Қазақстан • 04 Шілде, 2018

«Хат қоржын» (04.07.2018)

389 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
«Хат қоржын» (04.07.2018)

...ұсыныс жасайды

Кешенді ескерткіштер орнатылса

Елімізде біздің бастапқы мемлекет болуымыздың негізін қалаған Керей мен Жәнібекке, кейінгі Абылай мен Кенесары хандарға ескерткіштер орнатылған. Жалпы, қазақтың хандарына, бостандық үшін басын тіккен батырларымызға жер-жерлерде ескерткіштер, мүсіндер, басқа да белгілер қойылған, қойылып жатыр. Айтпағым – Қасым хан, Әз Тәуке және Абылай үшеуіне арналған біртұтас кешенді ескерткіш орнатылса. Біртұтас ескерткішті айбынды Астанада, азаттық алауын жаққан Алматыда, ұлт ұйытқысы Ұлытауда немесе қазақтың қасиетті де киелі орындарының біреуіне, тіпті бірнеше жерге орнатса олқымыз толып, ұтпасақ ұтылмас едік. Олар біздің басты байлығымыз – бірлікке шақырып тұратын киелі кешен, мерейлі мекен болар еді. Өзім бастауыш сынып ұстазы болғаныммен, айтқыр аталардың, әзиз әжелердің әлдиімен есейіп, текті тілімізді, әлемдік деңгейдегі ауыз әдебиетімізді, терең тарихымызды оқып өскендіктен ел бірлігі мен болашағын бәрінен жоғары қоямын.

Фариза АҚНАЗАРОВА,

 №9 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі

Ақмола облысы,

Степногор қаласы

...әсерімен бөліседі

Әміре туралы әдеби кеш

С.Жиенбаев атындағы жасөспірімдер кітапханасында «Әміре – ән көгінің айнасы» атты Әміре Қашаубаевтың 130 жылдығына арналған әдеби-бейне сағаты өтті. Әміре Қашаубайұлы ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында әуелеген әнімен адамзат баласын таңдандырған, қайталанбас ұлы әнші. Қазақ музыкасындағы Әміренің алатын орны – Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Жарылғапберді, Мәди сынды замана тұлғаларының әншілік дәстүрін кеңестік кезеңге жалғастырып, жеткізіп беруінде болып табылады. Қатарлас әріптесі Елубай Өмірзақов Әмірені «самородный сары алтын» дегені бар.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Балнияз Ажниязов оқырмандарға әнші жөнінде өзі білетін мәліметтерімен бөлісіп, шараға қатысушылар Әміренің өз дауысымен шырқаған «Балқадиша» әнін тыңдап, «Әміре Қашаубаев» деректі фильмі көрсетілді.

Сондай-ақ «Ұлт өнерінің мақтанышы» кітап көрмесі дайындалып, Әміре Қашаубаев жөніндегі кітаптар мен баспасөз бетінде жарияланған мақалалар қойылды. Кітапхана қызметкері Лаззат Бултекова баспасөз бетінде жарияланған Әміре Қашаубаев туралы ма­қалаларға шолу жасап, «Өмір-ай» газетінде жарық көрген «Әміренің жұмбақ өлімі» мақаласын көпшілікке оқып берді. Париж аспа­нын әнге бөлеген Әміре туралы өткен кітапханадағы әдеби-бейне сағат көп оқырманға жақсы мәліметтер берді деген ойда­мыз.

