Өнер • 02 Шілде, 2018

Шыңғыс әлемінің шындығы

992 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Адамзаттың Айтматовы» атанған алып тұлғаның 90 жылдық мерейтойы бүгінде еліміздің әрбір өңірінде аталып өтуде. Ал жазушының өмірінде Жамбыл жерінің орны бөлек. Шыңғыс Айтматов кезінде Жамбыл қаласындағы Луговой мал дәрігерлік техникумында білім алған. Соны­мен қатар заңғар тұлға Әулиеата өлкесін әрдайым құр­мет тұтатынын шығармаларында да жазған. Осы орайда жамбылдықтар да әйгілі жазушының мерейтойын лайық­ты деңгейде атап өтті.

Шыңғыс әлемінің шындығы

Жамбыл облыстық Қа­зақ­ драма театрының 82­-­­­мау­­­­сы­мының жабылуы­на­­ орай, театр сахнасында Шың­­­ғыс Айтматовтың өмі­ріне негізделген Байғали Есен­­әлиевтің «Таң сыры» ат­ты драма-элегиясы сахналан­ды. Драманың қоюшы-режиссері – халықаралық Ш.Айт­матов атындағы сый­лықтың иегері Қуандық Қа­сы­мов, ал қою­шы-сурет­шісі – Мәдениет сала­сының үздігі Рахат Сапа­ралиева.

Шығармада Шыңғыс әле­­­мі­нің шындығы көрсе­тіл­­ген. Драманың басты кейіп­­­кер­лері жазушының жа­ры Мәрия Ур­матқызы мен өмірде сүйген ғашығы, бел­­гілі биші-балерина Бү­бі­­сара Бейшеналиева екеуі­нің ара­сын­дағы диалогтармен өріледі.

Мәрия – бойжеткен ша­ғында тағдыр соқпағымен Жа­пония жеріне кетіп, туған жері Қырғызстанға жете алмай көп қиындықтарға тап болады. Сол уақыттарда Шың­­­­­­ғыс Айтматов Жапония­ға­­ шығармашылық сапармен ба­­рып, өзімен бірге Мәрияны алып қайтады. Өзіне жар етіп, ұл-қыз сүйеді. Ал Бүбісара Шыңғыстың сүйген адамы. Сах­н­адағы қос бейне бір-бірі­не сырын ашып, мұңын шағу арқылы көрерменге жазушы әлемінің беймәлім сыр­ларын ашады. Мәрияның «Екеуміздің де тағдырымыз бір азаматпен байланысты болған екен. Демек күндес­терміз. Рас қой. Бірақ менің ешкім түсінбейтін сырымды тек сіз ғана түсінесіз. Өйт­кені екеуміз де бір адамды құлай сүйдік. Бір адамның жүрегі екеумізге ортақ болды» деген сөздері шынайы махаббаттың көрінісін береді. Бүбісараның Мәрияға айтқан «Біз екеуміз ғана емес, Мәрия, оны сүйетіндер өте көп. Пе­шенесіне ұлы істер жазылып, ұлы міндеттер атқарып, адам­заттың сүйіктісіне айналған жандарды бір адамның мен­шіктеуі мүмкін емес. Ол бүкіл адамзатқа ортақ. Оған ғашық, оған ынтық әйелдердің саны екеумізбен ғана шектеліп қалмайды» деген сөздері де Айтматовқа деген асқақ махаббатты аңғартқандай.

Драмаға жазушының сүй­­­­ген жарлары мен өзі­нің «Бо­ранды бекет», «Жәмилә», «Ақ кеме» шығарма­ларын­дағы Жәмилә, Данияр, Едіге бей­нелері арқау болған. Соны­мен қатар Шыңғыстың әкесі Төреқұлдың тағдыры да елес бергендей болады. Қо­йы­­лым ерекшелігі – бір ак­тердің екі рөлде бірдей ойнауы болды. Мәселен, актер Мәлік Ақүрпеков бірде Шың­ғыс образын сомдаса, ен­ді бірде Едіге бейнесіне кө­шеді. Сон­дай-ақ Анар Са­ғымбекова үш бірдей Мә­рия, Бұғы-Ана, Зарипа бей­нелерінде жарқырап көрінсе, Жадыра Құлтаева Бибісара, Жәмилә рөлдерін өз деңгейінде алып шықты. Ал Асқар және Данияр бейне­лерін келістіре сомдаған Рус­лан Оразалиев көрермен көзайы­мына айналды. Еді­гені азаптаған Момын, Шал рөлдеріндегі Жүніс Әлім­беков және Оразқұл бей­­­несіндегі Ас­қарбек Сейіл­ханның сах­на­лық шебер­лігі көпшілікті тәнті етті.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы