғұн заманындағы қазақ астаналары деп әдейі құм-шөл жақтарды жазып қалдырған. Бұл сананы шаюдың бір әдісі. Себебі қазақтың қай астанасын алып қарасақ та, олар орналасқан аймақтарды зерделесек, хан ордаларының ең күйлі, шырайлы, сыйлы, әдемі жерлерде болғанын көреміз. Кеңес дәуірінде тарихи қолжазбалар түпнұс­қадан шала аударылып, қазақ­тар­дың қолындағы араб тілінде жазылған кітаптар Құран деп тартылып алынды. Осылай талай тарихымыз құмға сіңген судай жоғалды. Өзекті өртейтін өкініш, әрине. Дегенмен, олардың іздері Еуро­па­дан, араб тарихшылары жазбаларынан, қытай жылнамаларынан табылуда.

Сол тарихи деректерден бұрынғы астанамыз Алматы Ұлы таудың етегінде орналасқан қала екенін білеміз. Бұл тау кезінде Тәңірі тау деп аталған. Шыңының аты Хантәңірі. Сондай-ақ қазіргі Алматы мен Есік қаласының арасында төрт астана орналасқаны туралы деректер қалған. Заманында екі алтын орда сол жерді мекен етті.

Осындай терең тарихи тамыры бар қазақ мемлекеті 150 жылдық бодандық пен қазақ халқының басынан өткен бақ тайған, қиыншылық көрген кезең­дерден есін жиып, етегін жапқан тұста ел тізгінін қолға алған Президент Н.Назарбаев бабалар тарихына бас ие отырып, қазақтың мемлекеттілігін қалпына келтіріп, өрлетуге өлшеусіз үлес қосты. Сол баяғы Еуропаны үш рет алған, әлемнің төрттен біріне әмірін жүргізген текті бабаларымыз секілді мемлекетті түлетіп, әлем санасатындай жағдайға жеткізді. Білек күшімен емес, білімімен, кемеңгерлігімен алды. Бүгінгі күннің белесінен қарасам, Елбасының шешімінде Қазақстанның жаңа астана салуы емес, керісінше Астананың жаңа Қазақстанды құрудағы рөлі басым түскен сияқты көрінеді.

Осы орайда айта кетер жайт, тари­хының беті елдік пен бірліктің көшірмесі болған қазақтың бүгінгі күні көшпелі халықтың ұрпағымыз, «номадпыз» деп мақтанышпен айтуы жиілеп, сәнге еніп барады. Бұл априори дұрыс нәрсе емес. Байлап қойған дүние еместігін еске салып, одан бас тартатын уақыт жеткендігін айтқым келеді.

Ілгері замандағы бабаларымыз орданы кемеңгерлікпен таңдады. Арқасын тауға беріп, сыртымыздан жау шаппасын деп, келсе бетпе-бет алдымыздан келсін деп астананы Тәңірі тау етегінен салғаны содан болуы керек. Алайда заман өзгерді. Заман алмасқан кезде техниканың алмайтын, дұшпанның қолы жетпейтін жері қалмады. Ал біздің кең даланың бір шеті алыс қалды. Оған көз алартып отырғандар жеткілікті. Қандай заман болады, олар күшейсе жерімізге талас туа ма деген ой болды. Міне, осыларды сараптай келе Президент те бабаларымыз секілді кемеңгерлігін көрсетті. Бұл шешімді жарияламас бұрын Елбасы көптеген ел ағаларымен ақылдасты. Солардың қатарында менімен де оңашада ой бөлісті. Оның елге ие болу керектігі туралы пікірін мақұлдап, мақсатымыздың не екенін түсініп, астананы көшіру идеясын бірден қолдадым. Жоғарыда айтып өткенімдей, бұл кезең елдегі қаржылық жағдайдың мүшкіл уақыты. Халықта ақша болмай, нарықтық экономика қыспағына түскен, торық­қан сын сағаты еді. Сондықтан ешкім бірден қолдай кеткен жоқ. Тіпті қарсы болып, жылы орыннан жылжуға ыңғай білдірмеді. Бұл орайда Елбасы алдымен халықпен кеңесу үшін баспасөзге астананы көшірудің астарын, оның жағымды тұстарын сараптап, стратегиялық жоба ретінде жариялады. Осылайша, насихат жұмыстары арқылы үлкен жобаның толғағын бір пісіріп алды.

