Қазақстан • 04 Шілде, 2018

Астана – Тәуелсіздіктің жемісі

1279 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда Елордамыздың 20 жылдық мерейтойына орай «Астана – Тәуелсіздіктің жемісі» атты тарихи-құжаттық көрме және дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Айтулы шараның өтуіне Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві мен осы шаһарда орналасқан ұлттық-мәдени бірлестіктер мұрындық болды.   

Астана – Тәуелсіздіктің жемісі

Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Борис Жапаровтың алғы сөзімен ашылған шара барысында көпшілік назарына тарихи-құжаттық көрме мен деректі фильм ұсынылды. Сол көріністер арқылы тарихи шешімнің қалай қабылданғаны, ұлы көштің басталуы, ел астанасының алғашқы кезеңдегі тыныс-тіршілігі, Ақмоланың Астанаға айналуы және басқа да құнды деректерге қанық болдық.

1997 жылдың 20 қазанында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақмоланы Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялады. Сол жылдың 25 қазанында еліміздің мемлекеттік рәміздері Алматыдан Ақмолаға көшірілді. Ал 1998 жылдың 6 мамырында Президенттің Жарлығымен Ақмола қаласының атауы Астана деп өзгертілді. Бірте-бірте үкіметтік ұйымдар мен басқа да мекемелер Арқа төсіне қоныс аударып, құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүргізіле бастады. Нәтижесінде қысқа ғана мерзім аралығында зәулім ғимараттар бірінен кейін бірі бой көтеріп, жаңа астанамыз  керемет кейіпке енді. Тұрғындар саны күрт өсті. Орасан зор маңызы бар саяси, экономикалық, әлеуеметтік-мәдени іс шаралар мен форумдардың жиі ұйымдастырылуының арқасында әлемдік қауымдастық алдында Астананың беделі мен танымалдығы артты. Бұл күндері республикамыздың бас қаласы адам танымастай болып өзгерді. Оған барша жұрт куә. 1999 жылы ЮНЕСКО ұйымы Астанаға «Әлем қаласы» мәртебесін берді. Осының барлығы да Қазақстан Республикасының Президенті-Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл идеясы мен көрегендігі және сындарлы саясатының арқасында жүзге асты, – дейді Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Борис Жапаров.   

Алматыда ұйымдастырылған осы іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, Архив жанындағы қоғамдық кеңесінің мүшелелері және  архив ісінің ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