Қаржы • 03 Шілде, 2018

АХҚО ел экономикасына серпін береді

322 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Үкімет үйінің баспасөз орталығында «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов орталықтың 5 шілде күні өтетін ресми ашылуына дайындық барысы жайында айтып берді.   

АХҚО ел экономикасына серпін береді

Қ.Келімбетовтың айтуынша, қазіргі таңда «Астана» халық­аралық қаржы орталығына 55 компания қатысушы ретінде тіркелген. Жыл аяғына дейін 100 компания тіркеледі деген жоспар жасалып отыр.  

– Биылғы жылдың аяғына дейін 100 компания тіркеледі деген жоспар бар, демек жоспар­дың жартысы орындалды деген сөз. Орталыққа әлемдік қаржы ұйымдары тарапынан қызығушылық бар,– дейді Қ.Келімбетов. 

Қаржылық теxнология­лар бойынша тіркеуге тұрған компаниялар да аз емес. Олардың басым көпшілігі Ресей, Тайланд, Нигерия, Африка елдерінің, Швей­царияның өкілдері. Атал­ған компаниялар жаңа төлем құралдары, банкинг және тағы басқа қызметтер бойынша жұ­мыс істеуге даяр екендіктерін білдіріп отыр.

Бұдан бөлек, қаржы орталы­ғы­ның биржасына келген бро­керлік компаниялардың да қа­тары көбейіп келеді. АХҚО Биржа басқарма төрағасы­ның орынбасары Әмина Тұрғы­лова­ның сөзіне қарағанда, осы аптада бірқатар брокерлік компанияларға арнайы куәліктер тапсырылады. 
Шетелдік компаниялар тара­пынан АХҚО-ға деген қызы­ғушылық аса жоғары. Әсіресе Қытайдың құнды қағаз­дар жөнін­дегі компаниялары белсенділік танытуда. Бағалы қағаздарды басқару бойынша Қытайдың маңдайалды 5 банкі, одан бөлек ірі-ірі 5 компаниясы қатысуға ниет білдірген. Әлемдік ең ірі қар­­жы институттарының бірі – Қытай мемлекеттік даму банкі орта­­­­лықта өкілдік офисін ашып, ал­да­­ғы уақытта бірлесе жұмыс ат­­қа­­руға білек сыбана кірісіп отыр. 

– Бұрынғы Кеңес құрамын­дағы елдердің арасында тұңғыш рет ағылшын құқығының қағи­даттары енгізіліп, қаржы орта­лығының ресми тілі ағылшын тілі болып белгіленді. АХҚО-ның негізгі міндеттері қаржылық қызмет саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру арқылы ел экономикасына тікелей шетел инвестицияларын тарта отырып, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту. Оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету негізгі міндет­тері­міздің бірі. Біздің еліміз жаһан­дық экономиканың бір бөлшегіне айналып, халықара­лық экономикалық заңдылықтар бойынша жұмыс атқарып отыр. Экономиканы әртараптандыру бойынша Елбасының бастамасымен жүзеге асқан индустриялық-инновациялық даму және «Нұр­лы жол» бағдарламалары тың серпін әкелгені анық, – деді Қ.Келімбетов. 

«Астана» ХҚО басқарушы­сы атап өткендей, орталық бүгін­де әлемнің көптеген мемле­кет­тері қолдау білдірген «Бір белдеу, бір жол» халықара­лық бағдарламасына қаржы­лық қызмет көрсететін орталы­қ­қа айналу мүмкіндігіне ие болып отыр.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»