Аймақтар • 02 Шілде, 2018

Жамбылда жиырма жаңа нысан ашылды

480 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда тәуелсіз еліміздің айнасы болған Астана қаласына 20 жыл толып отыр. Әлемдік деңгейдегі алып шаһар жалпы жаһанға еліміздің бейбітсүйгіштігін, достыққа беріктігін, татулықты ту еткен мемлекет екенін әйгіледі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясаты шеңберінде күн санап қарыштап дамыған айбынды Астана бұл күнде қазақ ұлысының ғана емес, жалпы түркі халықтарының ортақ шаңырағына айналды. Әлемге сәт санап дамудың даңғыл жолына түскен еліміздің бүгінгі асқақ болмысын танытты. Бас қаланың мерейтойына орай елімізде кең көлемде түрлі шаралар ұйымдастырылып, әрбір өңір елорданың еңселене түсуіне үлес қосуда. Бұл орайда жамбылдықтар өңірде «20 жылдыққа – 20 нысан» акциясын ұйымдастырып, Астана қаласының мерейлі мерейтойына ерекше тарту жасады.

Жамбылда жиырма жаңа нысан ашылды

Байзақ ауданының орта­лығы Сарыкемер ауылында орна­ласқан «Ерік ата» бала­бақ­шасы­ның құрылысына 11 миллион тең­ге жұмсалыпты. Мереке қарсаңында пай­далануға берілген бөбекжайдың ашылу сал­­та­натына байзақтық тұрғындар көптеп қа­тысып, еліміздің бүгінгі даму деңгейіне, Жамбыл өңірінің күн санап гүлденіп келе жатқанына ризашылық білдірді. Жоспар бойынша мұндағы 3 топта 75 бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылады. Ал балаларды 6 педагог қазақ тілінде оқытады.

Сонымен қатар Жамбыл ауданының Ақбұлым ауылында бой көтеріп, халық игі­лі­г­іне берілген «Зерде» балабақшасындағы 2 топта 50 бала оқиды. Аталған балдырғандарға арналған нысанда жұмыспен қамтылған 6 мұғалім балаларға қазақ тілінде білім береді. Тараз қаласының іргесінде орналасқан ауылдағы балабақша заман талабына сай жабдықталған.

Облыс орталығынан алпыс шақырымдай жерде орналасқан Жуалы ауданында бұл күнде «Burnoe Solar-1» күн электр стансасы жұ­мыс істейді. Астана қаласының мерей­тойы­на орай «Burnoe Solar-2» жауап­кершілігі шек­теулі серіктестігі ашылды. Аталған ны­сан­ның екінші кезеңгі кеше­нінің құры­лы­сына 22 миллиард 667 миллион теңге жұмсалған. Оның 7 мил-
лиард 804 миллион теңгесі United Green-Samruk Kazyna жауапкершілігі шек­теулі серіктестігінің меншікті қаржысы бол­са, қалған 17 миллиард 580 миллион теңге Еуро­па қайта құру және даму банкі мен Таза тех­нологиялар қорынан алынған. Қуат­ты­лы­ғы 50 МВт-ны құрайтын баламалы қуат көз­ін өндіру нысанын салу жұмыстарына 300 адам тартылса, нысан іске қосылған соң мұнда 45 адам жұмыспен қамтылады.

Жалпы, елорда тойы – елдіктің тойы бол­ған соң, Жамбыл өңірінде тұратын әрбір аза­мат байтақ шаһардың қуанышты күніне ар­нал­ған акциядан қалыс қалған жоқ. Олай дей­тініміз, өңірдің барлық аудандарында жа­ңа нысандар ел игілігіне беріліп, халық қуанышын еселеді. Меркі ауданында 125 өскінді мектепке дейінгі тәрбиемен қамтитын «Ерсұлтан» балабақшасы ашылды. Бұл күні мер­кіліктер көптен күткен қуанышты сәт­тер­ге куә болды. Аталған мекемеде 4 топ жұ­мыс істеп, балақайлар 3 тілде білім алатын бо­­лады. Қазіргі таңда балабақшаға 104 бала жи­­налған.

Елорда мерейтойы қарсаңында Қордай ауда­нының тұрғындары да көптеген игілікке ке­нелді. Қасық ауылдық округінің өзінде 7 бірдей нысан іске қосылды. Атап айт­сақ, Әлжан ана ауылының тарихи музейі пай­далануға берілді. Мұнда ауыл тарихы­на қатысты барлық деректер жинас­ты­рыл­ған. Сондай-ақ аталған ауылдағы музей жәдігерлерінің бір парасы Әлжан ана мен оның туыстарына арналған. Ал Елбасы Нұр­­сұлтан Назарбаевтың Қордай ауданына жұ­мыс сапары барысында түсірілген есте­лік суреттер мәдени нысанның тарихи маз­мұнын арттырып тұр. Айта кетейік, облыс әкі­мі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасына сәй­кес, бар болғаны 1,5 айда бой көтерген му­­зей заманауи цифрлы технологиямен жаб­дық­талған.

Сонымен қатар Әлжан ана ауылында дәрігерлік амбулатория ауыл тұрғындарына есігін айқара ашып, ел азаматтарының қуа­ны­шын көбейтті. Аталған нысан 15 келу­ші­ге арналған. Құрылысына 35 миллион тең­ге жұмсалған дәрігерлік амбулаторияда 9 медицина қызметкері жұмыс істейді. Ауыл тұр­ғындарының денсаулығын сақтау бағы­ты­мен қатар, бұл жерде бұқаралық спортты дамытуға да баса назар аударылып отыр. Осы орайда Әлжан ана ауылында спорт алаң­шасының пайдалануға берілгенін атап өт­кен жөн. Бұл мақсатқа облыстық бюджет­тен 8 миллион 756 мың теңге бөлініп, ныса­н­ның құ­рылысын «Аль-Аркаржан и К» жау­ап­кер­шілігі шектеулі серіктестігі жүр­гіз­ген.

Кезінде өндірісімен әйгілі болған Сарысу ауда­нының Жаңатас қаласында «Соляная компания «Асыл тұз» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінің ас тұзын өндіретін зауыты іске қосылды. Астананың 20 жылдығына орай ашыл­ған жаңа өндіріс ошағының құрылысына 710 миллион теңге қарастырылған. Жылына 50 мың тонна ас тұзын шығаруға қауқарлы кә­сіпорында жоспар бойынша 75 адам жұ­мыс­пен қамтылмақ. Жұмыскерлердің орташа жала­қысы 60-80 мың теңге болады. Жалпы, аталған жоба Жамбыл облысы әкімдігінің 2016 жылы 30 желтоқсандағы №369 қаулысы негізінде өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген.

Елорда тойына тарту негізінде Жамбыл облы­сында жүзеге асқан жүйелі жұмыстар Т.Рысқұлов ауданында да жалғасын тапты. Мерейтой қарсаңында аудан орталығы Құлан ауылында 160 адамға арналған денешынық­ты­ру-сауықтыру кешені ашылды. Нысан құры­лысына 362,8 миллион теңге бөлінген. Мер­дігер «Нұр Тұрсын» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігі кешен құрылысын өткен жыл­дың наурыз айында бастап, елдіктің мерекесіне орай ел тұрғындарына тарту етті.

Ал Талас ауданы, Қаратау қаласында биыл қоныстой көбейді. Қаратаулықтар Астана күнін жаңа пәтерде тойлайтын болды. Аудан орталығында 70 пәтерлі көп қабатты тұр­ғын үй пайдалануға берілді. Шағын ша­һар­­дың 5-шағын ауданында орналасқан №51 үйдің жөндеу жұмыстарына 226 миллион 886 мың теңге бөлінген. Сонымен қатар Қаратау қаласында «Елдана» балабақшасы пайдалануға берілді. Аталған нысан 50 балаға арналған. Жобалық құны 20 миллион теңгені құрайтын мектепке дейінгі білім беру мекемесінде балалардың заманға сай білім алуына барлық мүмкіндік жасалған.

