Қазақстан • 03 Шілде, 2018

Елорда – елдің бірлігі, Елбасы ерлігі

6328 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Жақында Түркияның астанасы Анкарада Астана қаласының 20 жылдығына арналған алқалы басқосу өткенін бұқаралық ақпарат құралдарынан оқыған едік. Сол жиында өзіміз өте жақсы білетін біршама қайраткерлер – түрік бауырларымыз Қазақстан қоғамы тұралап тұрған тарихи тығырықты тұста Астанадай қала салуға қаһармандық қадам жасау Нұрсұлтан Назарбаевтың нағыз батырлығы, ерен ерлігі екенін ерекшелей келе елордамызды «Түркі әлемінің жүрегі» деп атапты. Ал айтулы, мәшһүр профессор Мұса Йылдыз: «Қазақстанның бас қаласы – ел мен жерді рухани оятуды көздейтін қазіргі заманғы Түркі астанасы», деп түйіндепті. 

Елорда – елдің бірлігі, Елбасы ерлігі

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «Егемен Қазақстан»

Астананың жиырма жылдық ме­рекесі күн сайын, сағат сайын жа­қын­­дап келеді. Ұлы Дала елінің, Қазақстанымыздың әрбір патриот азаматы нұр келбетті Астанамыздың, Бәйтеректі бас қаламыздың қарыштап да­мығанына қуанып, құтты қадамдар тіле­й­тіні аян. Астанамыздың абыройы асқақтап, беделі биіктеп, бүкіл әлем көз тігетін, қызыға қарайтын, қазақ­стан­дықтар шат-шадыман сезімге бөленетін шаттық шаһарына айналды. Арқаның ажарына, Азаттықтың айғағына баланды. Тәуелсіздігіміздің тұғырына, тұрақтылық пен татулықтың тірегіне, түрік бауырларымыз жаппай жадырап жазып, айтып жатқандай, Түркі әлемінің жүрегіне ұқсатты.

Күллі дүние жүзі мойындап отыр­ғандай, осының бәрі де – Көш­бас­шымыздың көрегендігі мен ке­меңгерлігінің, болашақты бол­­жай білгендігінің, батыл баста­ма­­шы­л­ды­ғы­ның, ізгілігі мен ізде­нім­паз­дығының нәтижелері. Жеңістері мен жемістері.

Қазір Қазақстан Республикасы әлемдегі ең озық отыз елдің қатарына енуге ұмтылыс пен құлшыныс танытуда. 

«Күллі әлем таныған, құрметтеп төріне оздырған беделді мемлекетпіз. Мұның бәрі бір күнде, бір сәтте бола салған жоқ», дейді Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің «Өмір өткел­дері» атты сұхбат кітабында. Шы­нында да Мемлекет басшысы назар аударғандай, адам баласы тез ұмы­туға бейім, халқымыздың бәрі бірдей бүгінгі бейбіт, бақуат өмірдің қан­дайлық қиындықтармен келгенін терең түйсіне бермейді, елдің дамып көркеюі, Астананың асқақтауы – өзінен-өзі бола салғандай, үйреншікті сезілетіні де рас. 

Елордамыз – Елбасымыздың ерен ерлігі. Мұны жер жүзінің екі жүз­г­е жуық мемлекеттерінің баршасы мойын­дайды. Бұл – айдай ақиқат. Астана арқылы, Астанада өтіп жатқан дүниежүзілік, халықаралық алуан түрлі, бейбітшілікке, тұрақтылыққа, тату­лыққа, адамзаттың бүгіні мен бо­ла­­­шағына, ізгіліктің мәңгілігіне қыз­мет ететін ірі-ірі, маңызды да мәнді ша­­ра­лар арқылы біздің Көшбасшымыз жа­һанды таңғалдырып келеді. 

Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Астана туралы ұлы бастамасын, ізгілікті идеясын 1994 жылғы 6 шілдеде Қазақстан Рес­публикасы Жоғарғы Кеңесінің отырысында жариялады. Күрделі де қиын, бірақ көкейкесті мәнісі бар сындарлы шешімнің неліктен қажет екендігін аз сөзбен ғана айтып берген болатын. Әрине әркім әртүрлі қабылдады. Қабылдағысы, тіпті құлақ қойғысы келмегендер де көптұғын. 

1997 жылғы 10 желтоқсанда Мем­лекет басшысының бастауымен Алматыдан шыққан көш-керуеннің Арқа төсіне, Есіл-Нұра жағалауларына қарай бет түзегені белгілі. 1998 жылғы 6 мамыр күні Президентіміздің Жар­лығына сәйкес Ақмола Астана атауына ауыстырылды. 

Айта берсек, Астана шежіресі туралы шертілер сыр аз емес. 

Сол тоқсан жетінші жылы негізгі көш-керуеннің жолға шығарынан бі­ра­зырақ уақыт бұрын Нұрлан Нығматулин басқарған топ Ақмола қаласына барғанбыз. Қазан айының аяғы болатын. Негізгі мақсатымыз – алдын ала дайындық жұмыстарын ұйымдастыру, Мемлекеттік рәміздерді апару, мемлекеттік органдардың алғаш­қы кезекте көшірілетіндеріне мүм­кіндігінше жағдай жасау және тағысын-тағылар. Президент Әкім­ші­лігінен барған бес адам едік. Өте-мөте өзекті, мемлекеттік мәселелер көп болатын. Бәрін бірден шешпек тіпті де оңай емес. Ан-24 ұшағымен жеткеніміз есім­де. Моторы бырылдаңқырап, үш сағаттай ұштық қой. Ол кездегі Ақмоланың қандай екені белгілі. Жай ғана жайдақ қала. Тұрғындар саны мүлде аз. 
Ұзын сөздің қысқасы,  жұмыстарға қызу кірісіп кеттік. Алматыдан көп ұзамай көш-керуен шығады. Екі жарым айға да жетпейтін уақытта талай тірлікті тындыру керек. Елбасымызға байланысты атқарылар, дайындалар жағдаяттар жетіп артылады. Мемлекеттік рәміздер жаңа астанада айшықтана менмұндалап көрінгені ләзім.

Ең басты қиындық, жасыратыны жоқ, тап сол қазан-қарашадағы қақаған суыққа байланысты еді. Алматыдан барғандар үшін ауыр болғаны рас. Қарашаның басында аяз 40 градус­тан асты. Сегізінші қараша күні Мем­лекеттік рәміздерді Алматыдан Ақмолаға көшіру рәсімін өткіздік. Сол күні температура 39 градус болып тұрды. Президент резиденция­сын әзірлеп үлгеріп, Алматыдан апа­рыл­­ған Гербіміз – Елтаңбамыз бен Мем­­ле­кеттік Туымызды салтанатты жағ­дай­да орналастырдық.

Абылай хан көшесінде жатақхана сияқты, бес қабатты екі коммуналдық үйге орналастық. Әр пәтерде 3-5 адамнан тұрдық. Таң қылаң бергеннен бастап түн ортасына дейін жұмыс. Тамақтанудың өзі де оңай емес-ті. Ақмолада сапалы ас ішетін орындар да жоқтың қасы ғой ол кезде.

Алғашқыда, тіпті Ақмолаға кө­шіп барған кезде де адамдарда кү­дік пен күмән көпке дейін сейіл­ген жоқ. Сенбеді. Талайлар. Бәрін де Елбасымыздың ерлігі жеңді. Нұрсұлтан Әбішұлының қайран қалар­лықтай қасиеттері айтылып, жазылып жүр. Ол кісінің адамды, жұртты баурап алатыны, ішкі-сыртқы мәдениеті, эрудициясының заңғар биіктігі, өзі бастаған ісіне өзі де, өзгені де сендіріп, иландыра алатыны таңғалдырады. Бірте-бірте Елбасы идеясына бәрі де сенді. Иланды. Сенім соншалықты ерекше екпінмен нығайды. Көп ұзамай мемлекеттік органдардың бәрі көшірілді, артынша елшіліктер де шетінен қоныс аударуға кірісті...

Президентіміз Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев – Астананың авторы, бас сәулетшісі. Астананың архи­тек­тура­сы айрықша болса, ол-дағы – Елбасымыздың ерлігі, еңбегі. Көптеген ғима­раттардың әуелгі жобасын өз қолы­мен сызды Президент. Тіпті та­мақ­танып отырып-ақ асханалардың ақ майлықтарына сызып көрсетіп, бас­тап беретін. Мәселен, Президенттің Мәдениет орталығы, Бәйтерек сияқты сан алуан сәулет өнерінің туындылары Мемлекет басшысының сызбаларынан бастау алған. 

Елбасы әрбір ғимараттың салыну барысын жіті қадағалап, тынымсыз тексеретін. Президент Әкімшілігінің ең алғаш орналасқан ғимараты қалалық әкімшіліктің артқы жағындағы төрт қабатты жай еді. Ол жуық арада біте қоймады. Желтоқсанда Парламент палаталарының алғашқы бірлескен оты­рысы өтуі тиіс. Мазасыздық кү­шейе түсті. Тоғызыншы желтоқсан кү­ні кешке тағы да бардық. 600-700 адам жұмыс істеп жатыр. Негізгі бө­лік­тері сыланып біткен, сырлауға кі­ріс­кен. Ал ертеңіне Елбасы Сенат пен Мәжілістің біріккен отырысын ашуы керек. Дайындықтардың деңгейі әлгіндей. Түн ортасы ауа қайттық.

Таңертеңгі сағат жетіде асығып жеттік. Тағы да. Жұмыс әлі жалғасуда. 

Қарқынды жан-жақты күшейтіп-ақ бақтық. Құрылыс сатылары, басқыш-баспалдақ тақтайлар тез жинастырыла бастады. Басқа да нәрселер асығыс түрде әкетіліп жатыр. Шыдай алмай әр қабатқа шығамыз. Сағат таңғы тоғызда күмбезді залға ковролан төселе бастады. Жиһаздардың шеті көрінді. «Уһ!» дедік-ау.

Үстелдер мен орындықтарды қой­ып, Мемлекеттік ту қойылды. Сағат тоғыздан отыз минут өткенде қос палата депутаттарын отырғыздық. Сағат 9.50-де бәрі сақадай-сай дайын болды. Бір кезде: «Қазақстан Респуб­ли­касының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев!» деген салтанатты дауыс естілді. «Сәби күлкісі сақталған кісі» деп белгілі жазушымыз жазғандай, ақеділ күлімсіреп, Астананың авторы, Ұлт Лидері кіріп келе жатты...

Бұл бір ғана жағдайдың еске алын­ғаны ғой. Мұндай-мұндай мәніс­тер, әрине аз болған жоқ. Бәрі ә дегеннен, бір­ден, өздігінен оп-оңай жүйелене салмайды. 

Бүгінде біз Астанаға жиі барамыз. Соның өзінде қайран қаламыз. Елорда­мыз жыл сайын, ай сайын емес, күн сайын көркейіп келеді.
Елбасымыздың еңбектерін қайта­лай қарағанды жақсы көремін. «Еуразия жүрегінде» атты кітабы 2005 жылы шықты. Ылғи да үстелімде тұрады. Осынау таңғажайып туындысына Нұрсұлтан Әбішұлы Әбу Насыр әл-Фарабидің: «Шынайы бақытқа жеткізетін істерде тұрғындары өзара көмектесу мақсатын алға қойған қала қайырымды қала болып табылады, ал азаматтары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын қоғам – қайырымды қоғам» деген қанатты қағидатын эпиграф етіп алған.

Кітаптың кіріспесіндегі беташар сөзінде Елбасы: «Дәуірдің табы мен мәнері екі-үш айшықты сызбамен бейнелене береді. Эйфель мұнарасы, Вестминстер, Кремль... Бұл астаналық нышандар – әлем картасының ең үздік жолбасшылары. Олар бұл күнде солай жаратылған сияқты қабылданады. Алайда олар белгілі бір адамдардың дарынымен және еңбегімен жасалған. Аста­наны құру – ұлттық тарихтың жаңа мәтінін жазу. Мұндай мәртебе әрбір ұрпақтың маңдайына бұйыра бер­меген. Екі мыңжылдықтың тоғы­сын­да біз шешім қабылдап, Еура­зия­ның жүрегінде іс жүзінде жаңа астан­а құрдық», деп жазған.

Осы кітапта небір қызғылықты, бүкіл өміріңе қызметіңе өнеге болар­лықтай жағдаяттар баян етіледі. Елбасы «шенеунік» деген атау алған әлеу­меттік топ туралы әсерлі әңгі­ме­леп, тың қорытындылар жасайды, тосын ойлар түйіндейді. «Тарихқа сенсек, алғашқы шенеуніктер ежелгі Қытайда пайда болыпты. Олай болса, әлемдегі алғашқы астана да Қытайда пайда болғаны даусыз», дейді Президентіміз. Елбасының пара­сатты пайымынша, қалаларды астанаға айналдыратын, мемлекеттің мүддесі мен келешегі үшін астаналық өзгерістер жасай алатын бір күш – осы шенеуніктер. «Нақ осы астаналық шенеуніктік қана мемлекеттің саясатында беткеұстар билік жүргізушілер болып табылады. Мемлекеттік басқару мен құрылыстың мол тәжірибесін жинақтаған ғұмырымда мен астаналық шенеуніктіктің тұлғасына, солардың іскерлігіне мемлекеттің тағдыры түге­лі­­мен тәуелді екендігіне көз жет­кіз­дім», дейді Мемлекет басшысы.

Мінеки, осы жолдарды қайталай қара­сақ, Елбасымыздың жас аста­наның жаңа әкімшілік келбетін қалып­тас­тырудағы алғашқы қадамдардың бірі ретінде мемлекеттік аппараттар үшін білікті қызметкерлер мен кәсіби басқарушыларды даярлауға айрықша көңіл бөліп, сол мақсатта мемлекеттік қызмет саласын сан алуан қырларынан жетілдіріп, ірі-ірі реформалар жасап келе жатқанына тәнті боламыз.

«Көптеген мысалдар көрсетіп отыр­ғандай, астананы көшіру ғана іс жүзінде шенеуніктіктің белгілі кон­сер­ватизмін еңсеруге жәрдемдесіп, жаңа астанадағы жұртшылықтың озық ой ауанын кейіптеп, бейнелей алатын шенеуніктердің жаңа шоғырының көмегімен бұдан кейінгі өзгерістерге жол ашуға мүмкіндік берді», дейді Президентіміз. Осылайша Мемлекет бас­шысы уақыт талабымен және про­гресс пәрменімен ашылған жа­ңа астана қалыптастырудағы шенеу­нік­тік мемлекеттік аппарат негі­зін қалай құрайтынына терең ой жібереді және әрбірімізді толғанысқа түсіреді. Мықты мемлекеттік аппаратты да жаңа астана жарасымды, жаңаша қалыптастыратынына, заман жүгінің ауыр салмағына байланысты мемлекет жүрегі – астана мен оның орналасқан жері тыңғылықты түрде ішкі саяси сілкілеуден өтпесе, бұл мемлекеттің бүгініне ғана емес, келешегіне де салмақ салуы мүмкін екенін көрегендікпен кескіндейді.

Елбасымыздың кемеңгерлігіне барған сайын тәнті бола бересіз. Шынында да тұңғыш Президентіміз тәуелсіз Қазақстанымызда батыл­дық­пен, бастамашылдықпен қолға алған сце­нарийге сәйкес саяси өзгерістер дәуірі астананы республиканың гео­саяси орталығына көшіру ауыр­тпа­лығымен тығыз байланыстырыла отырып, күшті президенттік биліктің құдіретімен жүзеге асырылды емес пе?!

