Қазақстан • 03 Шілде, 2018

Астана шежіресі: 2008 жыл

1094 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астананың 10 жылдық мерейтойына байланысты Парламент «Қазақстан Республикасының мерекелер туралы» Қазақстан Республикасындағы заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдап, бұған дейін 10 маусымда тойланып келген қала күні датасын ауыстырып, бұдан былай «6 шілде – Астана күні» мемлекеттік мереке болып бекітілді. Мұның сыртында осы жылы Астанада екі бірдей халықаралық беделді  саяси шара – ЕҚЫҰ Парламентаралық Ассамблеясы мен ТМД қалаларының халықаралық ассоциациясының сессиясы өтті. 

Астана шежіресі: 2008 жыл

1 ақпан – Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен АҚШ Қорғаныс министрлігі арасында 2008-2012 жылдарға арналған бес жылдық өзара түсіністік туралы келісімге қол қойылды.

21 ақпан – Астана көшелері мен даңғылдарына жаңадан атау беру, қайта атау немесе біріктіріп атау туралы шешім қабылданды. Осыған орай, кешегі кеңес дәуірінен қалған тоталитарлық атаулар өзгертіліп, оған қоса жаңадан бой көтерген аудандар мен көшелерге заманға сай жаңадан 309 атау берілді.

21 наурыз – елордада «Астана-Бәйтерек» клубының қолдауымен «Деловой мир» журналы бастамашы болған «Астана – менің тағдырым» атты жобаның тұсауы кесілді.

16 сәуір – Бішкек–Астана–Бішкек бағытындағы әуе рейсі  ашылды.

6 мамыр – Астана қаласының 10 жылдық мерейтойы қарсаңында елорданың дамуы мен қалыптасуына елеулі үлес қосқан Қазақстан Республикасы азаматтары мен шетелдік тұлғалар марапатталатын «Астананың 10 жылдығы» медалі тағайындалды. 

1 шілде – Астана қаласында бір мезгілде 500 адамға қызмет көрсете алатын медициналық нысан – диагностикалық орталық ашылды. 

1 шілде – Астана қаласының 10 жылдық мерейтойына тарту ретінде Алматы облысы атынан Ақбұлақ арнасының бойында Жамбыл ақынның биіктігі 11 метрлік ескерткіші орнатылды. Мүсін авторлары – Нұрлан Далбай мен Қазыбек Жарылғапов. 

1 шілде – Астаналық саябақта «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» атты көшпелі өркениет фестивалі ашылды. Бүкіл түркі дүниесінің ғажайыптарынан сыр шертетін бұл шара астаналықтар мен қала қонақтарының ерекше ықыласына ие болды.

2 шілде – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақорда мен Бейбітшілік және келісім сарайы арасын жалғап жатқан Президенттік саябақтың ашылуына қатысты.

2 шілде – Астана қаласындағы Б.Момышұлы даңғылының бойында аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлының еңселі ескерткіші орнатылды. 

2 шілде – Астана қаласында Елбасының тапсырмасымен іргесі қаланған Қазақ гуманитарлық заң университетінің жаңа ғылыми-оқыту кешені ғимараты ашылды.

3 шілде – елорданың 10 жылдық мерейтойына тарту ретінде Ақтөбе облысы атынан қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұловаға арналған «Әлия» мемориалдық кешені ашылды.

3 шілде – Астананың 10 жылдығына тарту ретінде Қызылорда облысы сыйға тартқан «Қорқыт қобызы» атты мүсін композициясының (Уәлиханов және Омаров көшелері қиылысы) ашылуы болды. 

3 шілде – Республика даңғылы мен Бараев, Тәшенов көшелерінің қиылысын орай салынған жолайрық пайдалануға берілді. Жалпы аумағы 12,6 гектар жерді алып жатқан бұл құрылыс нысанына 9 миллиард теңге жұмсалған. 

30 шілде – Астана–Щучье автобаны іске қосылды. Автожол ұзындығы – 224 шақырым. Жобаның жалпы құны 115 миллиард теңге. 
5 тамыз – Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Астанада жаңадан Есіл ауданы құрылды. Ауданның жалпы аумағы – 31,2 мың гектар. Жаңа ауданға Пригородный, Комсомол, Заречный, Ильинка, Тельман кенттері кірді. 

29 тамыз – Астанада «Appie City Food» ет өңдеу зауыты іске қосылды. Күніне 15 тонна ет өндіре алатын бұл зауыттың құрылысы мен жабдықтарына 31 миллион доллар жұмсалып, зауыт халықаралық стандарттарға сай өнім өндіре бастады.

17 қазан – Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Ортақ әлем: әралуандылық арқылы ілгерілеу» атты форум басталды. 

30 желтоқсан – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Бейжің қаласында өткен ХХІХ жазғы Олимпия ойындарында жеңімпаз және жүлдегер атанған қазақстандық спортшыларды қабылдады. 

Дайындаған 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»