 Басылым беттерінде үлкен тартыстар жүріп, ақыры көшті қамдау керектігі білінді. Халқының қолдауын сезінген Елбасы мені Ақмоланы бай­қап қайтуға жіберді. Мен бұл кезде Парламент Сенатының Төрағасы қызметінде едім. Кесімді ойды айтқанға дейін Ақмола өңірінде болмағандық­тан, Астана көші Арқаға ауатыны белгілі болған соң, арнайы сапарлап кел­дім. Сонда байқағаным, егер Астана жаңадан салынатындай болса, ескі ғимараттарын бұзуға обал болатындай ештеңе көрмедім. Белуарынан жерге кірген ескі үйлер, сырып тастап жаңа қала тұрғызуға әбден келеді екен. Ақмоланы зерттеп, ондағы тіршіліктің жай-жапсарын білген соң, Елбасы қабылдауына қайта кірдім. Сол жолы Парламенттің келісімін тезірек алып, жедел түрде көшуіміз керектігін жеткізіп, бұдан әрі күтудің еш мәні жоқтығын айттым. Сондағы ойым, далада киіз үйде тұрсақ та тездетіп барып, мұнда түскен қазақтың еңсесін көтерейік деген ой еді. Біз барғаннан кейін де дүние өзгерер. Шынында солай болды. Жарты жылдан кейін көшеден еркін күлген қазақтың дауысын естіп, тәубе дедік.

Көштің басын атқарушы органдар, министрлік қызметкерлері пойызбен бастады. Содан соң Парламент депутаттары көшті. Одан кейін Президент елді басқарып отырған бір топ азаматтармен бірге арнайы ұшақпен ұшуға дайындалды. Президентпен бірге мемлекеттік рәміздер, елдің нышандары бірге ұшатын болды. Елбасы Астанаға шығарып салуға, ақ жол тілеуге келген халықпен қоштасу әңгімесін өткізді. Көзге жас келіп, толқынысты күй кештік. Елдің абыз ақсақалы, Халық жазушысы Зейнолла Қабдолов жиналғандарға бабалар дәстүрімен жол батасын берді. Содан кейін көлікке беттедік. Беттемес бұрын мен ішімнен екі алтын ордаға мекен болған биік, асқар Алатауға – Тәңірі тауға қарап тұрып, кешірім сұрап: «О, биік Тәңірі тау! Сенің қасыңнан мен­сінбей кетіп бара жатқан жоқпыз. Елдің келешегі үшін осы іске бел будық. Бізге ұлықсат бер», деп басымды бір идім.

Мың жарым жылдан астам тарихы бар, қорғандарда жатқан 150-ден астам пат­шалар аруағынан: «Кешіріңіздер, сіз­дерді тастап кетіп бара жатқан жоқ­пыз, қазіргі заманда жиі боламыз. Бірақ елдің келешегі үшін осылай ету керек болып тұр. Ақ жол тілеңіздер бізге», деп оларға бір бас идім. Көшімізге ақ жол тілеген халыққа қарап, олардан бір кешірім сұрадым. «Бізді тастап кетіп бара жатыр демеңдер, бұл елдің қамы», деп үшінші рет халыққа бас иіп, ұшаққа отырдық. Осылайша көк жүзін тілгілеген алып ұшақпен елдің елдігін білдіретін нышандарымен бірге жаңа Астанаға келіп қондық. Ақмола бізді жаймашуақ ашық күнімен, самал желімен қош келдіңіздер дегендей, маңдайымыздан өпкен таза лебімен қарсы алды. Сөйтіп Арқаның төсінде жаңа өмір басталды. Дұшпан күйініп, дос сүйінетіндей іс болды. Ендігі жерде «Алла осыған шүкір, осыны көп көре көрме», деп жалбарынайық. Болмағанды болды демейік, толмағанды тол­ды демейік. Жердің жүрегінде ор­на­ласқан қазақтың қасиетті жеріне Алланың көзі түзу болғай!

Өмірбек БАЙГЕЛДИ,

Мемлекет және қоғам қайраткері