Қазақстан • 04 Шілде, 2018

Астана шежіресі. 2011 жыл

626 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұл жылы еліміздің Ислам Конферен­циясы Ұйымының Сыртқы істер ми­нистр­лері Кеңесіне төрағалық етуі көп­қырлы дипломатияны жалғасты­руға, мұсылман әлемі елдерімен ынты­мақ­тастықты кеңейтуге тың серпін бер­ді. Сонымен қатар аталмыш жыл Президент Жарлығымен Тәуелсіздіктің 20 жылдығы болып жарияланып, мерейтой ұраны «Бей­біт­шілік пен жасампаздықтың 20 жылы» деп аталды. 

Астана шежіресі. 2011 жыл

18 қаңтар – Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының XII сессиясы өтіп, жиынға «Халық бірлігі – тәуелсіздік негізі» дейтін атау бұйырды.

27 қаңтар – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өту туралы» Жарлыққа қол қойды.

4 ақпан – Қазақстан Президентінің кезек­тен тыс сайлауы алдағы 3 сәуірге бел­гілен­ді.

8 ақпан – VII Қысқы Азия ойындары салтанатты түрде жабылды. Оған Елбасы Н.Назарбаев қатысты.

12 ақпан – қала басшысы И. Тасмағам­бетов VII Қысқы Азия ойындарында жеңіс тұғырына көтерілген елордалық спортшыларды қабылдап, Елбасы атынан пәтер сый­лады.

17 наурыз – Ұлыстың ұлы күні қар­саңын­да Елбасының қатысуымен Конгресс-холда мерекелік шара өтіп, жиын үстін­де 400 отбасына пәтер кілті табысталды.

30 наурыз – Президент Н.Назарбаев Астанада тұрғын үй құрылысын дамыту бағдар­ламасы бойынша салынып жатқан «Жағалау-3» тұрғын үй кешенін аралап көрді.

3 сәуір – кезектен тыс Президент сайлауы өтіп, «Нұр Отан» ХДП Төрағасы Н.Назарбаев сайлаушылардың 95,5 процент дауысына ие болды.

8 сәуір – Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасының Президентін ұлықтау рəсімі өтіп, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан Президенті куәлігін салтанатты түрде табыс етті.

19 сәуір – Мемлекет басшысы елордада салып жатқан жаңа опера және балет театрының құрылысын аралап көрді.

23 мамыр – қала әкімі И.Тасмағамбетов­тің төрағалығымен Астанада ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комис­сияның отырысы өтті.

25 мамыр – елордада Дүниежүзі қазақта­рының IV құрылтайы басталды. Тәуелсіздік сарайында өткен жиынға Елбасы – Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрал­қа Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі қаты­сып, сөз сөйледі.

10 маусым – Елбасы Н.Назарбаев қала­ны көмкеріп тұрған жасыл белдеу – орман алқабын аралап, оған қырғауыл ұшырылып, елік жіберілген сәтке куә болды.

4 шілде – Елбасы Н.Назарбаев мемлекет­тік рәміздер алаңында қала күнінің ресми ашылуына қатысып, әскери оқу орнының түлек­теріне офицерлік шен тапсырды.

6 шілде – Прездент Н.Назарбаевтың қаты­суымен бас қалада трамвай желісі құры­­лысының іргетасы қаланып, капсула қойыл­ды.

26 шілде – Елбасы Н.Назарбаев Аста­надағы ғылыми-зерттеу жобалау институтына барып, тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған салтанатты қақпаның жобасын көрді.

25 тамыз – Қазақстанға ресми сапармен Корея президенті Ли Мён Бак келді. Оған «Ас­тана қаласының құрметті азаматы» атағы берілді.

9 қараша – Елбасы Н.Назарбаев қала әкімі И. Тасмағамбетовті қабылдады. Қала басшысы елорданың әлеуметтік-эконо­микалық даму қорытындылары мен алдағы уақытта пайдалануға берілетін нысандар жайлы, сондай-ақ ел тәуелсіздігінің 20 жыл­дығын мерекелеуге даярлық барысы туралы Елбасын хабардар етті.

24 қараша – елорда басшысы И.Тас­мағам­бетовтің қатысуымен шаһардың инфра­­құрылымын жаңғыртуға бағытталған жиын өтті.

9 желтоқсан – Мемлекет басшысы Н.Назарбаев елордада «Тұлпар-Тальго» жолау­шы вагондарын шығаратын зауыттың ашылуына қатысты.

16 желтоқсан – Астанада Қазақстан Тәуел­сіздігінің 20 жылдығына орай «Мәң­гілік Ел» қақпасының салтанатты ашылуы болды. Ресми шараға Мемлекет басшысы Н.Назарбаев қатысты. Нысанның биіктігі – 20 метр. Қақпаның сол жақ қапталында «Ақсақсал» мүсіні орнатылған. Бұл – халықтың рухани өлшемінің көрінісі, даналық символы.

19 желтоқсан – Брюссель қаласында EFQM бас директоры Пьер Каше Астана қаласына сапа менеджменті жөніндегі Еуропалық қордың «Мойындалған жетістік» сертификатын тапсырды. Бұл құжат – сапа менеджменті жүйесін енгізуде бәсе­кеге қабілетті үздіктерге берілетін марапат.

Дайындаған Бекен Қайратұлы

«Егемен Қазақстан»