Тарих • 03 Шілде, 2018

Ата дін үшін азап арқалағандар

1622 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Маңғаз өлке Маң­ғыстау түбегі­нен қан­­­шама есімі мәш­һүр тарихи тұл­ғалар шыққаны аян. Маң­ғыстау десе алдымен Бекет Ата, Шопан Ата, Шақпақ Ата, Қош­­қар Ата деп жал­ғаса беретін кіл ар­уақты бабаларымыз есімізге түседі. Жал­пы, Маңғыстау өңірі дін жолын ұстану дәс­түрі бойынша ежел­ден өнегеге бай, киелі де шежірелі өл­ке­леріміздің бірі.

Ата дін үшін азап арқалағандар

Маңғыстауда Форт-Шев­чен­ко деген қала бар. Ол қаланың негізгі тарихи атауы «Ақкетік» болған. Кейін Ресейдің қолас­тына кірген кезде қаланың атауы «Форт-Александровск» деп­ аталып кеткен екен. Бұл қа­ла − Маң­ғыстаудың киелі қара ша­ңырағы. Кезінде осы арадан ұлт мүддесі жолында күрескен Жалау Мыңбайұлы, Зұлқарнай Баймырзаев, Төлесін Әлиев, Нәдір Қылыш, Тобанияз Әлниязов, Байбоз Қилыбаев сынды арыстар түлеп ұшқан еді.

Маңғыстауда жергілікті адай руының Қосай Ата тақтасынан екі атақты хазірет шыққан деседі. Бірі Абдолла хазірет Жаналыұлы (1856-1919), екіншісі Әлжан хазірет Баймырзаұлы (1842-1917).

Баймырзаұлы Әлжан хазірет Маң­ғыстау өңірінде мұсылман дінінің кең қанат жаюына үлес қосқан ғұлама дін­басыларының бірегейі. Ол Меккеге қа­жылыққа барып, хақ мұсылмандық парызын өтеген жан ретінде де халық арасында сыйлы тұлға. Әлжан 29 жасында орыс-қазақты мойындатқан оқымысты діндар. Қағбаға қиын жолмен барып тәу еткен қажы. Ақкетік қаласында мешіт салып, ол дін ордасы Ақмешіт атанған.

Форт-Александровск қаласында ең алғашқы қазақ мешітін сол кездегі судья, Ни­колай патшаға қызметімен жағып, медаль алған А.Бай­зақұлы деген кісі 1888 жылы халықтан қаржы жинап салдырады. Имамы – Әлжан ишан. Әлжан 1917 жылы қайтыс болғаннан кейін, оның орнына азаншы болып туған інісі Оспан Баймырзаұлы бекітіледі. Екеуі де өте білімді, араб тілінен сауатты кісілер болған деседі. 

Маңғыстау мұрағатында сақталған Маңғыстау уезі бастығының Закаспий об­лыстық бастығына жол­да­ған құжатында: «Форт-Александровскідегі қырғыз (қазақ) мешітін Маңғыстау уезі, Түрікменадай болысы, Шалбар ауылының қырғызы (қазағы) 1878 жылы Хиуада білім алған Әлжан ишан қажы Баймурзаев басқарады. Мешітке аздаған жергілікті қызметкерлер мен сау­дагерлерден басқа, елдің көш­пенділігіне байланысты, адам сирек барады. Мешітті жеңіл жөндеу және оны жылыту, жарықпен қамтамасыз ету тек халықтың молдаға берген аздаған көмегінің есебінен жүргізіледі. Молданың күн көрісі де соның ішінде. Мол­даның өзі кедей тұрады. Қо­лындағы 3 сиырдан басқа малы, иелігінде жер, суы жоқ. Мешіт жанындағы шағын кішкене үйде тұрады. Онда мектеп орналасқан. Оны молданың тек өз үйінде оқып, өзінен білім алған бала­сы Салтанат басқарады», делінген. 

Әлжан хазіреттің шежі­релік тақтасына тоқталсақ, әкесі Баймырзадан үш ұл: Тоқжан, Әлжан, Оспан. Тоғ­жаннан Есқали одан Бәли. Ал Оспаннан мемлекет және қоғам қайраткері, сталиндік репрессия құрбаны болған Зұлқарнай Баймырзаев (1898-1938). Әлжанның перзенті – Салтанат. 

