Өнер • 02 Шілде, 2018

«Ұлы Дала рухы» фестивалі ұйымдастырылады

1051 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде Ұлттық спорт түрлерінен Астана қаласының 20 жылдығына арналған республикалық «Ұлы Дала рухы» фестиваліне орайластырылған баспасөз-конференциясы өтті. Баспасөз-конференциясына Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері Комитеті төрағасы Серік Жарасбаев пен Ұлттық Спорт түрлері қауымдастығы Президенті Бекболат Тілеухан қатысты.

«Ұлы Дала рухы» фестивалі ұйымдастырылады

«Мәдениет және спорт министрлігі Астананың 20-жылдығын мерекелеу аясында біраз ауқымды спорттық шараларды қолға алды. «Ұлы Дала рухының» ерекшелігі – фестиваль еліміздің барлық өңірін қамтиды. Астана орталық болады, үш айдан соң, ақтық жарыстар Елордасында ұйымдастырылады», деді Серік Маратұлы.

Ұлттық Спорт түрлері Қауымдастығының Президенті Бекболат Тілеухан, Ұлы Дала рухымен қатар, Астананың туған күніне арналған «Астана кубогы» бәйгесі туралы тілге тиек етті.

«Биыл Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеу кең ауқымда қолға алынды. Жыл басында «20 жылдыққа-20 іс-шара» атты кампания жұмысын бастағанбыз. Осы жоба бойынша біраз шараларды өткіздік. Сондай-ақ, Астананың туған күніне «Астана кубогы» ат жарысын жоспарладық. Бұл бәйге екі қашықтық бойынша өтеді. Аламан – 25 шақырым, екінші бәйге – 16 шақырым. Астана кубогын сарапқа салуға республикамыздың барлық облыстары, Астана , Алматы қалаларының атбегілері 2 жүйріктен қоса алады», деді Бекболат Тілеухан.

4 шілде күні басталып, 16 қыркүйек күні аяқталатын жастар арасындағы фестиваль бәсекесіне республика бойынша 7073 спортшы қатысады. Ұлттық спорттың көкпар, бәйге, теңге ілу, аударыспақ, жамбы ату, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату түрінен өтетін жарыстар командалық тәртіпте жүргізіледі. Үш айдан астам уақытқа созылатын бұл фестиваль II кезеңге бөлінген. I кезең аймақтық іріктеу жарыстары. Алғашқы кезең бәсекесі төрт аймақта өтеді. 4 шілде күні Қазмедиа орталығында фестивальдің ашылу салтанаты және жеребе тарту рәсімі болады. Осы жеребе бойынша өтетін Республикамыздың Оңтүстік, Шығыс, Батыс және Солтүстік аймақтарындағы жарыстардың салтанатты ашылуы әр мерзімге белгіленген. Атап айтқанда, 13-15 шілде күндері Шымкент қаласында Оңтүстік аймақ, 27-29 шілде күндері Ақтөбе қаласында Батыс аймақ, 13-15 тамыз күндері Павлодар қаласында Шығыс аймақ, 17-19 тамыз күндері Астана қаласында Солтүстік аймақ жарыстарының салтанатты ашылуы өткізіледі. Сондай-ақ, көкпар, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату спорт түрлерінің іріктеу бәсекелерін аймақтық өңірлерде, ал, аударыспақ, жамбы, теңге, бәйге спорт түрлерінің іріктеу бәсекелерін Астанада өткізу жоспарланған. Аймақтардағы іріктеу жарыстары 31 тамызда мәреге жетеді. Еліміздегі 14 облыс, 3 қала командалары арасынан үздік шыққан командалар фестивальдің II кезеңіне өтеді. Астана қаласында 11-16 қыркүйек күндері аралығында өтетін ІІ кезеңге 250 жуық спортшы қатысады деп күтілуде.