Қазақстан • 04 Шілде, 2018

Астана – Қазақстан тәуелсіздігінің нышаны

9856 рет
көрсетілді
34 мин
оқу үшін

1994 жылғы 6 шілдеде Қазақ­стан Республикасының Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев Жо­ғарғы Кеңестің жалпы отырысында – елдің бұрынғы парла­мен­тін­де күтпеген ұсыныс жасады.

Астана – Қазақстан тәуелсіздігінің нышаны

1994 жылғы 6 шілдеде Қазақ­стан Республикасының Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев Жо­ғарғы Кеңестің жалпы отырысында – елдің бұрынғы парла­мен­тін­де күтпеген ұсыныс жасады.

«…Сіздердің қарауларыңыз­ға республиканың өміріне, әсі­ресе алдағы болашағы үшін аса маңызды мәселені – еліміз­дің астанасын көшіру туралы мәсе­лені қойғалы тұрмын. Алматы тәуелсіз мемлекеттің талаптарына қазірдің өзінде-ақ жауап бере алмайды, – деді сонда Мемлекет басшысы – Сондықтан менің тапсырмам бойынша мемлекеттің жаңа астанасының орналасатын жерін анықтау мақсатында республиканың күллі аумағы егжей-тегжейлі тексеруден өткізілді. 32 параметр бойынша жүргізілген сараптама барлық нұсқалардың ішінде ең дұрысы Ақмола екенін көрсетті».

Сол кезде астананы көшіру идеясын кім әділ бағалай қойды дейсіз. Ол үшін саяси тәжірибе, ел ішінде болып жат­қан про­цестер­ді терең түсіну­шілік, бола­шақты нақты пайымдау­шылық, ақыр соңында, аса көр­некті мемлекеттік қайраткер­лерге тән батылдық қажет еді.

Бірталай адамдар үшін Прези­­денттің бастамасы түсінік­сіз болды. Экономикада дағ­да­рыс орын алған, инфляция. Ай­наланың бәрі күйзеліс, кәсіп­орын­дар тоқтаған, жалақы мен зей­нет­ақылар уақытында беріл­мейді. Мұндай кезде астананы көшіру туралы сөз қозғауға бола ма?! Мұндай ауыр міндетті көтере аламыз ба?!

Жоғарғы Кеңестің депутаттары қызу айтыс-тартыстан кейін Президенттің ұсынысына қолдау білдірді, бірақ олардың өздері көшіруге 30-40 жыл керек екеніне сенімді еді. Дегенмен Мемлекет басшысының күтіп оты­ратын ниеті де болмады. Уақыт батыл іс-қимылды талап етті.

Қазір, ондаған жылдар өткен­нен кейін, сол кезде қабыл­данған шешімнің дұрыстығы анық болып көрінеді. Әйтсе де 1994 жы­лы Президент аса үлкен тәуе­кел­ге бел буды. Іс жүзінде, ол өзі­­нің саяси болашағын жаңа ас­та­на­­ның табысты болуымен бай­­ла­­ныс­­тырды. Айтпақшы, ас­та­наны көшіруді сынай отырып, барынша ұпай жинағысы кел­ген түрлі айлакерлер мұны бір­ден сезе қойды. Олар немен қор­қытпады дейсіз болмай қой­май­тын орасан шығыстардың кесі­рінен экономиканың күй­реуі­­мен де, Астананың аш қас­қыр­дай ұлыған қысқы аязымен де, ызың қаққан бармақтай сары маса­сымен де.

Көп жыл өткеннен кейін Прези­де­нттен астананы көшіруге қалай ба­тылы барғаны, төпеген сын мен түсін­беу­шілікке, тіпті қарсылыққа қара­май, алға жылжу үшін соншама күш пен сенімді қайдан алғаны туралы сұрадым.

Нұрсұлтан Әбішұлы: солай істеуге тиіс болғасын істедім, өйткені ел тағды­рына жауапты болдым, деп жауап берді. Ал енді сынау жағын айтатын болсақ... Ештеңе істемесең – ешкім де сынамайды. Бірдеңені қолға алсаң – онда да сынайды. Сондықтан ең жақсысы, бір нәрсе істегенің дұрыс. Әйтпесе адам дегенің істей алмай кеткен нәрсесі туралы өмір бойы өкініп өтпей ме.

Тек Мемлекет басшысының ба­тыл­­дығының, батыл президенттік ре­фор­малардың арқасында, соның ішінде астананы көшірудің арқасында ғана, біз дағдарысты еңсеріп, дамудың тұрақты жолына түстік. Жаңа астана экономикада нақты жағымды алға жылжуды қозғап жіберген иін темірлердің бірі бол­ды. Құрылыс саласы еңсе көтере бас­та­ды, ал оның соңынан тізбек бойын­ша бүкіл елде басқа да өндірістер қар­қын алды. Мыңдаған жұмыс орны ашыл­ды. Дегенмен ең маңыздысы – ас­та­на халқымыздың өзіне деген сені­­мін ны­ғайтып, қанаттандырды, ел­дің жа­ңа­руы­ның, жаңа тәуелсіз Қазақ­стан­ның шы­найы рәмізіне айналды.

Тарихи оқиғалардың тікелей қатысу­шы­сы болу бақыты кез келгеннің маң­дай­ына жазыла бермейді. Сондықтан Нұрсұлтан Әбішұлына сенім білдіріп, республика астанасының құрылысына үлесімді қосуға мүмкіндік бергені үшін алғысым шексіз.

1994 жылы мен Ақмолада тұрдым, бизнеспен айналыстым. Осы жерде өстім, менің туған қалам осы. Астананың көшірілетіні туралы жаңалықты менің жер­лестерім үлкен қуанышпен әрі үміт­пен қарсы алды. Бәрі де астана мәр­тебесімен бірге Ақмолаға жаңа өмір келеді деп күтті. Бірақ ол кезде мен, әри­не Мемлекет басшысы шешімінің ме­нің тағдырымды соншалықты өзгер­те­ті­нін білген жоқпын. Оны айтасыз, бүкіл елді, күллі қазақстандықтар тағдырын өзгертерін кім білген...

Біраз уақыт өткеннен кейін, Қазақстан кәсіпкерлерінің алғашқы буынының өкілі ретінде мен Сенат депутаты болып сайландым. Парламентте нарықтық реформаны заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуде белсенді жұмыс істедім. 1996 жылғы қыркүйектің бір күні аяқ астынан Президент Әкімшілігіне шақырту алдым. Ақмола облысында әкімнің бірінші орынбасары лауазымы енгізіліп, ол жаңа астананың экономикасы мен құрылысына жауап беретін болды. Мемлекеттік қызметші ретінде бағымды сынап көруіме мүмкіндік берілді.

Көп ойланбастан, әрине келістім. Бұл ұлы іске өз үлесіңді қосу мүмкіндігі екені айдан анық еді. Мұндай мүмкіндік өмірде бір-ақ рет беріледі ғой.

Шайқалып жүрместен, жұмысқа бірден кірісіп кетуге тура келді. Астананы көшірудің мерзімі 1997 жылдың соңы деп нақты белгіленді. Ақмолада негізгі нысандардың ауқымды құрылысы бас­талып кетті. Мемлекеттік органдарды орналастыру міндеті шешілді, тұр­ғын үйлер салу керек болды. Қала инфра­құрылымы бойынша көптеген мәселе бар еді. Жолдар, коммуникация, энергетика – бәрі де өте нашар күйде-тін.

Мемлекет басшысы Ақмолада тұрақ­ты болып тұрды, құрылысқа тіке­лей басшылық жасады, әрбір жай­дың егжей-тегжейіне дейін ұғынды. Прези­де­нт­пен қатар жұмыс істеу мен үшін аса зор кәсіби әрі өмірлік мектеп болды. Нұрсұлтан Әбішұлы қарқынға қарқын қосты, ал біз бар күшімізбен одан қалмауға тырыстық.

Кедергілер мен қиындықтар, әрине әрбір қадам сайын кездесті. Оның үстіне, оларды – нысандардың ескілерін де, жаңадан қосылғандарын да энергиямен, телефонмен қамтамасыз ету, коммуникация құбырларын төсеу және басқа толып жатқан міндеттерді – қысқа мерзім ішінде еңсеру қажет болды. Сонымен бірге табиғаттың өзі де әуселеңді көрей­ін дегендей сынай түсті. 1996-1997 жылдардағы қыс аса суық болды. Алай­да сол аяздарға қарамастан, жұмыс бір сәт те тоқтаған емес.

Мынадай бір көрініс ойымда қалып­ты. Температура минус 30-дан асып кеткен, оның үстіне қатты жел. Бәріміз салынып жатқан тұрғын үй­дің жанында жел ызғарынан бүрісіп тұрмыз. Нұрсұлтан Әбішұлы келді, жан-жағына қарап: қалай-қалай соғады, ә! – деді. Біздің бәріміз бүрісіп: ой, айтпаңыз, айтпаңыз! – дедік. Ал ол дым болмағандай, біздің сөзімізді естімеген сыңай танытып: қалыпты жағдай, бұл жерлерде үнемі жел болып тұрады, сондықтан ауасы да таза! – деп сөзін жалғады. Осы сөздерден кейін бәріміз де жылынып сала бердік, әр жерден: соға берсін, бәрі де жақсы деген дауыстар шығып жатты.

Қандай да бір адам Президентке Ақмоланың суық ауа райын айтып ша­ғым­дана бастаса, оның бұл біз­дің Ота­ны­мыздың ауа райы, біздің баба­ла­ры­мыз ғасырлар бойы осы далада өмір сүріп, осы даланы қорғаған, оның ауа райына өкін­беген деп жауап бергенін талай рет естідік.

Нұрсұлтан Әбішұлы бәрімізді өзінің энергиясымен, бастамашылдығымен, табыс­қа сенімімен жігерлендіріп отыр­ды. Ол қашанда адамдарды қанат­танд­ы­ратын, рухтандыратын сөздерді таба білетін.

Жаңа астана халқымызды біріктіріп, топтастырды. Қазақстандықтар өз астанасын бүкіл ел болып бірге салды. Ақмола құрылыстарында Қарағандыдан, Арқалықтан, Степногорден, Алматы­дан, Павлодардан, Көкшетаудан, Тараз­дан, Қапшағайдан, Қостанай мен басқа да жер­лерден жүздеген мердігерлік ұйым­дар жұмыс істеді. Айтпақшы ол кезде көптеген кәсіпорындар тапсырыс­сыз ұзақ уақыт бойы отырып қалған бола­тын. Жаңа астананың арқасында көптеген айлардан кейін алғаш рет адамдар жалақы ала бастады. Сондықтан барлығы да қиындыққа қарамастан, аянбай арқалана жұмыс істеді. Негізгі нысандар мерзімінде берілді.

Қоныс аударушылардың негізгі бөлігі Ақмолаға 1997 жылдың күзінде келе бастады. Оларды салтанатты түрде, митингімен, музыкамен шығарып салып, қарсы алды.

Алғашқы кезде адамдар жатақ­ханаларға орналастырылды. Отбасынсыз келіп, салт басты сабау қамшылы өмір сүрді. Ол жылдары Ақмола көшіп кел­ген­­дерге, әрине алыс түкпір болып көрі­нетін. Соған қарамастан, қиындықты энту­­зиазммен қарсы алдық, көңілді тұ­рып, достасып кеттік, көңіл күйіміз көте­ріңкі, алғы күндерге сенімді болдық. Оның үстіне, қала көз алдымызда өзгеріп жатты. Көп кешікпей-ақ мемлекеттік қызметшілер пәтер кілттерін ала бастады.

1990-шы жылдардың соңы мен 2000-шы жылдардың басында көшіп келген көптеген адамдар енді сол кезді үлкен үміттер мен толағай табыстарға, тарихи жасампаздықтарға толы бақытты кез екен ғой деп еске алады.

Әрине астананың болашағына сенбеген күдікшілдер де болды. Бақытымызға қарай, мұндайлар азшылық еді және келген бойдан қайта көшіп кетті. Тіпті осының өзінен астананы ауыстырудың орасан пайдасы білінді. Мемлекеттік қызметшілердің құрамы жаңарды, шын мәнінде үздіктері қалды.

Айтпақшы орталық мемлекеттік орган­дардың көбісі Алматыға қарағанда, жа­ңа астанада анағұрлым жайлы жағ­дайларда, анағұрлым кең кеңселерге ор­наласты. Олар жақсы жабдықталған, қазіргі заманғы жөндеуден өткен ғима­рат­тарға, сол кезде айтылатындай «еуро ре­монттан» кейін кірді. Мемлекет бас­шы­сының нұсқауына сәйкес барлығы адал әрі сапалы, бірақ қандай да бір артық заттарсыз істелді. Мұндай іскер де функционалдық тәсіл кейін де және сол жағалаудан мемлекеттік органдарға арналған жаңа ғимараттар салынған кезде де пайдаланылды.

1997 жылғы 8 қарашада Ақмолаға Мем­лекеттік Ту, Елтаңба мен Прези­денттің Штандарты салтанатты түрде жеткізілді. Бұл болашақ астана өміріндегі елеулі кезең болатын, қала мемлекеттік рәміздер эталондарын сақтаушыға айналды.

Әлі есімде, күн түнеріңкі, жауын-шашынды болатын. Сондықтан да шығар, мемлекеттік рәміздер қарсы алынатын әуежайға қарай жол үстінде мына шаһар маған қандай да бір қатаң, ресми реңк ала бастаған сияқты көрінді. Ақмола алғаш рет астаналық мундирді өзіне шақтап көріп жатты.

Алайда күзгі ауа райы туралы ешкім де ойлаған жоқ, бәрі қуанышты, мере­ке­лік көңіл күйде болды. Сол күні ақмо­лалықтар Мемлекет басшысын үлкен қуанышпен қарсы алды. Тура ұшақ трапында Мемлекет басшысының құрметіне жырдан шашу шашылып «арнау» орындалды, содан соң ежелгі «аластау» ырымы жасалды. Қазақтар ғасыр­лар бойы алыс та ауыр жолға шық­қанның бәрін де «отпен аластау» же­леп-жебейді деп есептеген. Айы оңы­нан туып, жолы оңғарылуы үшін Президенттің алдына «ақ жол» төселді.

