Театр • 04 Шілде, 2018

Айтулы фестивальдың айшықты әсерлері

371 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елордамыздың 20 жылдық мерейтойына орай екі апта бойы үздік тәжірибе көрсеткен Қазақстан және әлемнің айтулы театрлары Арқа төрін шын мәніндегі өнердің ұлы думанына бөледі. Естен кетпес әсерлер, ұмытылмас естеліктер, қайталанбас шығармашылық тәжірибе алмасулар, үздік өнер көрсету, ағеділ көңіл, арқа-жарқа пікір бөлісу – мұның барлығы да ІІ Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалінің басты ерекшелігі һәм жаңалығы. 

Айтулы фестивальдың айшықты әсерлері

Мәдениет және спорт министр­лігінің қолдауымен «Қазақ­кон­церт» мемлекеттік концерттік ұйы­мы және Қа­зақ­стан театрлары­ ассо­циациясы ұйымдастырған фести­вальда еліміздің үздік театр ұжымдары: М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма теа­тры, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қа­зақ музыкалық драма театры және республикамыздағы ең жас өнер ордасы Astana Musical театрларынан бөлек, Италия, Германия, Польша, Литва, Жапония, Грузия, Қы­тай, Ресей, Ұлыбритания, Өз­­бек­стан және Қырғызстан театрларының сах­на­ның сан түрлі сиқырын игерген шығар­­машылық ізденісі өнер­сүйер көпшіліктің кө­ңіліне берік бекіп, әр көрер­мен үшін естен кетпес әсерін ұзақ уақыт айтып жүрер айтулы өнер оқиғасына айналғаны сөзсіз.

КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, белгілі актер Асан­әлі Әшімов, Париж қаласын­дағы ұлттық ғылыми-зерттеу орталығының директоры, теа­тртанушы, профессор Беа­трис Пикон-Валлен, Лит­ва орыс драма театрының бас режиссері, Литва және КСРО мемлекеттік сыйлы­ғының иегері, профессор Йонас Вайткус, ре­жис­­сер, театр сыншысы, IVT,­ theatre-contemporain, mode&custumes бұқаралық ақ­­па­рат құралдарының тәуел­­сіз журналисі, перфомер және мим өнері актері Да­вид Шавлис – Асатиани және Габ­риэль Гарсиа Маркес атындағы америкалық театр қорының көркемдік жетек­шісі, режиссер Давид Папава Гурджи бастаған сыншылар алқа­сының сарапшылығымен кәсіби тұр­ғыда баға берілген фестивальда көрер­мен қауым Джорджо Стрелер (Италия), Роберт Стуруа (Грузия), Эймунтас Някрошюс (Литва), Юрий Бутусов (Ресей) сынды әлемнің үздік режиссерлерінің қойылымдарын тама­шалауға мүмкіндік алды. Сондай-ақ Франция мемлекетінен ша­қырылған арнайы қонақ Берлин, Венеция және Канн кинофестивалінің «Оскар» және «Алтын пальма бұтағы» сый­лы­ғының иегері, белгілі актриса Жюльет Биноштың өнер университеті сту­денттері мен театр және кино актер­леріне арналған шеберлік сыныбы да фестиваль қатысушылары мен қонақтарына шығармашылық соны серпіліс сыйлағаны сөзсіз. Әйгілі актрисаның ІІ Дүниежүзілік «Астана» теа­тр фестивалінің салтанат­ты жабылу рәсіміне тарту ет­кен «Жүректен шық­қан сыр­лы сөз» атты шығарма­шы­лық кешінің де астаналық өнер­сүйер қауым көңілінде жағымды әсерімен жатталғаны анық.

Ал бас қаланың бас­ты оқиғасына айналған ІІ Дү­ние­жүзілік «Астана» театр фестиваліне қатысушы қо­нақтар мен театр маманда­рының Қазақстан, оның ішінде елордамыз – Астана жайлы пікірі де, әсері де сан алуан. Фестивальдан, Қазақ елінен алған әсерлерімен бөліскен мамандар пікірі төмендегіше өрбіді.

Жюльет БИНОШ,
Берлин, Венеция және Канн кинофестивалінің «Оскар» және «Алтын пальма бұтағы» сый­­лығы­ның иегері, белгілі актриса:

– Таң­сәріде ұшақтан түсе сал­ғаннан менің назарымды аударғаны – қаланың сәнді де сәулетті архитектурасы бол­ды. Адамдары да сондай ақ­жар­қын, күле қарап жауап беретін ізетті, жайдары жандар екен. Қазақ хал­қының қонақ­жайлылығы да мені ай­рықша тәнті етті.

Сахна тыңғылықты да жіті ізденісті, еңбекті талап ете­ді. Күні кеше Канн фес­тива­лінде топ жарған жер­лес­теріңіз, актриса Самал Ес­лямованың жеңісі де үз­дік­сіз ізде­ністің жемісі екені сөз­сіз. Біле білсеңіздер, әлемнің ең бедел­ді кинофестивалінде топ жарған қа­зақ қызының жеңісі – мұқым қазақ­тың абыройы, мақтанышы. Бұл Қазақ­стандағы өнердің деңгейін көр­сетеді деп есептеймін.

Давид ШАВЛИС-АСАТИАНИ,
режиссер, театр сыншысы, IVT, theatre-contemporain, mode&custumes бұқаралық ақпарат құралдарының тәуелсіз журналисі, мим өнері актері:

– Фестиваль маған өзінің бағ­дар­ламалық мазмұнының сан алуан­дығымен, жанрлық, формалық тұр­ғыдан бір-бі­ріне ұқсамайтын сан­тарап­ты­лығымен айрықша ұнады. Театр маманы ретінде ең әуелі осы жағын атап өткім келеді. Әсі­ресе Литва театры әкел­ген Ф.Кафканың «Аштық ше­бері» және ресейлік театр­ қой­ған А.Чеховтың «Ваня ағай» спектакльдері көңілімде ерекше сақталды. Сол секілді қазақстандық жас режиссер Фархат Молдағалиевтің «Қарагөз» қойылымындағы ізденісін айрықша атап өткім келеді. Astana Musical театры ұсынған «Қыз Жібек» қойы­лымы да өзіндік ұлттық бедерімен қызықтырды.

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Егемен Қазақстан»