Футбол • 03 Шілде, 2018

Әлем чемпионаты-2018. Қақпашылар бенефисі

370 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Леонель Месси мен Криштиану Роналду бастаған бір шоғыр атақты шабуылшылар мундиальмен қош айтысқаннан кейін тойдың сәнін қақпашылар келтіріп тұр. Хорватия қақпашысы Даниель Субашич пен Дания қақпашысы Каспер Шмейхель 3 пенальтиден қайтарса, Акинфеевтің арқасында Ресей құрамасы ширек финалға жолдама алды.  

Әлем чемпионаты-2018. Қақпашылар бенефисі

Ресей-Испания арасындағы ойында анық фаворит Испания еді. «Қызыл фурия» талай қар­сыласты шаң қаптырған азулы ұжым. 2008 жылы Еуропа чемпионатында топтық кезеңде испаниялықтар Ресейді 4:1 жең­ді. Кейіннен осы турнирдің жартылай финалында 3:0 басым түсті. Бірақ одан бері де екі команда түбегейлі өзгеріп кетті. Оған кешегі ойында кө­зіміз анық жетті. Еуропа мен Әлем чем­пионатын қатар жең­ген ис­паниялықтар Ресейді жарыс қожайыны болса да, қыспаққа алды. Ойынның 12-минутында Серхио Ра­мос­тың арқасында олар есеп аш­ты. Бірақ гол Сергей Игна­ше­вичтің атына жазылды. Бұл биылғы біріншіліктегі 9-автогол. 

Алып денелі шабуылшы Артем Дзюба баспен соққы жасап жатқанда доп Жерер Пикенің қолына тиіп кетті. Тө­реші еш ойланбастан пенальти белгіледі. Дзюба 11 метрліктен мүлт кетпеді. Таразы басы теңесіп, таблодағы көрсеткіш 1:1 болды. Одан кейінгі ойын сүреңсіз өтіп, матч экстра-тайм­ға ұласты. 15 минуттан тұра­тын екі тайм Ресейге де, Ис­панияға да еш пайда әкелген жоқ. Бапкерін ауыстырған Ис­пания Лопатегидің жоқтығын анық сезінді. Тәжірибиесі жоқ Фернандо Иерро қысылтаяң сәтте ойын тактикасын өзгерте алмады. Біліктілігі жетіспеді ме, жоқ әлде шәкірттеріне дұрыс бағыт бере алмады ма, әйтеуір ойын пенальти сериясына ауысты. Құрамаға жаңадан алынған жартылай қорғаушы Коке мен шабуылшы Аспас өз мүмкіндіктерін голға айналдыра алмады. Есесіне, екі пенальти қайтарған Акинфеев құраманы келесі кезеңге алып шықты. Енді Станислав Черчесов командасы ширек финалда Хорватия құрамасымен күш сынасады. 

Екінші ойында Хорватия Даниямен кездесті. Бұл ойын алдыңғысының айна-қатесіз көшірмесіндей болды. Алдымен жылдам соғылған голдар орын алды. Небәрі 53 секундта Ма­тиас Йоргенсен бұрыштама ке­зінде есеп ашты. Араға 3 минут салып қорғаушы қателігін пайдаланған Марио Манджукич жағдайды теңестірді. Одан кейін де шақпақ жейделілердің гол соғатын бірнеше мүмкіндігі болды. Бірақ Каспер Шмей­хэль шын шебер екен­дігін дәлелдеп берді. Оның үс­тіне осы матчты трибунадан әкесі де тамашалады. Кезінде атақты қақпашы болған Петер Шмейхель ұлының өнеріне дән риза еді. Себебі Каспер 116-минутта Лука Модрич теп­кен пенальтиді қайтарды. Со­ңына дейін беріспей күрескен да­ниялықтар пенальти сериясына жеткеніне қуанды. Себебі қақ­пашысы пенальти тосудың Һас шебері еді. 

Бірақ команда капитаны Крис­тиан Эриксен күтпеген жерден мүлт кетті. Ағылшын премьер-лигасында талай пенальти мен айып доптарын голға айналдыратын Кристианға не кесір жабысқанын ешкім түсіне алмады. Алайда алаңға алмасып кірген, күш қуаты сарқыла қоймаған Милан Бадель де пенальти соқпады. Допты Каспер Шмейхэль қайтарды. Одан кейін екі команда екі-екіден гол соқты. Кезек тағы да алмасып кірген Лас­се Шөнеге келді. Дат ойын­шы­сының пенальтиін Да­ниэль Су­башич қайтарып жіберді. Хорват қақ­пашысы да Касперден еш қалыспады. Дегенмен алаңға алмасып кірген тағы бір ойыншы Пи­варич Шмейхельден айласын асыра алмады. Шынын айтқанда, пе­нальтиді алаңға алмасып кірген тың ойыншылардың ешқайсысы да соқ­пады. Міне, мұндай да болады екен. Себебі 4-соққыны жасаған Нико­лай Йоргенсеннің соққысын Суба­шич тырп еткізбей қақшып алды. Ал соңғы сөзді Иван Ракитич айтты. Ол қақпашы мен допты екі жақ­қа жіберіп, бос бұрышты дәл көз­деді. Хорватия келесі кезеңге өтті. Тартысты өткен пе­нальти се­рия­сы көпке дейін ұмы­тылмастай болды. 

Ермұхамед Мәулен,
«Егемен Қазақстан»