Аймақтар • 02 Шілде, 2018

Ақтөбеден аттанған автокеруен Астанаға жетті

323 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе аймағында Елорданың 20 жылдығы құрметіне орай 3 мыңға жуық іс-шара ұйымдастыру көзделген. Бұлар негізінен тақырыптық конференциялар мен симпозиумдар, спорттық бәсекелер мен өнер жұлдыздарының концерттері. Мұның сыртында «20 игі іс» деген тақырыппен өткізілген қайырымдылық шаралары жасы ұлғайған және мүмкіндігі шектеулі жандарға, табысы аз көп балалы отбасыларға моральдық және материалдық тұрғыдан қолдау көрсетуге бағытталды.

Ақтөбеден аттанған автокеруен Астанаға жетті

Бұдан бөлек «Құтты мекен Ақтөбеден – арайлы Астанаға» деген тақырыппен ұйымдастырылған автокеруеннің орны да, жолы да бөлек болды деп айтуға толық негіз бар. Аталған автокеруен өзінің бағытын 25 маусым күні Қызылордаға қарай бұрған еді. Оның құрамындағы қоғам, мәдениет пен өнер қайраткерлері, ғалымдар мен жастар өкілдері бір апта бойы ел-жұртпен емен-жарқын пікір алысып Астананың абыройын асқақтатты. Олар Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Қарағанды облыстарының орталықтарында және Алматы мен Жамбыл қалаларында болған кездесулерде еліміздің жүрегі Астана туралы тартымды әңгімелер өрбітті.

«Астана – тұтастай ел өңірлерінің өсіп өркендеуіне басты темірқазық бола алатыны жөнінде өрелі ой-пікірлер сабақтады. Астанаға қарап ой түзеу де, Астанаға қарап бой түзеу де жастарға әбден жарасады. Сондықтан да автокеруен құрамында жастардың көбірек болуына көңіл бөлінді», деді аталған мәнді де маңызды мәдени көпшілік шараның басы-қасында жүрген Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева.

Автокеруен аталған уақыт аралығында еліміздің 11 елді-мекенінде болып, ел-жұрт пен Астана арасындағы байланыстар мен қарым-қатынастардың жақындай түсуіне ықпал етті. Автокеруен 5170 шақырым жолды артқа тастап, шілденің алғашқы күнінде Астана қаласына жетті. Сол күні ақтөбелік өнер шеберлері Елорданың төрінде үлкен мерекелік концерт қойды.

Темір Құсайын

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар