Аймақтар • 03 Шілде, 2018

Ақтөбе облысында МЖӘ шеңберінде 127 жоба жүзеге асырылуда

554 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ел аймақтарындағы өмір сүру сапасын одан әрі жақсартуға мемлекет-жекеменшік әріптестігі (МЖӘ) аясындағы жобалар оң септігін тигізуде. Мемлекет басшысы тарапынан жергілікті атқарушы орган жетекшілеріне жүктелген басты міндеттің бірі де осы тұстан тамыр тартады. 

Ақтөбе облысында МЖӘ шеңберінде 127 жоба жүзеге асырылуда

 Бұл істе республика өңірлері арасында Ақтөбе облысы көш бастап келеді. Айталық қазіргі кезде аймақта МЖӘ шеңберінде 127 жоба жүзеге асырылуда. Оның жалпы құны 31 миллиард теңгеден асып түседі. 

Бүгінгі күні аталған жобалар әртүрлі атқарылу кезеңінде тұр. Оның кейбірі тіркелу деңгейінде болса, бірқатарына конкурс жарияланған. Сондай-ақ жобалау сатысында тұрғандары да бар. Басым көп­шілігіне түбегейлі келісім жа­са­лып, қол қойылған. Атап айтқанда, МЖӘ аясын­да­ғы нысандардың қа­тарын мұз спорт сарайы, офтольмология орталығы, балаларға арналған стома­то­лог­иялық емхана, спортзалдар, жүйке ауру­ларына ұшыраған мүгедек балаларға әлеу­меттік қызмет көрсету орталығы толық­тыра түседі. 

Бұған дейінгі жүргізілген журналистік талдаулар облыста қолға алынған әрі толық­тай іске асқан МЖӘ жобалары негі­зі­нен әлеуметтік сипатқа ие болғанын көр­сетеді. 

Өңірде әлеумет жүгін арқалаған МЖӘ жобаларын бір-бірімен өзара сабақтас үш бағытқа бөліп қарастыруға болады. Осы ыңғаймен тізбелесек, оның алғашқы кезе­гін денсаулық сақтау саласына арнал­ған нысандар құрайтынын көреміз. Оның алғашқысы елімізде ешқандай баламасы жоқ жедел жәрдем бекеті қанатқақты жобасы болып табылады. Оны түрік инвесторлары тұрғызған. 2016 жылдың қаңтар айында Ақтөбе облысының әкімдігі мен түрік компаниясы екіжақты келісімге қол қойып, соған сәйкес инвестор жобаны жүзеге асыру үшін 5 миллиард 400 миллион теңге қаражат құйды. Оның қайтарылу мерзімі жеті жылға есептелген. Аталған айрықша нысан биылғы 2018 жылдың наурыз айында пайдалануға берілді. 

Осы жобада қарастырылған қосымша құрылыстар екінші кезеңге сәйкес одан әрі жалғаса бермек. Бүгінгі күні басталған қосалқы станса – соның бірі. Осы орайда бірінші кезең талаптарына сай жедел жәрдем бекеті автопаркіне инвесторлар есебінен «Мерседес» маркалы жаңа реаномобиль, 16 санитарлық шетелдік көлік және 2 диагностикалық автомобиль сатып алынғанын айтқан жөн. 

Қазіргі күні балаларға арналған тіс емха­насының құрылысы қарқынды жүр­гізілуде. Ал құрылысы 3 миллиард 800 миллион теңгені құрайтын «Дәру жа­ры­ғы» офтольмологиялық орталығы өт­кен жылдың желтоқсан айында іске қо­сыл­ды. Мұнда инвестордың есебінен шы­­ғатын шығын мемлекеттік тапсырыс қара­жатының есебінен қайтарылмақ. МЖӘ ауқымындағы әлеуметтік ныса­нның бірі – мүмкіндігі шектеулі бала­лар­ға арналған қалпына келтіру орталығы. Оны өткен жылы жергілікті кәсіпкер Нұрила Жарболова ашты. Оның жалгерлік ақысын мемлекет төлейді. 

Сонымен бірге МЖӘ аясында мемлекет әр балаға тәулігіне 5000 теңге төлей­ді. Ал орталықтың материалдық-тех­ни­калық ба­засы мен медициналық құ­рал-жаб­дық­тарына қатысты мәселелер түгел­дей кәсіпкердің еншісінде. Тағы бір айта кетерлік мәселе Нұрила Жарболоваға жыл аяғында орталық жұмысын жүйелі түрде жүргізгені үшін материалдық көтермелеу ретінде 195 миллион теңге берілмек. Мұн­дағы есеп кем дегенде 100 балаға негіз­дел­ген. Сәйкесінше балалардың саны бұдан азая түскен жағдайда тиісінше берілетін сома көлемі де азая түспек. 

Кеңестік кезеңде Ақтөбе қаласында аумағы атшаптырымдай жерде орналасқан  жүнді алғашқы өңдеу фабрикасы болған. «Ақ руно» ЖШС осы аумақты ғимараттың ба­засын­да тұтастай спорт кешенін жасақ­та­ды. Мұнда екі спорт залы және бес футбол алаңы бар. Оның бәріне зама- 
науи жабындық материалдар қолданылған. Инвестор бұл жобаларға 380 миллион теңге қаражат жұмсаған. Қазіргі күні кешенді жалға алушы мемлекеттік мекеме Ақтөбе облыстық спорт және денешынықтыру басқармасы болып отыр.

Облыста МЖӘ аясында ел игілігіне берілген нысандар жөнінде әңгіме қозға­ған кезде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өңірлік бөлімшесі бастамашы болған перспективалық жобалар жөнінде айтпай кету еш мүмкін емес. яғни бұл бағытта олар ұсынған сараптамалық байламдар МЖӘ жобаларын мазмұн жағынан да, түр жағынан да байыта түсті. Айталық кәсіпкерлердің облыстық палатасы ұсын­ған жобалардың арасында қазіргі кезде жетеуі кең ауқымды таралымды перспек­тивалық жоба ретінде белгіленген. Әрі оның бәрі Ақтөбе облыстық әкімдігі тарапынан қолдау тапқан. Бұл жөнінде газет тілшісіне «Атамекен» өңірлік палатасы директорының экономикалық мәселелер жөнін­дегі орынбасары Жанайым Кел­ба­тырова айтып берді. 

Мемлекет-жекеменшік әріптестігі жобаларының басты мәні үш жаққа да тиімді тұтқалардың іске қосылуында бір сөзбен айтқанда, мұндай жағдайда мемлекет пен жекеменшік иелері пайда таппаса, ешқ­андай зиян шекпейді. Ортақ мүдде деген осы да. Ең бастысы МЖӘ негізінде тұр­ғындардың әлеу­меттік тұрғыдағы қажеттіліктерін өтеудің мол мүмкіндіктері бар. Бұл МЖӘ жобаларының үшінші тиімді жағы болмақ. Осы орайда Ақтөбе облы­сы мысалындағы айтылған мәсе­ле­лер мен деректер өзге өңірлерге де оң ықпалын тигізер болса, ойға алған мақ­сатымыздың орындалғаны. 

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