Атақты жырау Сәттіғұл Жан­­ғабылұлы өз жырларында тарихи тұлғалар хақында телегей деректер қалдырған. Ол «Алты арыс Қосайға арнауында» Әлжан хазірет турасында:
... «Бес арыс Шалбар» болғалы,
Шетінен басы хан еді,
Халық үшін қайыр-дұға еткен
Әулиелері де бар еді.
Әлжекедей хазірет
Дүниеден көшкенде
Аспанның айы тұлданған,
Шариғат-діннің шамы еді.
Шайхы еді шарғы аударған,
Шәһәрдан мешіт құлданған.
Жиырма тоғыз жасында
Ұлуғы пірден бата алған,
Патшадай басы бұлданған.
Секілді діннің тіреуі,
Қосайдың екі пірі еді,
Қопадағы Абдолла
Әлжеке еді біреуі.
Қол көтеріп бұлардың
Жұрты үшін еді тілегі.
Тіршілікте үстінен
Мүриті кетпей түнеді.
Біразырақ айтайын,
Әлжекедей ишаннан
Құдай үшін үй салған,
Бар еді нышан-иманы.
Хан көтеріп қадірлеп
Адай халқы сыйлады.
Дүние-фәни дәрілден
Керуені көшкенде
Естіген жандар қимады.
Арғы атасы Өгізден
Қалмақтың шебі қирады.
Қағбаға тәубе-қаж қылып,
Дін үшін жанын қинады.
Артында қалған Салтанат
Ақ мешітті бұл да ұстап
Болып тұр жұрттың имамы.
Не демейді дұшпаны,
Атаның жолын тұтқанда
Сыпайы мақсым бұл күнде
Халықтың болып ұстазы,
Учитель болып школға,
Патшадан орын ұстады.
Тағылым беріп наданға
Ұзартты сөйтіп қысқаны... 
– дейді. Ал осы жырдың ке­зекті жолдарында:
Секілді діннің тіреуі
Қосайдың екі пірі еді – 
Қопадағы Абдолла,

Әлжеке еді біреуі... – де­гені, біз жоғарыда атап өткен Абдолла хазірет Жаналыұлын айтып отырғаны. «Қопадағы Абдолла» дегені, Атырау облысындағы Сағыз стансасы бұрын «Қопа» деп атал­ған екен, сондағы Абдолла деп отырғаны біз жоғарыда атап өткен екі хазіреттің бірі.
Әлжан ишанмен бірге Сағызда көкмешітті ұстаған ғұламалардың бірі (осы Аб­долла хазірет болуы керек) кезінде Әлжанмен бірге оқы­ған. Ел аузында осы мешітке аққу ұшып барған деседі. Софылық мектептің түлектері жыл сайын сол көкмешітте кездесіп отырады екен деген де ауызекі әңгіме сақталған.

Салтанат та әкесінің жолын жал­ғастырып, дін жолын ұстанады. 1891 жылы Форт-Александровск қаласында дү­ниеге келген. Әкесі сынды арабша білім алып, Форт­та мешіт-медреседе шә­кірт тәрбиелеген атақты ишан­дардың санатында болған. 

1907 жылы Астраханда жаңа әдісті мектепте оқы­ған, 1913 жылға дейін жер­гілікті балалардың сауатын ашқан екен. Әлжан 1917 жылы өмірден озғаннан ке­йін орнына туған інісі азан­шы Оспан Баймырзаұлы бекітіледі. Оспан мешітті 1920 жылға дейін басқарып, кейін Салтанат 1920-1938 жж. ара­лығында имандылықтың ақ туын жықпай, 18 жыл бойына қызмет етеді.

Ал Оспан 1929 жылы дү­ние­ден озады. Ағасы Әл­жан екеуінің бейіті қазіргі Түп­қараған ауданындағы «Сейди-Сислам Ата» қорымында (бұл бейітте Мұрын жыраудың да сүйегі жатыр) жерленген.

Әлжанұлы Салтанаттың дін жолында қызмет еткен кезеңі нағыз атеистік өктемдік белең алып тұрған дәуір еді. Көп ұзамай ол қыспаққа алы­на бастайды. Жүрген жері, басқан ізі, айтқан сөзі – бәрі-бә­рі қара тізімге алынады. Кей құжаттарда Салтанаттың өз қолымен жазған арызы сақ­талған. Ол хатта: «әкесі Әлжан мен інісі Оспанның ешқандай имам, молда болмағандығын, өзін Оспанның ұлы екендігін, кедей отбасынан шыққанын» жазса, енді бір деректе Сал­танаттың: «әкем Әлжан сауатсыз, тек мешітте қарауыл, азаншы етіп пайдаланған, екеуі де (Оспан да) имам болмаған» деуінің негізсіздігі көрінеді. Өйт­кені сол тұста заман ағы­мына қарай Салтанаттың, өкі­нішке қарай тегін жасы­руына тура келді. Дінге мұн­­дай көзқарас халықты иман­дылықтан, ізеттіліктен, қа­йырымдылықтан, салт-са­на, әдет-ғұрыптан, ұлттық се­зім­нен айырудың бірден-бір таптырмас жолы болып, Кеңес өкіметі бұл мәселені өзі сақынадан кеткенше күн тәртібінен түсірген жоқ. Өз ауылының адамдарының айдап салуымен, күншілдік пиғылмен Салтанат Әлжанов қара тізімнен босатылмай, 1938 жылғы 27 желтоқсанда Гурьев облысы бойынша УНКВД үштігінің үкімімен «халық жауы, дін өкілі» деп айып тағылып, ату жазасына кесіледі.

Салтанаттың әйелі Меткел Аманиязова, келіні Алма Жан­­батырқызының ұлы Әб­дірәсулге жеткізуінше, отыз сегізінші жылы үйге был­ға­ры қара күртелі, фуражкалы екі адам Салтанатты іздеп келіп, алып кеткенін, артынан іздеп барғанда кездесуге рұқсат бермегенін айтқан екен дейді. 
Бүгінгі таңда Әлжан ишан қажының көзі көрген екі ғасыр, отыз жылдай уақыт өтсе де Алланның үйі «Ақ мешіт» әлі күнге дейін қаз-қалпында тұр. Салтанат Әлжанұлы 1938 жылы ұсталып кеткеннен кейін иесіз қалған мешіт ғи­маратының көк күмбезі құ­латылып, мешіт өз атауынан алыстайды. Соғыс жылдарына дейін «Қосшы» одағының қоймасына айналып, ал соғыс жылдары зат сақтаушы қойма болады. Бүгінде ол ғимарат «Жақсыбек» атты дүкен. 

Қасиетті Алла үйін, есімі мәш­һүр аталар ұстанған «Ақ мешітті» ұрпақтарына қай­тарар күн туды деп есептейміз. Бұл аталардың тағылымын, бабалардың дәстүрін сақтап, кейінгі ұрпаққа насихаттауда үлкен өнегелі жұмыс болар еді.

Арада қанша уақыт өтсе де, бір Алланың құдыреті шек­сіз ғой, 2004 жылы Қара­қия ойпатындағы Алатөбе маңында жетібайлық Сами­ғолла Үмбетов есімді саятшы аң аулап жүріп, қашқан түл­кіні індетіп барып, інді қазғанда жәшікте сақталған, біршама беттері сарғайған құнды кітаптар табылады. Бірнеше кітапқа соғылған, диаметрі 42 мм мөр таңбада шеңбер бойымен жоғарғы жарты доғада «Имамь Мулла Киргизской мечети», ортадағы көлденең үш жолда «вь ФОРТЬ АЛЕКСАНДРОВСКЬ», төменгі жарты доғада «Сал­танать Альджановь» деп жазыл­ған. Жазу үлгісі төңке­ріске дейінгі орыс графикасы.­ Сонымен қатар имамның өз қолымен жазылған, араб гра­фи­касындағы тектік таралымы: «Имам Молла Салтанат Әлжани», 11 – Адай ұлы – 10. Құдайкеұлы – 9. Қосайұлы – 8. Байболұлы – 7. Мәмбетқұлұлы – 6. Тоқтамысұлы – 5. Өгізұлы – 4. Қазанғапұлы – 3. Бай­мырзаұлы – 2. Тоқжан – 1. Әлжани – Салтанат. Және оған кітап сыйлаушы қолымен жаз­ған сөздері сақталған: «Үшбу кітап Салтанат Әлжан­ұлыныкі», «Сахиб Салтанат», «Ай ахун мулла Салтанат», «Үшбу әл-хидайт мүбарак болсын. Султанат бин Әлжани, Ишан хажы Баймырза ұлы» сияқты дерек көздері бар. 

Табылған кітаптардың бірі «Хидоя \­фикх – Сенімді нұсқа-толық шариғат кітабы/, авторы Бурханаддин Марғинани, мұның түсіндірмелері Әл-ки­фаиа, жеткілікті Жала­лиддин Хорезми, әл-Кәрлани», 1904 жылы жарық көрген.

Кітаптардың енді бірінде «Шар ул бухаия-Шарһул уа каие финх, хидояның үзін­ділері, қысқартылған нұсқасы –Араб тілінің грамматикасы туралы жинақ екен. Бұл кітапта Салтанат ахун­ның өз қолымен әр парағына түсін­дірме жазған қолтаңбалары бар. Кейбір парақшаларында араб тілінің грамматикасына байланысты жазған дәріс қағаздары да сақ­талып тұр. Негізі, та­былған кітаптардың жалпы саны 16. Бұл кітаптардың келешекте терең зерттеуді қажет ететіні анық. 

Әлжанұлы Салтанат ишаннан үш ұл: үлкені Қапсұлтан, ор­тан­шысы Қансұлтан, кішісі Әнуар.

Үлкені Қапсұлтан 1913 жылы туған. Ұлы Отан соғы­сына қатысып, ерлік көр­сетіп, «Қызыл Жұлдыз», «Отан соғысы» ордендерін ал­ған. Жастайынан әкесінің немере інісі Зұлқарнай Бай­мырзаевтың тәрбиесінде болып, ол Мәскеуге оқыту үшін алып кетеді. Сонда білім алып, орыс қызымен отбасын құрып, қалып қояды. Володя, Валера есімді ұлдары дүниеге келеді. Валера атты ұлынан немересі Михаил бүгінде Мәскеуде отбасымен тұрады.
Ал ортаншы ұлы Қан­сұлтан 1915 жылы туған. Ұзақ жылдар бойы Таушық ауы­лында банк саласында еңбек еткен. Әкесінің мұраларын жинастыруда осы кісінің еңбегі өлшеусіз. Қан­сұлтаннан Әбдіразақ пен Әбдірәсул. Кішісі Әнуар 1920 жылы туған. Маң­ғыстау түбегінің алғашқы кеңестік ағар­тушылары қатарында оқытушылық қызмет атқарған екен. Әнуардан Сержан тарайды. Сержан Әнуарұлы (1942-2016) Ақтау қаласының алғашқы іргетасын қаласқан құрылысшылардың бірегейі. Қазақстанның құрметті құры­лысшысы. 

Ал Салтанат ахунның шө­бе­ресі Сержанұлы Кен­же­­бек Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық универ­ситетінің журналистика және сая­саттану факультетінің 3-курс студенті. Қазақстан Жур­­налистер одағының мү­шесі. Аталарының мұрала­рын бүгінде жинақтап, кейінгі буынға насихаттауда еңбек етіп жүр.

Иә, ислам дінінің кең қанат жаюына орасан үлес қосқан діни ғұламалардың бірі Әлжан ишан Баймырзаұлы мен Салтанат ахун Әлжанұлының өнегелі өмір жолдары мен дін саласындағы құнды мұра­лары күн өткен сайын тарих қойнауына еніп бара жатыр. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты стратегиялық мақаласы аясында ұмыт болып бара жатқан қос тұлғаның есімдерін жаңғырту, жас ұрпаққа насихаттау, жүйелеу, зерделеу жұмыстарын жүргізу келешектің еншісінде.

Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
филология ғылымдарының докторы, профессор