Қаланың орталық алаңында митинг болды. Әнұранның дауысы мен артиллериялық отшашудың гүрсілімен Президент Резиденциясы мен Үкімет Үйінің ұшар басынан салтанатты түрде мемлекеттік тулар көтерілді.

Ал одан бір ай өткен соң ғана еліміз­дің тарихындағы аса маңызды айтулы күндердің бірі келіп жетті – 1997 жылғы 10 желтоқсанда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы Жарлыққа қол қойды.

Сол күні Мемлекет басшысы айтқан: «Бұдан былай және ғасырдан-ғасырға осында, ұлан-байтақ елдің кіндігінде халық тағдыры үшін өмірлік маңызы бар шешімдер қабылданатын болады. Отанымыздың жүрегі енді осы жерде соғады. Осы жерден Қазақстан үшінші мыңжылдықтың табалдырығында өзінің тарихи тағдырын айқындайтын болады» деген сөздер санамда жатталып қалыпты.

Мен үшін сол күн тек мереке ғана емес, айтулы күн болды. – Президент мені Астана әкімі етіп тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.

Соның қарсаңында Мемлекет басшы­сының жұмыс кестесі, әдеттегідей, өте тығыз болды, – өзінің тікелей прези­дент­тік міндетінен, кеңестерден басқа, қаланы, салынып немесе реконструкцияланып жатқан нысандарды аралау керек болатын және мұндай шаруалар көп еді – әйтеуір жұмыс түн ортасы ауа аяқталатын.

Түнгі сағат бірлердің шамасында мені Резиденцияға шақыртты. Президент тоқетерін айтты: қалалық әкімдіктің жұмысын жаңа деңгейге көтеру керек, бұл жай ғана құрылысқа басшылық жасау емес, бұл – бірден стратегиялық мін­деттерді шешуді қолға алу. Астана құры­лысы мен үшін мемлекет құрумен бірдей, – деді сонда Нұрсұлтан Әбішұлы.

Қазір сол жылдардағы оқиғаларды санамда екшей отырып, бұл менің өмірімдегі аса күрделі де, сонымен қатар анағұрлым жарқын кезеңдер екен ғой деп ойлаймын. Шын мәнінде бәрі жаңа болды: жұмыс та, ұжым да, міндеттер де. Бұл міндеттердің көлемі мен маңыздылығы орасан еді. Ең бастысы, Мемлекет басшысымен қатар, тізе қосып жұмыс істеу мүмкіндігі қанаттандырды, – бойымызда темірбетондай оптимизм мен табысқа деген сенім болды.

Астананы көшіруге байланысты салтанатты іс-шаралар аяқталмай жатып, Ақмоланың халықаралық тұсаукесеріне дайындық басталып кетті.

Астана әкімшілік орталық қана емес, ол елдің айнасы. Жаңа астананың тұсау­ке­сері әлемге жаңа Қазақстанды – алға ұмтылған, жас, тәуелсіз, қазіргі заманғы мемлекетті жария етуге тиіс болды.

Алайда осының алдында аса маңызды оқиға өткен болатын. Тұсаукесерге дейін дәл бір ай бұрын Астана өзінің атауын иеленді.

Тарихи атау – Ақмола –жергілікті жердің сакральды мәнін, қасиеттілігін айшықтайтын. Алайда біздің тарихымызбен жете таныс емес адамдар, әлде, жаңа астананы сынау үшін әдейі сыныққа сылтау іздеушілер, оның атауының түрлі жағымсыз түсіндірмелерін ойдан ш­ы­ғар­­ды. Қоғамда, газет беттерінде бұл тұр­ғыда қызу пікірталас туды. Бұл туралы, әрине қоғамдық пікірге үнемі ден қойып отыратын Мемлекет басшысы да білді.

Нұрсұлтан Әбішұлында әрбір минутты іс үшін пайдалы ете отырып қолданатын әдет бар. Жұмыс мәселесін талқылау Мемлекет басшысын жиі күтіп алатын әуежайда басталатын да, қалаға жол үстінде жалғасатын. Қандай да бір салынып жатқан нысанға жолай соға кету жиі болып тұратын.

Бір күні біз Президентті ел аралап келе жатқан бетінен күтіп алдық. Тіке­лей әуежайда ол Премьер-Министр Н.Ө.Балғымбаев екеумізді өз машина­сына отырғызып алды. Астананың атауын өзгер­ту шын мәнінде пісіп-жетіл­ді, – деп әңгі­мені бірден бастады Мемлекет басшы­сы. Өңірлердегі кез­десу барысында көптеген адамдар осы туралы әңгімелеп, сұрақтар қойды. Пре­зидент аз-кем үнсіз қалды да, жартылай сұраулы түрде «Астана» деген атау сіз­дер­ге қалай, ұнай ма деді. Тегінде бұл өзі қанатты сөз, болашаққа ұмтылыстың ныша­ны болар ма еді.

Мемлекет басшысының сұрағы бізді, әдеттегідей, әбігерге салды. Президент бізге ойланып-толғануға уақыт берді. Алай­да көп өтпей-ақ әңгіме қайта жалғасын тапты.

Нұрсұлтан Әбішұлы «Астана» үшін сенімді уәждер келтірді: бұл сөз­де баршаға мәлім нақты мағына бар және дәлме-дәл астананы білдіреді; екін­шіден, онда жағымсыз саяси немесе тарихи бұра түсіндіруге негіз жоқ; үшін­шіден, ол қазақ тілінде де, басқа тілдерде де әуезді, жағымды естіледі. Ақыр соңында, халықаралық таныстырылымда ұсынылатын жаңа атау елдің жаңаруының нышанына айналады. Қазақстан астанасы бас қалалардың әлемдік тізіміне жаңа атау-
мен енетін болады.

Нұрсұлтан Әбішұлы қаланы қайта атау туралы шешім заң бойынша тек мәслихат пікірі ескеріле отырып қана қабылдануы мүмкін екенін бірден-ақ айтты да, менің депутаттармен кез­де­суі­мді сұрады.

1998 жылғы 6 мамырда астаналық мәс­лихаттың сессиясы шақырылды. Де­пу­таттар Мемлекет басшысының ұсы­нысын қызу қолдады. Көптеген адамдар мұның дұрыс әрі дер кезінде қабыл­данған шешім екенін айтты. Елорда Астана деген жаңа атауға ие болды.

Халықаралық тұсаукесер қарсаңында елорданы салу мен жайластыру жаңа қар­қынмен өрістей түсті. Іс жүзінде қала­ны толық ауқымда реконструкциялау талап етілді. Бәрі орталықтан басталып, қала шетіне қарай жылжыды.

Барлық жерде коммуникацияны өз­гер­­ту, жаңа жарық құрылғыларын орнату, аумақты жайластырып, көгалдандыру керек болды. Жол жабындысының жай-күйі үлкен мәселеге айналды. Кейбір аудандарда, тротуарларды айтпағанның өзінде, асфальтталған жолдар мүлдем бол­маған еді. Балшық пен шалшықтан өту үшін әрбір көктем мен күзде целино­градтықтар, әдетте, қонышы биік резеңке етік киетін.

Біз жөндеу жүргізіп, жол сала бас­та­ғанда бар-жоғы үш асфальт зауыты бол­ды. Екі-үш айдан кейін-ақ олар­дың саны 18-ге жетті. Олар тәулік бойы жұ­мыс істеді. Бір күннің ішінде 4-5 мың тоннадан асфальт төселді. Бұрынғы Целино­град­та бір айдың ішінде қаншама жұмыс жасал­ды десеңізші.

Ғимараттардың басым бөлігіне күр­де­лі жөндеу жүргізу керек болды. Қас беттерінің тозығы жетіп, жертөлелері суға батқан еді. Қисайып, терезелеріне дейін жерге кіріп кеткен ескі үйлер өте көп болатын. Ондай үйлерді сүріп тас­тау керек болды, – олар елорда сұрқын бұзып қанай қоймай, жаңа пәтерлерге кө­­ші­­рілуге тиіс адамдарға нақты қауіп төн­­­діріп тұр еді. Енді сәті түсті, бүкіл қа­ла бойынша тұрғын үй құрылысы өріс алды.

Ең басынан-ақ Нұрсұлтан Әбішұлы Ақмолаға шетелдік құрылыс компанияларын шақырды. Олар жұмыс сапасының жалпы деңгейін айтарлықтай көтеріп, жаңа жабдықтар мен жаңа технологиялар әкелді. Біздің құрылысшылар үшін шетелдіктер пайдаланатын жабдықтар жаңалық болды, мысалға, құрастырмалы ағаштар мен толып жатқан басқалары да. Бұл жаңа материалдарға қатысты.

Шетелдіктер, өз кезегінде, біздің ек­пін­ді қарқынымызды игерді. Алға­шын­­да олар мерзімді қатаң ұстаудан ашықтан-ашық шошып қалды. Бірақ ештеңесі жоқ, үйреніп кетті, өз жұмыс кестелерін қайта түзеп, икемдеді. Әдемі әрі тез салуды үйренді.

Тұсаукесерге дейін аяқтау талап етілген негізгі нысандардың қатарында бесжұлдызды «Интерконтиненталь» отелі бар еді. Оны түрік компаниясы салып жатқан-ды. Тұсаукесерде онда мем­лекеттер басшыларын орналастыру жос­парланды. Отель салу Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасы болатын. Ол әдейі келіп, ғимарат іргетасына алғашқы тасты өзі қалады. Ол кезде мұндай сыныптағы қонақүйлер кешені ТМД астаналарының бәрінде бірдей бола берген жоқ.

Басқа, одан кем емес міндеттің бірі әуежайды жаңғырту болатын. Ел­орда­ның әуе айлағы кез келген әуе лай­нер­лерін қабылдауға тиіс. Тұсаукесер күні ме­рекелік гала-концерт өтетін орталық стадионды реконструкциялау қарқынды жүріп жатты.

Қалада дәлме-дәл мағынасында құ­ры­лысшылар армиясы – 14 мың адам еңбек етті. Мерзімдер шегіне жеткенше қатаң болды. Жұмыс тәулік бойы жүр­ді. Кейін әлдекім бұл уақыттарды «Астананың ақ түндері» деп дәл айтты – прожекторлар, дәнекерлеу жарықтары бірыңғай шапақ болып құйылып, түн күндізгідей болып жататын.

Қаланы кезекті аралаған бір күні, бұл наурызда – тұсаукесерге дейін екі ай бұрын болатын, Мемлекет басшысы салынып жатқан «Самал» тұрғын үй кешенін көрді, сосын Есілдің жаға­лау­ына шықты. Онда Нұрсұлтан Әбішұлы аял­дап, аз-кем уақыт өзенге көз салды, содан соң өз ойымен бөлісті: өзен жаға­сына орналасатын жағдай кез келген қаланың маңдайына жазыла бермейді, сондықтан мұны пайдаланып қалу керек. Келіңдер, одан да көркем жағалау жасайық! – деді. Бұл елорданың сән-салтанатына айналады!

Біз Президенттің сөзін ой елегінен өткізіп, үнсіз қалдық. Ал Нұрсұлтан Әбішұлы болса, қатаң дауыспен, шамасы, шешім қабылдаған болуы керек, тұсаукесерге дейін жағалауды абаттандыру керек деп ойын түйіндеді.

Жобаны тез дайындап, Президентпен келістік те, тәулік бойғы жұмыстың құлашын аштық. Белгіленген мерзімге үлгердік. Оның үстіне, Мемлекет басшысы айтқандай, жағалау қалалықтардың сүйікті демалыс орнына, Астананың бетке ұстар алтын алқасына айналды.

Қазір, 20 жыл өткеннен кейін, кейде сол жылдардың тура мағынасында жапа-тармағай қауырт, орасан ырғағын еске ала отырып, басқаша жұмыс істеуімізге болар ма еді? – деп өз-өзімнен сұраймын. Шамасы, олай ете алмайтын едік. Жал­пыға ортақ көңіл күй мен энтузиазм болды, қарапайым халық біздің жай ғана үй мен жол салып жатпағанымызды, біздің өз елордамызды, өзіміздің елімізді, өз болашағымызды салып жатқанымызды терең түйсінді!

Ақыр соңында, 1998 жылғы 10 маусымда – жас Қазақстан елордасының тұсаукесер күні де жетті. Бұл шет мемлекеттер басшылары, көптеген шетел қонақтары қатысқан Астанадағы алғашқы ірі халықаралық іс-шара болды.

Одан кейінгі жылдары біздің елордамыз көптеген басқа, оның ішінде ана­ғұр­лым ауқымды іс-шараларда қо­нақ­жай отағасының рөлін оңай атқа­ратын болды. Бізге әлемнің жетекші дер­жаваларының бірінші басшылары келді. 2001 жылы Астанаға Рим Папасы Иоанн Павел II сапарлады. 2003 жылдан бастап, Президентіміздің бас­тамасы бойынша, Қазақстан елорда­сында Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­басшыларының съезі тұрақты өтіп тұрады. Астана экономикалық форумына жыл сайын ірі компаниялардың жетекші сарапшылары, басшылары, саясаткерлер жиналады. Біз ЕҚЫҰ-ның, ШЫҰ-ның, ИЫҰ-ның саммиттерін, УЕФА-ның конгресін, ЭКСПО-2017 көрмесін өткіздік. Барлығын санап тауыса алмайсың. Алайда осылардың қа­тарында ең бірінші деп, қанша дегенмен, Астананың халықаралық тұсау­ке­серін айтуға болады!

Елордасын көшіру міндетін абыроймен атқарған Қазақстан бүкіл жер шарының назарын өзіне аударды. Мем­лекет басшысының ішкі есебі қашан­да­ғыдай дәл шықты! Астана туралы, Қазақстан туралы барлық әлемдік елордаларда айтыла бастады. Сол кездерде талайлар үшін біздің республика, былайынша айтқанда, картада алғаш рет пайда болып, қазақ халқы ұмытылудың ғасырлық түнегінен шықты.

Кейін аты аңызға айналған америк­а­лық тележүргізуші Ларри Кинг дәл айт­қандай: «көптеген лидерлер тарихқа ену үшін қалаларды жаулап алады, ал Президент Назарбаев қаланы салды».

Қазақстанның Тұңғыш Президентінің жасампаз қызметін атап көрсете отырып, оны біздің мемлекеттілігіміздің, ұлтаралық келісімнің қазақстандық моделінің сәулетшісі немесе еуразиялық экономикалық интеграцияның сәу­летшісі, ядролық қарусыз әлемнің сәу­летшісі деп жиі айтады. Айшықты эпитеттер көп. Бірақ «біздің елорданың бас сәулетшісі» деген сөздерге келсек – оны тура мағынасында түсінуге болды.

Елорданы көшіргеннен кейін бас­тап­қы бірнеше жылда басты назар ескі аудандарды қайта құру мен дамытуға аударылды. Дегенмен Президенттің Есілдің бос жатқан сол жағалауына жаңа қала салу ойы бұрыннан бар болатын.

Күндердің күнінде біз тікұшақпен Есілдің сол жағалауына ұшып шықтық. Машинамен жүруге жол жоқ. Айдалада тұрмыз, маңайдың бәрі өскен бұта, қамыс, ал Мемлекет басшысы: мына жерден даңғыл өтеді, жаңа, ең зама­науи кеңсе ғимараттары, тұрғын үй аудандары, саябақтар болады деп әңгі­ме­леп тұр.

Қорытындысында шынымен де солай болды. Сол жағалаудағы иен дала­ның орнына көп ұзамай-ақ аспанмен таласқан үйлері субұрқақтар, гүлзар­лары бар Астананың жаңа орта­лығы өсіп шыға келді. Елорда тез салынды. Фантастикадай көрінетін модерндік әрі бұрын-соңды болмаған ғимараттардың макеттері көз алдымызда кәдімгі тас қалаға айналып шыға келді, жаңа аудандар көкке өрледі.

1997 жылдары-ақ қазақстандық сәу­летшілер ұжымы әзірлеген Астана­ның бірінші бас жоспарының қала халқының саны 2005 жылға қарай 350 мың адамды құ­райтыны негізге алына отырып жа­сал­ғанының өзі қызық. Алайда Астана бұл көрсеткішті 1999 жылы-ақ аттап өтті.

Жаңа бас жоспарды әзірлеу үшін Мем­лекет басшысы халықаралық конкурс өткізуді ұсынды. Оған әлемнің бар­лық түкпірінен үздік ұсталар қатысты. Бел­гілі жапон сәулетшілерінің бірі – Кисе Курокаваның тұжырымдамасы жеңіп шықты. Ол қала құрылысының өзі «симбиотикалық сәулет өнері» деп ата­ған философиясын насихаттайтын. Ол бойынша қала табиғи ортамен үйле­сім­де өмір сүруге тиіс тірі ағза ретінде қа­ралды.

Бұл тұжырымдама Мемлекет бас­шы­сының идеясымен үндесе кетті. Нұр­сұлтан Әбішұлы бастапқыда-ақ Қазақстан елордасын жап-жасыл, Шы­ғыс пен Батыстың мәдени дәстүрі қоса өріл­ген, экологиялық шаһар болады деп пайымдады.

Алайда кейін Кисе Курокаваның жос­парын да пысықтай түсуге тура келді. Айтпақшы, оның себебі де алдыңғы сияқты – елорда ең оптимистік болжамдардан да тезірек өсе түсті.

Қазір қала дамуының жоспарлы схемасы үнемі дамытылып отырады. Мұнымен мамандандырылған жобалау ұйымы – «Астанабасжоспар» айна­лысады. Мемлекет басшысы бұл жұмысқа тікелей атсалысады, стра­те­г­иялық міндеттерді айқындайды, сәулетшілердің ұсыныстарын қарап, бекітеді.

Мен Мемлекет басшысының өмірлік көзқарасының кеңдігіне, орасан білім қорына үнемі қайран қаламын. Егер Нұрсұлтан Әбішұлы әлдене жайлы айтса, мүлдем сенімді болуға болады, ол қай тақырыпты да терең біледі әрі әңгімеге тамаша дайындықпен келеді. Президент көп оқиды. Өзін қызықтыратын салалардағы үздік мамандармен, оның ішінде сәулетшілермен, құрылысшылармен әңгімелесу үшін уақыт табады, ірі мегаполистердің даму мәселелерін терең зерделейді.

Астананың ең танымал ғимараттарын салу идеясы Мемлекет басшысына ти­е­сілі. Олардың көбісінің нобайын Нұрсұлтан Әбішұлы өз қолымен сызды. Қазір олар Тұңғыш Президенттің мұражайында сақтаулы.