2004 жылғы маусымдағы жағдай бойынша Астана Қазақстан Респуб­ли­касының әкімшілік орталығы және 517300 тұрғыны мен қонақтарына жай­лы тұрмысты, жаңаша өмірді қам­та­масыз ететін, қауырт даму үстіндегі, инфрақұрылымы дамыған үлкен шаһар деп бағаланатын. Тап осылай айтылатын. Жазылатын. Елбасымыз «Еуразия жүрегінде» кітабында да тамаша тұрғын үй кешендерін, еңселі әкімшілік ғимараттарын, гүлзарлар мен фонтандарды, еңселі ескерткіштер мен монументтерді мерейлене суреттеп, тізбелей тізімдейді.

Одан бері де, мінеки, он төрт жыл өтті. Есіл бойындағы ерекше елорда екі еседен әлдеқайда артық дең­гей­ге да­мып кетті. Қарыштап өсті. Қар­қын­дап көркейді.

Біз сонау 1997 жылғы қазан айында барғанымызда Ақмолада 280 мың ғана тұрғын бар еді. Қазір тек оқушылардың саны 250 мыңнан асыпты. Астананың 20 жылдығы мерекеленетін биылғы жаз өтіп, қыркүйек келгенде елорда мектептерінің бірінші сыныбына 20 мың балдырған барады екен. Сту­дент­тер­дің саны 53 мыңға жуық­таған. Ал Астанамыздың халқы 1 млн 50 мыңға жақындады.

ЮНЕСКО-ның өзі «Бейбітшілік қаласы» атаған зау-заңғар бас қаламыз бүкіл байтағымыздың заманауи дамуына серпін берді. Көшбасшымыздың кө­ре­гендігі мен кемеңгерлігі арқа­сын­да күні кеше ғана шырайлы Шым­кент шаһарына республикалық қала мәр­­тебесі беріліп, үшінші ірі ме­га­по­лиске айналса, өңір орталығы Қазақ хандығының астанасы болған, Ұлы Жібек жолындағы жөні бөлек, жосығы ерек мекенге, түркі дүниесінің текті төріне көшірілетін болып, облы­сы­мыз­ға Түркістан атауы берілді. Екі аптадай бұрын ғана Мақтааралда Жетісай, Сарыағашта Келес ауданы пайда болған. Жылы жақтың жұртшылығы жан-жүрегімен қатты қуануда. Тарихи маңызы орасан зор оқиғалардың бәрі де – Елбасының ерен ерлігімен қолға алынған рухани жаңғыруымыздың нақтылы нәтижелері. Берекелі бетбұрыстар. Кемел келешекті көрегендікпен болжай білмектің жемістері мен жеңістері.

Иә, Астана – әлемдік әйдік шаһар. Түркі әлемінің жүрегі. Түркістан – түркі дүниесінің рухани астанасы, текті төрі.

Алда – Астананың мерейлі мерекесі. Осы жылдың басында Түркістан облысында «Астананың 20 жылдығына – 20 нысан» акциясын бастаған едік. Олардың бірқатары пайдалануға берілді. Енді жаңаша аталған өңірдің орта­лығы Түркістанда, Шардара, Мақ­та­арал, Төле би, Бәйдібек, тағы бас­қа аудандарда тұрғын үйлер, биз­нестік-кәсіпкерлік кәсіпорындар, бала­бақшалар, демалыс орындары ашылып жатыр. Елорда тойына тарту мол. 
Түркістан облысының тұрғындары ұлыстың ұйытқысы атанған қасиетті қа­ра шаңырақ өңірдің өзгеше дәс­түр­лерін сақтап, жаңғырта түсіп, бір­­лік пен ынтымақты нығайтып, жұ­мыла жұмыс істей береді. Ал ежелгі Түркістан шаһары жаңа орталық ретінде Түркі әлемінің жүрегі атанған Астанаға қарап бой түзейтіні сөзсіз.

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, 
Түркістан облысының әкімі