Лариса ҚҰРЫМБАЕВА,

С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының қызметкері

Ақтөбе

...мақтан тұтады

Оңтүстік Кореядан жүлделі оралды

Қазіргі заман мұғалімінен тек өз пәнін терең білу ғана емес, одан жоғары кәсіби біліктілік, өз мүмкіндіктерін жүзеге асыра алатын шығармашыл тұлғаны қалыптастыру, дарынды балаларды тәрбиелеу шеберлігі сияқты қасиеттер де талап етіледі. Осындай қоғамдық міндетті арқалаған Бурабай ауданы, Шучье қаласы №9 мектеп-гимназиясында дарынды оқушылармен жұмыс жақсы жолға қойылған. «Зерде» кіші ғылым академиясы жас жеткіншектерді мектеп қабырғасынан бастап ғылыми жоба жазуға үйрету мен ғылыми ой-өрісін дамыту жолында нәтижелі жұмыс жасап келеді. Жуырда 10- сынып оқушысы Әділ Шабденов Оңтүстік Кореяның Таэджон қаласында өткен «Жас ғалым» халықаралық ғылыми жоба қорғау конкурсында «Саумал сүттен жасалған шипалы балмұздақ» тақырыбында ғылыми жоба қорғап, жүлделі І орынға ие болды. Ұйымдастырушылардың шешімі бойынша Әділ Шабденовқа Таэджон қаласындағы Солбридж бизнес университетінде оқуға 60 пайыздық жеңілдік табысталды. Осы жобаны жазу барысында үлкен қолдау көрсеткен мектеп директоры Бибігүл Күшековаға алғысымыз шексіз. Білікті ұстаз бен білімді шәкірт білім ордасының мақтанышы.

Баян БЕКЕТАЙ,

№9 мектеп-гимназиясы директорының бейінді оқыту жөніндегі орынбасары

Ақмола облысы

...ой айтады

Сыйлық жатақхана салуға жетер ме еді...

Біз студент кезімізде жатақханада тұрдық. Үйіміз ел астанасынан алыс­та. Сабаққа өз үйінен келетін астаналық достарымызға қызығамыз. Ал олар бізге қызығады. Қайсыбірі бөлмемізге келіп қонып кетіп жүретін. Жатақхананың өз қызығы мен думаны көп қой. Дегенмен қиындығы да болмай тұрмайтын. Сол кезде «мен көрген қиындықты балаларым сезбей өсулері үшін қайткен күнде провинцияда тұрмауым керек» деп іштей ант-су ішетінмін. Алла оған да жеткізді. Құдайға шүкір, балаларым өз үйімізде тұрып оқыды. Жатақхананың не екенін білмей өсті. Күздің осындай сұрғылт, салқын күндері бүрсеңдеп сабақтан келе жатқан студентті көргенде, қырық жыл бұрынғы өз халім еске түсіп біртүрлі аяп кетемін. Əттең қол қысқа. Астанада студенттерге жатақхана жетіспейді. Əр жерде пəтер жалдап артынып-тартынып жүргені. Əлгінде ғана жол жиегінде бүрсең қаққан бір тобын көзім шалды. «Шіркін-ай, Нобель сыйлығын алсам, осыларға бір жатақхана салуға сол қаржы жетер ме екен? Маған ақшасының керегі не, атағы да жеткілікті ғой» деген ой келгені. «Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе» деп осындайда айтылған шығар...

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ

АСТАНА

...жаңалығын жеткізеді

Әзіл-сықақ отауларының сайысы

Жуырда Шиелі аудандық мәдениет үйінде «Мінекей Мейірманның ізбасарлары» атты әзіл-сықақ отауларының республикалық байқауы өтті. Осымен төртінші мәрте өткізіліп отырған айтулы шараға Қызылорда облысының аудандарынан өзге Жамбыл, Түркістан, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарынан өнер ұжымдары келіп, белгілі актер Мейірман Нұрекеев атындағы жүлдені сарапқа салды.

Шараға белгілі әзілкеш Қанат Әлжаппаров бастаған қазылар алқасы төрелік етті. Қорытындысында Жаңақорған ауданының «Күлеміз-ау, қайтеміз» атты әзіл-сықақ отауы бас жүлдені жеңіп алса, бірінші орынға Жамбыл облысынан келген «Күлкі шаңырағы» тамаша ойын-сауық отауы ие болды. Екінші орынға Қызылорда қаласының «Мереке думан» халықтық әзіл отауы көтерілді. Ал үшінші орынды Арал ауданының «Тамаша» халықтық әзіл-сықақ отауы мен Шиелі ауданы, Алғабас ауылдық клубы жанынан құрылған «Қытық» халықтық әзіл-сықақ отаулары өзара бөлісті.

Облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюссерлік орталығы мен Шиелі аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғанына барлық қатысушы да, көрермендер де тәнті болды.

Нұрмахан ЕЛТАЙ

Қызылорда облысы