Білім • 03 Шілде, 2018

Адами капитал дамуындағы білім векторы

5582 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Адами капитал – өзекті мәселе. Бәсекеге қабілеті жоғары мемлекетте адами капитал несімен артық? Осы орайда білімнің адами капиталды қалыптастырудағы рөліне тоқталғым келеді.

Адами капитал дамуындағы білім векторы

Экономиканың дамуына үш түрлі капитал үлес қосады. Бірінші, табиғи капитал өндірісте қолданылады. Екінші, физикалық капиталға тауар өндіру мен қызмет көр­сетуге қажетті машина, құрал-жабдық, тұрғын үй құры­лысы мен түрлі қорлар жатады. Үшінші, адам капи­талы бейматериалдық, зият­­керлік активтермен өл­ше­неді. Бұл басқару қыз­метінің тиімділігін арттырады әрі өнімнің қосымша құнын еселей түседі. XIX-XX ғасырларда дамыған мем­ле­кеттер адами капиталға ин­вестицияларының 20-30%-ін ғана салып, қалғанын фи­зикалық капиталға арнады. XXI ғасырдың басында керісінше инвестициялардың 80%-і адами, 20%-і физи­калық активтерге жіберілуде. Дүниежүзілік банк есебін­ше, Экономикалық ынтымақ­тастық және даму ұйымына кіретін мемлекеттердің әл-ауқатын 81%-ке адами капитал, 17%-ке физикалық және 2%-ке табиғи капитал қамтамасыз етіп отыр. Адам – экономика дамуының әлеуеті де, шектеуіші де. Бү­гінде кей салалар заманауи адами капиталдың жетіс­пеушілігіне байланысты дамымай отыр. Ресурстарға, ең­бек тиімділігін көбейтуге, дұрыс экономикалық, ин­дус­триялық және саяси стра­тегия­ларға негізделген өсу үдерісі шегіне жетті. Жа­һан­­дық бәсекеге қабілеттілік ин­дек­сінде Қазақстан ресурс­қа негіз­делген экономикадан тиімді экономикаға өту жо­лын­дағы 15 мемлекет қата­рына енді. 

БҰҰ-ның даму бағ­дар­ламасының сарапшылары адамның өмірлік әлеуетін ашатын үш шешуші кезеңін анықтаған. Бірінші – ана­сының босануға дейінгі уа­қыты және адамның ерте жасы. Бұл кезде қажетті жағ­­дай болмаса, адамның әле­уеті жоғары деңгейіне кө­те­­ріле алмайды. Оған босану алдындағы және кейінгі уа­­қытта күтім жасалуы, дұрыс тамақтануы, балаға көңіл бөлуі жатады. 

Біздің ата-аналар ерте жастан дамуға көп көңіл бөледі. Бұл эмипирикалық зерттеуден алынған тұжы­рым. 2016 жылы 4-сынып­ оқушыларының оқу сауат­ты­лығына арналған зерттеу Қазақстанның оқу дағды­ларын дамытуға ерте көңіл бөлетін ата-аналар үлесі бо­йынша 50 елдің ішінде екін­ші орында тұрғанын көр­сетті. Балалардың мектепке дайындықпен келетіні расталды. Бұған соңғы жыл­дары мектепке дейінгі ұйым­дар желісінің кеңеюі де үлес қосуда. Елімізде баста­уыш білім жалпыға міндетті. Дү­ниежүзілік экономикалық форумның бағалауынша, білім беру деңгейімен қамту көрсеткішінде 4-орындамыз. Мұнымен шектелмейміз. 2019 жылдың қаңтарынан бастап мектепке дейінгі білім 6 жасқа дейін жалғасады. Біртіндеп 6 жас мектепке түсудің жалғыз жасына айналады. Бұған 2000 жылдардың басынан 12-жылдық орта білім моделіне өту мақса­тында дайындық жүрді. Ке­лесі қадам – нөлінші сыныпты енгізу және «Әліппені» сонда ауыстыру. 2016 жы­лы мектептегі білім бе­ру мазмұнын 1-сыныптан ауқым­ды жаңарту басталды. Бұл реформа әуелі мектептегі оқу сапасын сапалы тұрғыда өзгертуге бағытталды. ЭЫДҰ елдері осындай өзгеріс керек­тігін түсініп, 2000 жылдан бері білімді емес, функционалды сауаттылықты бағалай бастады. Еліміз PISA, яғни 15 жастағы білім алушыларды бағалау жөніндегі ЭЫДҰ бағдарламасына 2009 жылы алғаш рет қатысты. PISA зерттеуіндегі орташа балдан 5 ұпайға көтерілген елде еңбек өнімділігі 2,5%-ке, ал жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 1,5%-ке өсетіні дәлелденген. Білім маз­мұнын жаңартудың түпкі мақсаты бағаны жақсарту емес, мұғалімдер мен оқу­шылардың қызметін фи­лософиялық тұрғыда өз­гер­ту. 2011 жылы басталған мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарының тұ­жырымдамасына сай мұғалім оқушының танымдық із­денісіндегі көмекшісі, ал оқу­шы өз дүниетанымының конструкторы болуы керек. Өзгермелі де қайшылыққа толы әлемде баланың орнына ешкім ақиқатты тауып бере алмайды. Сөйтіп мұғалім мен бала қарым-қатынасы «субъект-объект» жүйесінен «субъект-субъект» жүйесіне өзгеріп, қайта құрылады. 

БҰҰ белгілеген екінші шешуші жас – бозбалалық. Сарапшылар бұл кезеңде өмірлік әлеуетті мектептер мен колледждердегі сапалы білім алуға қолжетімділік, жұмысқа тұру мүмкіндігі, зорлық-зомбылық пен ки­кілжіңдерді болдырмау ар­қылы көтеруге болады деп есептейді. Осы тұста айта кететіні, біз орта білімнің толық циклін қамтамасыз ететін санаулы елдің біріміз. АҚШ-тың Әлемдік саясатты талдау орталығы Қазақстанды осындай 14 елдің қатарына жатқызады. Білім берумен қамту жағынан проблема болмағанымен, сапа жағынан әжептеуір мәселе бар. Оқу бағдарламаларын, оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешен­дерді жаңартудан бөлек технологияларға да мән бері­луде. Бізде де АҚШ, Канада, Ресей мен Аустралия сияқты елдердегідей мектептердің көп бөлігі ауылды жерлерде орналасқан. Жартысына жуығы шағын жинақты мектептер. Интернат, автобуспен жеткізу және тірек мектептерде мезгіл сайын сессия өткізу ШЖМ-дегі сапаны ойдағыдай шешпейді. Жоғары сапалы контентті әр ШЖМ-ге жеткізіп, мұғалімдеріне сабақ өткізуге көмек беру қажет. Қазіргі кезде «Bilimland» атты білім беру ресурстарын барлық мектепке, соның ішінде ШЖМ-дерге толық жеткіздік. Бұл интернеті бар мектептерде онлайн, қал­ғандарында офлайн істейді. Онда жаратылыстану-ғы­лыми және қоғамдық-гума­нитарлық циклдердің негізгі пәндеріне арналған 30 мың­нан астам бейне және интер­активті сабақ жазылған. Қазір жабдықтау жұмысын жал­ғастыруға қажетті ресурс­тар­ жоспарлануда. Сонымен бір­­ге «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында 2021 жылға таман барлық мек­тепті кең жолақты интернет­пен қамту көзделген. Цифр­лы ресурстардың мұға­лім­ді ауыстыра алмайтыны белгілі. Алайда мұғалім жұ­мысын жеңілдетеді. Оқу­шылар қала балаларымен бірдей мазмұнға қол жет­кі­зеді, мұғалім цифрлы ресурс­тарға сүйене отырып сабақ өткізуге және бағалауға мүм­кіндік алады. Бозбалалар мен бойжеткендердің ең­бек нарығына шығуына мүм­­кіндік беретін ұйым – кол­ледж. Бірнеше жыл қата­рынан қазақстандық колледж студенттері WorldSkills әлем­дік конкурсына қатысты. Бұл байқау кәсіптік дайындық пен біліктіліктің мәртебесі мен стандарттарын арттыруға ба­ғытталған. Оған 70-тен астам ел тартылады. 2016 жылдан бері техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламалары WorldSkills талаптарына сәй­кес­тенді­рілуде. Биыл бұл жұмыс аяқ­талуға тиіс. Бұ­дан басқа шетелдік оқу­лық­­тар қазақ және орыс тіл­­­деріне аударылуда. Осы жылы 2 мыңнан ас­там­ оқулық аударылмақ. Был­тыр жұмысшы кәсібін тегін оқыту жобасы басталды. Мемлекет оқу кезінде шә­кірт­ақы төлеуді, жол пұлы мен бір жолғы тамақтану шы­ғындарын өтейді. 2021 жылға дейін 700 мыңнан астам қазақстандыққа жұмысшы кәсібі беріледі деп жоспарланды.

Адам өміріндегі үшінші кезең – есею шағы. Бұл өмір­лік әлеуетті ішінара болса да көтеруге болатын соңғы ше­шуші кезең. БҰҰ сарапшылары мұндағы маңызды фактор ретінде кәсіптік еңбек және әлеуметтік қорғау сапасын атайды. Бұл адамның есею шағына қандай капиталмен келгеніне байланысты. Ересек адамның зияткерлік ка­питалының көзі – жоғары білім. Қазір үздік жоғары оқу орындарының сапасын онда оқитын шетелдік студенттер үлесімен есептейді. Мысалы, АҚШ-та 2016 жыл қорытындысы бойынша шетелдік студенттерден келген табыс көлемі экспорттың бесінші маңызды көзіне айналды (32,8 млрд доллар). Бұған студенттердің демалыс уақытында жұмсайтын ақшасы мен елдің туристік тартымдылығы өсуін қос­саңыз, қомақты инвестиция­ түсетінін аңғару қиын емес. Бү­гінде жоғары білімді Ұлы­британия, Аустралия, Жаңа Зеландия, Франция, Ресей және тағы басқа елдер экспорт көзіне айналдырды.

Қазір Қазақстан шекарасынан асатын 6 студенттің орнына 1 шетелдік студент қана келеді. Біз сыртқы миграция мәселесін зерттеп, соңғы үш жылда қазақстандықтардың көп бөлігі шетелге оқу үшін­ емес, басқа мақсатпен кете­тіндігін көрдік. Эми­гра­ция негізінен тарихи Ота­нымен қауышқысы келе­тін немесе жұмыс табуды көздейтін ересектер арасында басым. Қазақстандық жоғары оқу орындарын қалайша тартымды, бәсекеге қабілетті етуге болады? Министрлік ЖОО-ның жұмыс тиімділігін арт­тырудың маңызды жолы дербестігін арттыру екенін бірнеше рет мәлімдеді. 2010 жылы Білім беруді дамыту бағдарламасына ЖОО-ның ұйым­дастырушылық және академиялық автономия­сын көтеру жөнінде іс-шара­лар жоспарланды. Сол кезден бері зерделенгені де, ен­гізілгені де аз емес. Бүгінде 113 азаматтық ЖОО-ның 92-сінде корпоративтік бас­қару органдары – байқау мен­ қамқоршылық кеңестері қыз­мет етеді. Оларға тиісті рәсім­мен ұлттық және мем­лекеттік ЖОО ректорларын­ сайлау құқығы берілді. 19 рек­­тор корпоративті орган­дар­дың қатысуымен сайланып үлгерді. Бұл қадам орта­лықтандыру дәрежесінің көптігі, жариялылықтың жет­кіліксіздігі мен жемқор­лыққа тәуекелділік сынды проблемаларды шешуге мүмкіндік берді. Ендігі міндет – ЖОО академиялық және басқару дербестігін шектейтін құқық­тық тосқауылдарды алу. Онсыз еңбек нарығының мұқ­таждықтарына және бәсе­келестерінің талаптарына уақтылы жауап бере алмайды. Бұл үшін министрлік заң жобасын ұсынды. Мә­жіліспен бекітілген жоба қазір Сенат­тың қарауында. Бұл құжатта барлық қажетті жайт ескерілді.

Автономия мен икемділік мемлекет тарапынан белгілі бір реттеуші тетіктерді қолда­нумен жүзеге асады. Бұл тұста да тәжірибе тезінен өткен екі түрлі тетікті қарастырып отыр­­мыз. Біріншісі, білім беру бағдарламаларының рейтингі. «Атамекен» ҰКП рейтингті әзірлеп жатыр. Онда түлектердің еңбекпен қамтылуы, жалақысы сияқты нақты критерийлер бар. Екіншісі, алғашқылардың бірі болып саланы біліктілігі төмен кадрлардан сақтауды көздейтін тест енгіздік. Бұл танымал BAR мен CPA ем­тихандарының баламасы десек болады. Ұлттық біліктілік тестін мамыр-маусым айларында өз еркімен 56 910 мұғалім тапсырды. Олардың 63,7%-і үміт еткен санаттарына өтті. Тестінің ендігі кезеңі қараша айында, оған дайындалуға уақыт жеткілікті.

Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ,
Білім және ғылым вице-министрі