«Бейбітшілік пен келісім сарайы» пи­ра­мидасы, «Хан Шатыр», «Астана опера», «Нұр Әлем» сферасы, Орталық Азиядағы ең ірі «Әзірет Сұлтан» меші­ті сияқты бірегей архитектуралық құры­лыс­тар мен басқа да көптеген нысандар – Тұңғыш Президенттің іске асып, ақиқатқа айналған идеялары.

Мемлекет басшысының идеясы бойынша салынған танымал құрылыстардың бірі – Қазақстан ел­ордасының визит карточкасы «Бәйтерек» кешені. Ежелгі аңыздың қазір­гі нышаны болып табылатын ол халқымыздың ғасырлар бойғы тарихының, заманауи Қазақстан мен Астананың бірлігі мен сабақтастығын айғақтайды.

Нұрсұлтан Әбішұлының тарихты, аңыздар мен бағзы хикаяларды өте жақсы білетінін, мәдениетіміз бен дәс­түрімізді қадірлеп-қастерлейтінін айту керек.

Ұлы Даланың қақ жүрегінде тұр­ғы­зылған Астана Тұңғыш Прези­денттің ойы бойынша гүл атқан жазираға айналуы тиіс. Шаһарда ондаған саябақ пен гүлзарлар жасалды. Сонау 1997 жылы-ақ Мемлекет басшысы елорданың айналасын үлкен жасыл аймаққа айналдыруды ұсынған болатын. Нұрсұлтан Әбішұлы ғалымдармен бірге жұмыс істеп, олар неғұрлым жергілікті жағдайға бейімделген ағаш пен бұта сұрыптарын іріктеді, көшеттерді отыр­ғы­­зуға өзі арнайы қатысты. Қазір Астана­ның жасыл көшеттер алаңы 80 мың гектарды құрайды. Қала айналасында нағыз орман өсіп шықты. Ол ауаны та­за­ртып, елорданы шаңнан қорғап, ауа райына жақсы әсер етеді.

Астана – әлемнің анағұрлым жылдам өркендеп келе жатқан елордаларының бірі. 20 жыл ішінде қала, біздің бүкіл елі­міз сияқты, адам танымастай өзгерді. Жыл өткен сайын ол өмір сүруге жай­лырақ, әдемірек бола түсуде.

Елорда  президенттік реформаларды іске асыруда көшбасшылық рөл ат­қар­ды. 1990-2000-шы жылдардың түйіс­кен тұсында, іс жүзінде нарықтық қағи­дат­тарды енгізу талап етілген кезде солай болды, қазір де, қоғам өмірінің барлық саласын жаңғыртуға бағытталған инс­ти­туционалдық реформа кезеңінде де солай. Елорда дамуының сөреден шық­қан­да алған қуатты қарқыны кейінгі жылдардың бәрінде сақталып келеді.

1997 жылдан бастап Астананың жал­пы өңірлік өнімі 190 есе өсті. Өнер­кәсіп – 30 есе, инвестиция 50 есе арт­ты, оның үстіне олардың басым бөлі­гін жеке салымдар құрайды. Елор­да­ға инвестицияланған мемлекеттік қа­ра­жат­қа келетін болсақ – Астана оны әл­деқашан қайтарған. Қала рес­пуб­ликалық бюджеттің донорына айналды. Елорда салық түрінде қазірдің өзінде 6 три­л-
лионнан астам теңге аударған. Бұл оған мемлекет жұмсаған қаражаттан 3 есеге жуық көп.

Елорда тұрғындарының саны 20 жыл ішінде 3 еседен астам ұлғайд­ы. Астана миллион тұрғыны бар мегаполиске айналды. Осы уақыт ішінде шамамен жалпы саны 180 мың пәтерлі 1 300 көппәтерлі тұрғын үй салынды. Қала алаңы 500 шаршы километрге ұлғайды.

Дегенмен ең басты жетістік, Астана­ның басты құндылығы, шамасы, мате­ри­алдық затта емес шығар. Оны тұрғын үйдің шаршы метрімен, салынған инвес­тициялар көлемімен немесе эко­но­ми­калық өсім көрсеткіштерімен өлшеуге болмайды.

Ежелгі грек философы Архимедтің: «маған аяқ тірейтін нүктені тауып беріңдер, мен әлемді төңкеріп тастайын» деген қанатты сөзін білмейтін адам кемде-кем шығар. Нұрсұлтан Әбішұлы үшін мұндай нүкте Астана болды, оған табан тіреген біздің Президентіміз тарих дөңгелегін теріс айналдырды.

Жаңа елорда Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің қуатты күш-жіге­рінің, энергиясының, мақсатқа ұмты­лушылығының шоғырланған көрі­нісіне айналды. Бұл біздің халықтың ақи­қатқа айналған арманы. Бұл біздің жас мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен табы­сының рәмізі.

Әділбек ЖАҚСЫБЕКОВ,

1997-2003, 2014-2016 жылдардағы Астана қаласының әкімі