Қазақстан • 03 Шілде, 2018

Aстана – бейбітшілік пен достық ордасы

2237 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстанның елордасы Астананың 20 жылдық мерейтойы – ерекше тарихи оқиға. Бұл қала Қазақстанның тәуел­сіздігі мен азаттығының рәмізі, сонымен қатар саяси жігердің, шешімділік пен көшбасшылықтың айқын үлгісі. Өте қысқа уақытта шағын қаладан өз өңірі­нің ең маңызды орталықтарының біріне айналып, бейбітшілік пен дәне­кер­лік миссиясымен көзге түскен Астана қаласы – жаһандық тұрғыдан тұрақ­ты­лық пен қауіпсіздіктің негізгі мекен­жайы­­ның бірі. Сол себепті барша қазақ халқын шын жүректен құттықтап, Қазақ­стан­ның, Астана қаласының одан әрі дамып, өркен­деуіне тілектестігімді білдіремін. 

Aстана – бейбітшілік пен достық ордасы

Жалпыұлттық лидер Гейдар Алиев Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың елорданы Алматыдан Астанаға көшіруге байланысты шешімін жиыр­ма жыл бұрын жоғары бағалап, оны тарихи қадам деп атады. Aстана қаласының негізі қаланған салтанатты рәсімге қатысқан ұлы лидер Гейдар Әлиев Қазақстанның жаңа елордасы Астана қаласының іргесі қалануын қазақ халқының, Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігінің және ұлттық тәуелсіздіктің нәтижесі екендігін айтқан болатын. Г.Әлиев «Бұл жеңіс тарихта қалады және келешек буындар тарапынан лайықты бағасын алады» деді.

Бұл шынымен де маңызды тариxи-саяси қадам болды. Астананың көшірілуі басқа қалалардың және облыстардың да дамуына мүмкіндік берді. Қазір Астана қарқынды өзгерістер орын алған мегаполиске айналып, саяси орта­лық рөліне ие. Aлматы болса маңы­з­ды қаржы және сауда орталығы мәр­тебесін сақтап қалды. Ақтау мен Атырауда мұнай өнеркәсібі, Қарағанды мен Өскеменде ауыр өнеркәсіп пен металлургия, Шымкент, Семей тәрізді қалаларда ауыл шаруашылығы дамуда.

Қазіргі таңда Астана жаңа мақсаттар белгілеп алды. «Қазақстан – 2050 Стратегиясында» белгіленген мақсаттар осылардың негізгілері.

Былтыр Астанада өткен «EXPO-2017 – Болашақ энергиясы» тақырыбындағы xалықаралық көрме балама энергия көздерінің дамытылуы үшін үлкен платформа болды. Көрме жоғары деңгейде өткізіліп, мемлекеттің жаңартыла­тын энергия саласындағы жоспарлары көрсетілді.

Көп мәдениеттілікті өзінің ішкі және сыртқы саясатының басымды­лық­тары арасында жария еткен Әзербай­жан мен Қазақстан бұл тұрғыдан екі­жақ­ты келісім негізіндегі іс-шара­ларын үйлестіріп, xалықаралық ұйым­дарда ортақ көзқарасқа ие. Қос ел бей­­біт­шілікке үндейтін гуманитарлық және экономикалық форумдарға қолдау көр­сетіп, өткізіп келеді. Баку мен Астана жаһандық гуманитарлық, экономикалық форумдарды өткізуді игі дәстүрге айналдырды.

Бүгінгі күні Әзербайжан мен Қазақ­­стан арасындағы достық негізді көп­жақты ынтымақтастықтың дамып жатқандығын зор қуанышпен атап өткім келеді. Мемлекет басшыларының жоғары саяси жігерлері мен сенімдері негізінде қос ел арасында екіжақты және көпжақты жақын ынтымақтас­тық орнады. Байланыстарымыздың кең нормативті құқықтық базасы бар. Үкіметаралық комиссияның істері сауда-экономикалық байланыстардың одан әрі кеңеюі үшін маңызды меxа­низм рөлін атқаруда. Екі елдің іскер­лері арасында байланыстардың одан әрі арттырылуына ұмтылудамыз. Парламент­аралық байланыстар мен парламент дипломатиясы достығымыздың – дамуына серпін беретін маңызды бағыт. 

Тарихи Жібек жолы бойында маңызды орынға ие Әзербайжан мен Қазақстан бірлестіруші күші бар Каспий теңізі арқылы Батыс пен Шығыс арасында байланыс дәлізін орнататын және осы тұрғыдан Баку мен Астананы бір-бірімен жиі байланыстыратын жобаларды жүзеге асырады. Баку мен Астана арасында жүзеге асырылған тікелей рейстер халықтарымыз арасында байланыстардың нығаюына қызмет етіп, қазақ туристерінің Баку, әзербайжандық туристердің Астананың әсемдігін көруіне мүмкіндік береді. 

Қазақстан мен Әзербайжан – халық­аралық күн тәртібіндегі мәселелердің талқылануында, жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуінде белсенді рөлге ие мемлекеттер. Баку мен Астананың белсенді дипломатиялық бастамаларының нәтижесінде 2012-2013 жылдарға Әзербайжан, ал 2018-2019 жылдарға Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Елдеріміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде сайлануы халықаралық қауымдастық тарапынан Әзербайжан мен Қазақстанға деген жоғары сенімінің көрсеткіші.

Oртақ құндылығымыз – түркі мұра­сының дамытылуы үшін елдері­міз Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақ­тас­тық кеңесі мен басқа платформаларда да ынтымақтастық құруда.

Жастық күш-қайраты мен даналық үйлесімділігі бар 20 жастағы Астана әлемдік аренада өзінің лайықты орнын нығайтуды жалғастырып келеді. Барша Қазақстанды және қазақ халқын мерейтоймен құттықтап, Астана қаласы­ның әрқашан гүлденіп, көркейе беруіне тілектестік білдіремін!

Эльмар МАММЕДЪЯРОВ, 
Әзербайжан Республикасының 
Сыртқы істер министрі