Өнер • 02 Шілде, 2018

Даланың рухы мен бабаның ғұрпын бедерлеген шебер

871 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақы болмыстың қайнарынан қанып ішкен әр шаңырақтың төрінде ілулі тұратын домбыра ұлттық мұрамызды ұлықтаған құрал ғана емес, ұлтымыздың жаны дерсің. Бабаның көзіндей, қазақтың өзіндей болған қастерлі аспаптың қадір-қасиетін құрандай құрметтеп, құлжадай қадірлеген халқымыз домбырасы жоқ үйді мұрасы жоқ үйге теңеуі тегін емес. Ғасырлар бедерінде қатталған даланың рухы мен бабаның ғұрпын бүгінге жеткізген аңыз аспаптың тамыры тым тереңде жатыр. Әр домбыраның өзіне тән үні болады десек, сол үнді асқақтататын да, аспандататын да нағыз шебердің қайталанбас қолтаңбасы. Жиырма бес жылдан бері осы мақсатты мұрат тұтқан алматылық шебер Ердос Рақымбековтің шағын шеберханасына бас сұғып, серпер өнердің сырына бойлағандай болдық.

Даланың рухы мен бабаның ғұрпын бедерлеген шебер

Түрлі аспаптарға лық толы шеберхана іші көз қарықтырады. Сүйікті ісіне білек сыбана кіріс­кен өнер иесінің елорда тө­рінде өтетін Ұлттық домбыра күніне шеберлік сабағын өт­кізуге әзірленіп жатқан беті бол­са керек. Қыз-қыз қайнаған қы­зу жұмысты кілт тоқтатып, бізбен тілдесуге уақыт тапты. Кейіпкеріміз осыдан жиыр­ма бес жыл бұрын алғаш домбыра жасауға талаптанған тұста белгілі күйші Сейілхан Құсайынов: «Балам, сен домбыра жасайтын болсаң алдымен оны өзің тартып үйрен. Жақсы шебер болуың үшін домбыраны жақсы тартып, дыбысын бүкіл жан дүниеңмен, бар болмысыңмен се­зінуің керек», деген өсиет ай­тыпты. Ердос Рақымбеков осы ойды оң айтылған кеңес деп қабылдап, оны орындаған күннен бастап ісі өрге жүзгенін айтады. Расында да жұмыстың жүйесін ғана біліп, киелі өнердің киесін ұғынбасаң, ұлттық мұра­ның рухын сезінбесең, сапалы дүние сомдап шығам деу бекершілік. Бұл қай салаға да тән бұлжымас қағида. Өрелі өнердің қасиетін алдымен өз өне бойынан өткізіп алған қолданбалы өнер шеберінің қолтаңбасынан күні бүгінге дейін, таза кәсіби деңгейдегі 2000-нан аса домбыра дүниеге келіпті.

Жақсы домбыра жасау ең алдымен материалды дұрыс таңдаудан басталатынын айт­қан машықты маман өзіндік құпиясымен бөлісті: «Қазір қан­дай ағаштан жасағың келсе де, барлығы қолжетімді. Көбіне жергілікті ағаштардан жасаймын, ал қымбат домбыраларды жасауда үйеңкі, африканың қарағашы, полисандр, жаңғақ, қызыл ағаштың түрлері сияқты шетелдерде өсетін ағаш­тарды пайдаланамын. Әлемдегі ең бағалы аспаптардың бірі сана­латын скрипкалардың негізгі материалы үйеңкі. Ал мойын ағашының беткі бөлігі Афр­иканың қарағашынан салынады. Себебі қарағаш оңайлықпен желінбейтін, тозбайтын өте берік ағаш. Кейінгі кездегі жұ­мыстарым осы қымбат ағаш­тардан жасалып жүр. Деген­мен мұндай материалдан да­йындалған домбыраға қара­пайым адамдардың қолы жете бермейді. Ағашты таңдаған кезде беріктігіне ғана емес, өң-түсіне, табиғи суретіне (тексту­расына), әдемілігіне аса мән бе­ремін», дейді ол.

Шебердің сөзінше, ағаш таңдаудан кейінгі жұмыс кезеңі былайша өрбиді. Алдымен аспапқа негізгі дыбыс беруші бет ағашы дайындалады. Бұл ағаш ұзақ жылдар кептірілген Тянь-Шань шыршасы болғаны абзал. Оны қалай таңдасаң, домбыраның дыбысы да солай сөйлейді. Келесі кезекте шанағы, одан кейін аспаптың мойны. Домбырашы шебер ұс­тазы айтқан тағы бір сөзді жадынан шығарған емес: «Ұстазым домбыра тартқан кезде аспаптың мойын бөлігіне 3 килоға де­йін салмақ түсетінін ұдайы айтып отыратын. Сол үшін аспаптардың мойны үш қабат ағаштан жасалады. Төртінші – домбыраның басы. Бесінші – мойынның беткі бөлігі. Құлағы үнемі түзетілетін болғандықтан, ал мойынның беткі бөлігіне пернелер байланатындықтан, осы бөліктер қатты ағаштан дайын­далады. Қалғаны көркемдеу жұмыстары. Алдымен жобасын сы­зып, күміспен, бағалы тас­тармен, сүйекпен әспеттейміз. Желімдердің дұрыс қолданылуы, сыр­лау әдістерінің дұрыс жасалуы сияқты аспаптың барлық жа­салу технологиясы сақталуы шарт».

Ата кәсіптің арнасын тапқан кәнігі шебер өз шеберханасында кәдімгі домбырадан бөлек, бас домбыра, прима домбыра, қыл қобыз, прима қобыз, шертер, жетіген, дауылпаз, кепшік, асатаяқ, тоқылдақ, тұяқ, ортеке сын­ды ұлттық саз аспаптарының түр-түрін жасайды. Өткен жылы Мемлекет басшысына арнап екі бірдей домбыра жасағанын, соңғысы ЭКСПО көрмесінің ашылу салтанатында Елбасына тапсырылғанын айтады. Бұдан бөлек қазақ өнерінің төрінде жүрген Мейрамбек Беспаев, Мақпал Жүнісова, Бекболат Ті­леухан, Жанар Айжанова, Дос­­хан Жолжақсынов, Ай­гүл Үл­кенбаева, Заттыбек Көп­бо­сы­нов, Асылбек Еңсепов, Нұр­жан Тәжікенов сияқты тағы басқа да әнші-күйшілерге, ордалы өнер ұжымдарына айрықша ас­паптарды өз қолымен әзір­леген.

Қасиетті өнердің киесін кетір­меу, тұнығын лайламау бас­ты ұстанымым деп ұғынатын аспап жасаудың хас шебері бүгінде Темірбек Жүргенов атын­дағы өнер академиясының шәкір­ттерін осы өнердің қыр-сырын игеруге баулып жүр. Шебер­ханадан шығарда шебер айтқан тағы бір сөз: «Кәсіби му­зыка жолына түсетін бала­лар үшін арзан, сапасыз дом­быраның зияны көп. Себебі мой­нынан шығатын артық дыбыс, домбыраның жағымсыз үні ба­ланың жақсы домбырашы бо­лып қалыптасуына кері әсерін тигізеді».

Құрманғазы, Ақан шерткен қасиетті домбыраның қадірін арттырып, ата мұраның арқауын үзбеген азаматқа алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Шынайы шеберді арман қанатының шыңына жетелейтін дүлдүл домбыраның дүбірі екен ғой...

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар