Қазақстан • 03 Шілде, 2018

Астана шежіресі: 2009 жыл

808 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тәуелсіздіктің 18-жылы еліміз үшін оңай болған жоқ. Өткен жылдардағы қаржылық дағдарыстан кейін ел экономикасын сауықтыруға 14 млрд АҚШ доллары жұмсалды. Соған қарамастан, еліміздің алтын-валюта қоры жылдың соңында 52 млрд АҚШ долларына жетті. «Жол картасын» жүзеге асыруға республикалық және жергілікті бюджеттерден 191,5 млрд теңге бөлініп, жұмыссыздық деңгейі 6,3 пайызға азайды. Осы жылы Минск қаласында Беларусь, Қазақстан және Ресей мемлекеттері басшылары үш елдің арасында Кеден одағын құру туралы құжатқа қол қойды. 

Астана шежіресі: 2009 жыл

7 қаңтар – Астана қаласында Аят, Саят және Жанат есімді үшем дүниеге келді. Қуанышты хабарды естіген қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов бұл отбасына қаланың қақ ортасынан үш бөлмелі пәтердің кілтін табыстады. 

25 ақпан – екінші ұлттық халық санағы басталды. Бұған республика бойынша бір уақытта 50 мыңға жуық санақшы тартылды. Халық санағының қорытындысы бойынша 1999 жылғы санақпен салыстырғанда халық санының өсімі 6,8 пайызды құрап, жалпы тұрғындары саны 16196,8 мың адамға жетті. Олардың ішінде: қазақтар үлесі – 63,6, орыстар – 23,3, өзбектер – 2,9, украиндар – 2,0, ұйғырлар – 1,4, татарлар – 1,2, немістер 1,1 пайыз болды. 

6 сәуір – Президент Н.Назарбаев Астанаға ресми сапармен келген Иран Ислам Республикасының басшысы Махмұд Ахмадинежадпен кездесті.

28 сәуір – Алматыда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен Халықаралық Аралды құтқару қорының (ХАҚҚ) құрылтайшы мемлекеттер басшыларының саммиті болып өтті. 

13 мамыр – Елбасы Н.Назарбаев елімізге ресми сапармен келген Корея Республикасының президенті Ли Мен Бакпен кездесіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты тереңдету жөніндегі іс-қимыл жоспары мен «Балқаш» жылу электр стансасы жобасы бойынша келісімге қол қойды. 

15 мамыр – Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының ХІІ съезі өтті. Съезде ел Президенті, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі.

16 маусым – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Екатеринбург қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты.

1 шілде – Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІІ съезі басталды. Оған дүниежүзінің 35 елінен 77 өкіл қатысты. 

3 шілде – Астана қаласының іргесінде орын тепкен индустриялық парк аумағында Локомотив құрастыру зауыты пайдалануға беріліп, оның салтанатты ашылуына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. 

29 тамыз – Н.Назарбаев Семей ядролық полигоны жабылған 29 тамызды дүниежүзілік ядролық қаруды сынауға қарсы іс-қимыл күні деп жариялау туралы ұсыныс жасады. Бұл идеяны әлемнің жетекші мемлекеттері қолдап, БҰҰ Бас Ассамблеясы қарарымен мақұлданды. 

30 тамыз – Қазақстан Конституциясы күніне орай елордада алғаш рет әскери шеру өткізілді. Онда Елбасы – Жоғарғы Бас қолбасшы Н.Назарбаев әскери шеруді қабылдады.

12 қараша – Астана қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбомен кездесті. ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы еліміздің алдағы жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі аталмыш ұйымды дамытуға үлкен септігін тигізетінін мәлімдеді.

13 қараша – Президент Н.Назарбаев тікелей желі арқылы қазақстандықтармен сұхбат жасады. Онда Елбасы жылдың негізгі нәтижелерін қорытындылап, азаматтардың ең өзекті сұрақтарына жауап берді. Тікелей желіге 45 мыңнан астам сұрақ түсті. 

12 желтоқсан – Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев және ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтаоның қатысуымен «Түрікменстан – Өзбекстан – Қазақстан – Қытай» газ құбырының қазақстандық учаскесін пайдалануға беру рәсімі өтті. 

15 желтоқсан – Астана қаласында тәуелсіздіктің 18 жылдығына орай салтанатты жиын өтті. Онда сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Н. Назарбаев, біз жаңа Қазақстанды – арманымыз бен үмітіміздегі мемлекетті жасай отырып, өз жоспарларымызды жүзеге асырып келеміз. Қазақ халқы ғасырлар бойындағы тарихында қазіргідей деңгейде әлем қоғамдастығының назарын өзіне аударып көрген емес. Біздің асқан игі жетістігіміздің өзі осында деді.

Дайындаған 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар