Аймақтар • 03 Шілде, 2018

Жайық өңіріндегі жаңа жобалар

450 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының әкімі жанындағы инвестициялар тар­ту жөніндегі кеңес­тің кезекті оты­­рысында бір­не­ше инвес­ти­ция­лық жоба тал­қыланды.

Жайық өңіріндегі жаңа жобалар

Бұл жиынға «Kazakh Invest»» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Біржан Канешев арнайы қатысты. Кеңес Ұлттық компания төр­ағасы мен Батыс Қазақстан об­л­ысы әкімі Алтай Көлгіновтің ара­­­сындағы жоспарлы келісім бойын­­ша өтіп отыр. Өткен жылы құ­­рыл­­ған компания бүгінде нақты жо­ба­лар­­ды қолға алмақ. 

– Біз Ақжайық өңіріндегі кәсіп­кер­лермен кездесіп, болашақта қай са­лада қандай жобаларды да­мы­ту­ға болатынын талқыладық. Ел­ба­сының тапсырмасы бар, біз­дің ұлттық компанияның дирек­тор­лар кеңесінің төрағасы Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бар. Мемлекет тарапынан нақты көмек ала­тын маңызды жобаларды жи­нақт­ап, үкімет қарауына ұсы­намыз, – дейді Біржан Канешев.

«Kazakh Invest» ҰК» АҚ-тың осы өңірдегі өкілдігі директоры Әнуар Ниетқалиевтың айтуынша, ай­мақтық өкілдік жергілікті атқа­ру­шы құрылымдармен, қаржы инсти­туттарымен бірлесіп, белсенді жұ­мыс жасайды. Өкілдік директоры өңір­де қолға алынған жалпы сомасы 2,6 млрд АҚШ долларына тең 11 жоба­мен таныстырып, болашақта жүзе­ге асатын жалпы құны 739 млн АҚШ долларына тең жаңа 9 жоба туралы да айтып өтті. Оның ішінде құс фабрикасын кеңейту мақсатында бройлерді жемдейтін 24 қосымша орын салуға арналған инвестициялық жоба бар. «Жайық ет» ЖШС осы жобаны жүзеге асырса, жылына 7 мың тонна бройлер етін дайындай алады. Ал «Eurasian Logistics» ЖШС Орал қаласында көлік-логистикалық орталығын салуды жоспарлап отыр екен. Жаңадан ашылған мамандандырылған ха­лық­­қа қызмет көрсету орталығы ма­ңында қонақүйі, жанармай бекеті мен ауыр жүк көліктерін жуатын орын да қарастырылған кешен ашылса, автокөлікке қатысты сан түрлі қызметтің басы бір жерге жи­нақ­талған қалашыққа айналмақ. Сон­дай-ақ Чапаев селосындағы «Батыс Марка Ламб» ЖШС «Kazakh Invest» ҰК» АҚ көмегімен ұсақ мал бордақылайтын алаң құрылысын салу жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Кеңесте Бөрлі ауданында бой көтеретін асфальт-бетон зауыты­ның жобасы таныстырылды. Бұл жобаға қаржы салушы «Адал Арна Алматы» ЖШС өкілі Борис Горлов Пепель разъезінде салынатын зауыт жобасының құны шамамен 2,5-4,0 млн АҚШ долларын құрайды дейді.

– Облыста жолдарды жөндеу бас­ты басымдыққа ие. Сондықтан да инвес­тицияны осы салаға тарту қажет. Өкінішке орай, біздегі асфальт-бетон зауыттары заманауи стан­дарттарға сәйкес емес. Ал бұл зауыт жаңа технологияларды қол­да­натын болса, келешегі бар жоба бол­ғалы тұр.

Облыстағы жол салумен айналысатын кәсіпорындардың дең­гейі де төмен. Сол үшін жол кәсіп­орындары инвестиция тартып, өздерінің материалдық-техникалық базаларын модернизациялауы керек. Жол салуға қажетті шикізаттың болмауы да бұл сала жұмысының қарқынын төмендетіп, сапасына кері әсер етеді. Инвесторлар битум шығаруды ойластыру керек деп ойлаймын. Өйткені битум сапалы болса, асфальт та сапалы болады, – деді Алтай Көлгінов.

Сондай-ақ Тасқала ауданын­да ерте пісетін алма бағын қалып­тас­тыру қолға алын­бақ. Бұл жоба­ны кеңесте «Тексас­Эдвансд­Рисеч­Сенте» ЖШС дирек­торы Газиз Исаев таныстырды. Ақжайық өңірінің экологиялық және климаттық жағдайы бау-бақша өсіруге әбден лайық.

ТексасЭдвансдРисечСенте» – тү­рік компаниясы болғанымен, біз­дің елімізде, атап айтқанда, Алматы және Түркістан облыстарын­да дәл осындай интенсивті бақ егіп, тәжі­ри­беде сыналған. Бұрын Барбастау тағы басқа алма бақтарымен әйгілі болған Батыс Қазақстан өңірі соңғы жылдары импорт алмаға тәуелді болып қалған еді. Қазақстан республи­ка­сы Ауыл шаруашылығы минис­тр­лі­гінің мәліметі бойынша елімізде тұ­тынылатын алманың 40%-ы шеттен әкелінеді екен. 

Жоғарыда Бөрлі ауданында салынатын асфальт-бетон зауытының жобасы туралы айтқан едік. Бөрлі – қазыналы Қарашығанақ орналасқан өндірісті өлке. Осы ауданның жа­қын­­да тағайындалған әкімі Сан­жар Әлиев инвестиция тарту жөнін­де­гі кеңеске арнайы қатысып, аудан­ның инвестициялық әлеуеті, кәсіп­кер­лерге арналған қолдау мен мүм­кіндік туралы айтып берді.

– Аудан аумағында респуб­ли­ка­лық маңызы бар 100 шақырымнан асатын «Подстепный-Елек-РФ» авто­көлік жолы бар. Биылғы бес айда осы жолмен Ресей Федера­ция­сының шекарасынан 17 мың кө­лік өтіпті. Бірақ осы жол бойында жо­лау­шыларға қызмет көрсететін орын жоқ. Бөрлі ауылында жол бойында екі кафе және 2016 жылдан бері тоқтап тұрған жанармай құю стансасы бар. Жол бойында қызмет көрсететін нысандар ұлттық стандарттарға сәйкес келмейді, – дейді Санжар Әлиев. Аудан әкімі осы олқылықты жою үшін арнайы шара қолға алынғанын айтты.

Бір қызығы, мұнайы мен газы әлемге таралатын Бөрлі ауданы топырағы құнарлы болса да көкө­ніс­ті, сүт пен ет өнімдерін өзге жақ­тан тасиды екен. Енді ғана ша­ғын жылыжайлар салу жобасы қол­ға алынған. Аудан аумағында қу­ат­тылығы 1МВт болатын 50 жел гене­ра­торын қондыру да жоспарланып­ты. Бұл үшін Ақсай қаласының солтүстік бөлігінде 100 га жер телімі 49 жылға пайдалануға берілген.

Әрине инвестиция кәсіп­кер­лікке қолайлы жағдайы бар, биз­нес қорғалған аймаққа ғана құйы­лады. Қазақстан Республикасы Мем­лекеттік қызмет істері және сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл агенттігі Батыс Қазақстан облы­сы бойынша департаментінің бас­шысы Болат Исақовтың айтуын­ша, «doing business 2018» рей­тингісінде Қазақстан 190 елдің ара­сында 36-орында тұр екен. Ал инвесторларды қорғау бойынша еліміз 2011 жылдан бері 36-орыннан 3-орынға көтерілген. Бұл игі бастаманы Батыс Қазақстан облысында да жалғастыру, өңірдегі инвестициялық климатты жақсарту қажеттігі осы кеңесте жан-жақты талқыланып, облыс басшылығы тарапынан тиісті тапсырма берілді.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы