Өнер • 02 Шілде, 2018

Рух мейрамы

477 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

 

Қазақ пен домбыра егіз, бөлінбейтін біртұтас ұғымға айналып кеткелі қашан. Төріне шығарып, қастерлеп келген сол қасиетті қара домбыраның бүгін, міне, ұлттық деңгейде ұлықталуы, тойлануы – шын мәніндегі өнердің үлкен оқиғасы, мұқым қазақ болып сүйіншілейтін айтулы жаңалық.

Рух мейрамы

Домбыра – қазақтың жа­ны. Елбасымыздың тікелей қол­дауымен қолға алынған бұл мерекенің тек өнер адамдары, дом­бырашылар қауымы үшін ғана емес, өскелең ұрпақты ұлт­жан­дылыққа, ұлттық рух биі­гінде тәрбиелеуде айтарлықтай мәні зор. Домбыра күнінің бү­кіл­халықтық мейрам болып бекітілуі – біріншіден, ұлттық ас­­па­бымыздың дәрежесін биік­тетті, екіншіден, мәдени құн­дылықтарымызды ұлықтап, өзі­міздің тілімізді, өнерімізді, музы­камызды, әдебиетімізді сақ­тап қалу жолында да заманауи, жаңашыл, жалпыұлттық сипат қалыптастырды. Сондықтан да бұл мейрамды рух мейрамы деп атаса да артық емес, меніңше.

Егер ұлттық аспабымыздың тарихына үңілетін болсақ, 1957 жылы Сейілхан Асанов, Нұр­ғиса Тілендиевтей біртуар та­ланттардың бастамасымен Аты­рауда 500 адамның құралған ор­кес­тр болатын. Сол кез­дің өзінде-ақ өнер оқиғасына айналған айтулы шара кейін 2010 жылы жалғасын тауып, 650 адамнан құралған өнерпаздар тобы «Исатай-Махамбет» алаңын қа­сиетті домбыра шанағынан төгілген күмбірлі күйдің думанына бөледі. Тыңдарман көңілінен шыққан бұл бастама 2013 жылы Атырау стадионында 1000 адам­дық өнер көрсетуге ұласып, Қа­зақстан бойынша Гиннестің рекордтар кітабына енген.

Ал кешегі Астананың «Қазақ елі» алаңында өткен 2000-нан аса домбырашылар құ­рамының жалпы орындауында өнер көрсетуі – ұлттық өнеріміздің жанашырлары – тыңдармандар үшін естен кетпес әсерімен әр­қай­сысының көңіл түкпіріне бе­рік бекігені сөзсіз. Бұл – дом­бы­ра тарихында тұңғыш рет осын­шалықты көп адамның қаты­суы­мен жүзеге асып отырған ұлт­тық музыкамыздың айтулы оқиғасы.

Ұлттық домбыра күні – шын мәніндегі ұлттық өнеріміздің ұлы мейрамы, елордамыздың 20 жылдық мерейтойына жасалған тамаша тарту. Кеше барлығымыз куә болғандай, тек домбыра тар­тып, күй тыңдап қоймай, тың­дарман қауым, сондай-ақ Құрманғазы Сағырбайұлы, Дина Нұрпейісова, Ахмет Жұ­банов бастаған күй өнері май­талмандарының саусақ табы ти­ген аспаптарын көзбен кө­ріп, шеберлердің домбыра, ұлт­тық әшекей бұйымдарын жасау барысымен де танысты. Мұ­ның да өскелең ұрпақтың өз ұл­тының тарихы мен тамырын, мәдениетін жетік біліп ержетуіне, тәрбиеленуіне берер тағылымы мол. Мені жастардың ұлттық өнерімізге, домбыраға деген қызығушылығы тәнті етті.

Кездейсоқтық па білмедім, көп уақыттан бері жүзеге асырсам деп жүрген жобаларымның бірі дәл осы жылы шешімін тауып, қыркүйек айында күй атасы Құрманғазы Сағыр­байұлының мерейтойына орай «Саз пернелі Сарайшық» деген атаумен халық­аралық күй фестивалі өткі­зіледі деп бекітілген болатын. Қазір соған қызу дайындық жүргізіліп жатыр. Міне, жүрек түкпірінде ұзақ жылдар бойы аялап келген арма­нымның Ұлттық домбыра мейрамымен, Астанамыздың 20 жылдық ме­рейтойымен тұспа-тұс келуін өзім­нің тарапымнан еліміздегі айтулы оқиғаларға жаса­ған тартуы­м деп білемін. Өз­деріңіз білетіндей, елімізде бұ­ған дейін халықаралық дең­гейде күй фестивалі өтіп көрген емес. Сол олқылықтың орнын толтыруды және ұлттық өнерімізді тек ел арасында емес, әлемдік кеңістікте танытуды мақсат тұт­қандықтан, қиын да болса осы жобаны жүзеге асыруға тәуе­кел еткен едім. Елбасының Жар­лығымен бекітілген Ұлттық дом­быра күні мейрамы ішімдегі сол қорқынышым мен күдігімді сейілтіп, арманымды ақиқатқа айналдыра алатыныма үлкен сенім сыйлады. Жалпы, домбырада қазақтың қалпы, күйде ұлтымыздың барлық болмысы, табиғаты, танымы, сенімі мен сезімі жатыр. Күйге тілдің де, аударманың да қажеті жоқ. Күй – жүректі пенденің барлығына ортақ тіл, ортақ ләззат. Сон­дық­тан да күй – қазақты ғаламға та­нытудың баламасы жоқ байлығы.

Айгүл ҮЛКЕНБАЕВА,

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, күйші-композитор