Тарих • 05 Шілде, 2018

Астана шежіресі: 2015 жыл

430 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жылдың басы ақпан айында Қазақ­стан халқы Ассамблеясы Кеңесінің оты­рысында кезектен тыс президенттік сай­лау өткізу туралы бастама көтерілді. Сөй­тіп кезектен тыс сайлау 26 сәуірде өтті. Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан  Республикасы Президенттігіне дауыс беру қорытындысын жариялап, сай­­­лаушылардың  97,75 пайыз дауы­сына ие болған Н.Назарбаевтың жеңісін ресми мәлімдеді. Мемлекет басшысы сайлауалды тұғырнамасында  бес инсти­туционалдық реформаны жүзеге асы­рудың маңызды қадам екенін,  сондай-ақ оны түбегейлі іске асыру мақсатында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын заң­дық тұрғыдан қамтамасыз етуді ұсынды.

Астана шежіресі: 2015 жыл

9 қаңтар – шаһар басшысы Ә.Жақсыбеков Астана қаласының кәсіптік-техникалық колледжінде болып, білім мекемелерінің жұмысымен танысты.

28 қаңтар – «Астана» сурет галереясында жаңа графика және мүсін залы ашылды. Залға елімізге танымал кәсіби графиктер мен бейнелеу өнер шеберлерінің мүсіндері қойылды.

6 ақпан – Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының ашылуына байланысты рәсім өтті.

27 ақпан – Астана әкімі Ә.Жақсыбеков елордалық бірқатар медицина мекемелерінің жұмысымен танысып, «Шипагер» отба­сылық денсаулық орталығында болды.

1 наурыз – Елбасы Н.Назарбаев  шаһар тұрғындарымен бірге «Астана Арена»­ стадионында футболдан Қазақстан супер­кубогін сарапқа салған «Астана» – «Қайрат» ойынын тамашалады.

16 наурыз – «Астана Опера» театрында мәдениет қайраткерлерінің қатысуымен мәдени саясаттың тұжырымдамасын талқылаған мәжіліс өтті.

18 наурыз – Астана қаласында Қазақстан Республикасы Президенті іс басқармасы медициналық оңалту кешені ашылып, шараға Н.Назарбаев қатысты.

6 сәуір – елорданың барлық жоғары оқу орындарында «Қарқынды үзіліс» шарасы өткізіліп, жастар астаналықтарды 26 сәуірде өтетін  Президент сайлауына белсене қатысуға шақырды.

15 сәуір – Бауыржан Момышұлы ескерткіші алдындағы алаңда Астана қалалық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Жеңістің 70 жылдығына арналған «Намыс тұғыры» атты патриоттық-тағылымдық іс-шара өтті.

24 сәуір – елордада Жастар саясаты мәселелері басқармасының бастамасымен студенттік құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасағының жаңа науқаны салтанатты түрде  ашылды.

29 сәуір – сайлауда жеңіске жеткен Президент Н.Назарбаев қызметіне ресми кірісуіне байланысты салтанатты ұлықтау рәсімі өтті.

7 мамыр –  Астанадағы «Қазақ елі» монументі алаңында Қазақстан Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Назарбаевтың қаты­суымен Отан қорғаушы күніне және Жеңістің 70 жылдығына арналған әскеру шеру болды.

20 мамыр – Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бес институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт  жоспары жарияланды.

22 мамыр – Мемлекет басшысы Н.Назарбаев көпфункционалды «Талан тауэр»­ және «Абу-Даби Плаза» және «Жа­сыл квартал» тұрғын үй кешендерінің құры­лыс алаңын аралап, атқарылған жұмыс­тармен танысты.

2 маусым – Астанадан Кореяға және Грузияға тікелей әуе рейстері ашылды.

5 маусым – «Астана Арена» стадионында «Муз ТВ-2015. Гравитация» сыйлығын тапсыру салтанаты өтті.

4 шілде – Елбасы Н.Назарбаев елорда­дағы «Атамекен» этно-мемориалды кешені­ алаңында жыл сайынғы дәстүр бойынша Мемлекеттік ту көтеру салтанатты рәсіміне қатысты.

19 тамыз – Астана қаласында жастар арасында велосипедпен жарысудан  UCI әлем чемпионаты басталды. Оған дүние жүзінің 32 елінен 200-ден аса спортшы қатысты.

19 қыркүйек – Астанада «Біз – таза қала үшін!» ұранымен қалалық сенбілік өтті. Шараға 81 мыңнан астам адам, 460 техника жұмылдырылды.

20 қараша – «Астана» халықаралық әуежайында бизнес-авиация терминалы ашылды.

9 желтоқсан – Астана қаласының әкімі Ә.Жақсыбеков 72 жас отбасыға салтанатты жағдайда пәтер кілтін тапсырды.

14 желтоқсан – Мемлекеттік Тумен безендірілген автокеруен елорда көше­лері­мен жүріп өтті. Оны ұйымдастырған «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының Астана қалалық филиалы.

Дайындаған Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

 «Егемен Қазақстан»