Шу ауданының орталығы Төле би ауылында «Нұр-Аш» және «Лашын» балабақшалары өз жұмысын бастады. Жалпы құны 41,5 миллион
теңгеге салынған «Нұр-Аш» балабақшасы 75 балдырғанды қабылдауға арналған. Мұн­да өскіндер қазақ және орыс тілдерінде бі­лім алады. Ал «Лашын» балабақшасының құ­ры­лысына 7 миллион теңге бөлінген. Бұл жер­де де 75 балдырған үш топқа бөлініп, оқы­тылады.

Тараз қаласында облыстық олим­пиада­лық резерв арнайы мектебінің 3 ангар­лық спорт залы пайдалануға берілді. Оның құрылысына 494,7 миллион теңге бөлін­ген. Өткен жылдың наурыз айында бас­талған нысанның құрылыс жұмыстарын «Қаратау құрылыс-2030» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігі жүргізген. Нысан жобасын «Та­раз-Технопроект» компаниясы жаса­ған. Ал құ­рылысы өткен жылы басталған облыс­тық арнайы балалар-жасөспірімдер №4 спорт мектебіндегі велосипед базасының құ­ры­лысын «АЕМ» жауапкершілігі шектеулі се­рік­тестігі жүргізген. Мереке қарсаңында мә­р­е­сіне жеткен жұмыстарға 166,5 миллион теңге жұмсалған.

Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында «Астана – аймақтардың арқауы» атты облыстық форум өтті. Атал­ған форумда Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов сөз сөйлеп, бар­ша жам­былдықтарды Астана күнімен құттықтады.

 Ең бастысы – қысқа ғана 20 жыл ішінде Астана мемлекеттік брендке, мәңгілік мемлекеттігіміздің, асқақ рухымыздың нышанына айналды! Астана ел дамуындағы бағыт-бағдарға, қозғаушы күшке серпін беріп отыр. Соның ішінде өңірлердің дамуына да оң ықпал етіп отырғандығы белгілі. Сондықтан да бүгінгі «Астана – аймақтар арқауы» атты форумның өтуі орынды. Өйткені өңір­лер­дің өркендеуі – Астананың дамуымен тамыр­лас! Мем­ле­кет басшысы «Астана 20 жылдың ішінде бүкіл әлем қызыға көз тіккен мегаполиске, әлемнің маңызды кездесулер өтетін үнқатысу алаңына айналды. Қаламыз қарқынды дамып, өркендеудің келесі белесіне қадам басты» деген болатын. Бұл – әлемдік кездесулер алаңына айналған Астана туралы қысқаша қайырылған баға.

Сонымен қатар «Астана – аймақтардың арқауы» атты облыстық форумда Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қайырбек Асанов, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы Тұрсынай Әбді­қадырова, Тараз қаласындағы №40 мектеп-гимназия директорының орынбаса­ры Ирина Щедрина және елорданың құрдасы, Сүлеймен Демирел атындағы университеттің 4-курс студенті Еркежан Ыбыраева сынды азаматтар сөз сөйлеп, бүгінгі таңдағы Астана қаласының даму қарқынына, еліміздің әлем алдындағы беделіне тоқталды. Өз сөздерінде спикерлер Астана әр қазақтың мақтанышы екенін, сонымен қатар бүгінгі жетістігіміз татулық пен бейбітшіліктің нәтижесінде келіп отырғанын жеткізді.

Аталған форумның соңында облыстық филармония әншілері «Елімнің жүрегі – Астана», «Город мой», «Арман қала – Астана», «Елін сүйген Елбасы», «Нұрлы Астана», «Аяулы Астана» әндерін на­қышына келтіре орындап, көрермен көңілін серпілтті.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы