Қазақстан • 03 Шілде, 2018

Бүгін «Балапан» телеарнасы «Шахмат патшалығы» атты анимациялық сериалды таныстырады

575 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін «Балапан» телеарнасы Дәрмен Сәдуақасовтың шахмат Академиясымен бірігіп «Шахмат патшалығы» деп аталатын 3D форматындағы анимациялық сериалды таныстырады. Бұл туралы Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Фейсбуктегі парақшасында жазды. 

Бүгін «Балапан» телеарнасы «Шахмат патшалығы» атты анимациялық сериалды таныстырады

"Шахмат – адамзаттың ежелден келе жатқан ғажап табыстарының бірі. Көпшілік әлі күнге дейін шахматты спорт түрі, өнер немесе ғылым деп бәстесіп жатқанын байқап қаламыз. Өйткені бұл ойын сан қырлы ерекшелігімен өзіне бірден баурап алады.

Ол адамды жеңіске жігерлендіріп, спорттық табандылығын қалыптастырады. Алдыңыздағы 64 шаршы тақтадағы ондаған жүрістің әрбірін есептеп, мүмкіндігіңізді мүлт жібермеуге тырысасыз. Бұл шахмат тақтасындағы ғана емес өмірдегі қадамдарыңыздың да оң болуына ықпал етеді. 
Осылайша өсіп келе жатқан ұрпақты шахматқа баулу біздің еліміз үшін де өте маңызды", дей келе Дәурен Абаев бүгін «Балапан» телеарнасының Дәрмен Сәдуақасовтың шахмат Академиясымен бірігіп «Шахмат патшалығы» деп аталатын 3D форматындағы анимациялық сериалды таныстыратынын жазды. 

"32 сериядан тұратын жоба балаларға жеңіл әрі түсінікті формада шахмат тарихы, тақтадағы тастардың атауы, ойын ережесі, ойынның тактикасы мен стратегиясы туралы толық ақпарат береді. 

«Шахмат патшалығы» сериалы жасөспірім көрермендерімізге таңғажайып әрі танымдық саяхатқа шыққандай әсер сыйлайтынына сенемін. Сананың сергек жүруіне пайдасын тигізетін осындай ойындарды көптеп игеру жолында сендерге сәттілік тілеймін!", деп жазды Ақпарат және коммуникациялар министрі.