Тарих • 05 Шілде, 2018

«Ұлы Дала Астанасы» кітабы жарық көрді

893 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Астана қала­сының 20 жылдық мерейтойына орай Анкарада «Ұлы Дала Астанасы» (Ulu Bozkır Başkenti Astana) атты кітап жа­рық көрді.

«Ұлы Дала Астанасы» кітабы жарық көрді

Жаңа жинақ Астана қала­сының 20 жылдық мерейтойына тарту ретінде Қазақстанның Түркиядағы елшілігі тарапынан арнайы дайындалды.­ Кітапта Түркияның 11-пре­зиденті Абдолла Гүл, Пре­зидент Режеп Тайип Ердо­ғанның бас кеңесшісі Ялчын Топчу, Түркия Ұлы Ұлттық Мә­жілісінің экс-төрағалары Хикмет Четин мен Жемил Чичек, бұрынғы Мәдениет ми­нистрі Намык Кемал Зейбек, Түрік кеңесінің бұрынғы бас хат­шысы Халил Акынжы бас­таған саяси тұлғалар, мемлекет және қоғам қай­раткерлерінің, зиялы қауым өкіл­дерінің арайлы Астана мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың екі елдің саяси-эко­­но­ми­калық байланысын дамы­ту­дағы маңызды рөлі туралы сараптамалық мақалалары, зерттеу еңбектері және шынайы пікір мен жылы лебіздері берілген.

Кітаптың алғысөзінде Қа­зақ­стан Республикасының Түр­киядағы Төтенше және өкі­летті елшісі Абзал Сапар­бек­ұлы «Қазақстан Прези­дентінің «Астана – ең алдымен азаттығымыздың символы, Қазақстанның жаңа тари­хының шынайы шежіресі, қар­қынды дамуымыздың, қол жеткен табыстарымыздың, абырой-беделіміздің, береке-бірлігіміздің жарқын көрінісі» деген ұлағатты сөзі әрдайым жадымыздан шыққан емес.

Қазақ және түрік тілінде жарық көрген жинақ бауырлас елдердің достығын күшейтіп, сені­мін арттыра түседі деген ойдамын. Сондай-ақ алда­ғы уақытта Қазақстан мен Түр­кия ынтымақтастығын зерт­теушілер үшін құнды еңбек боларына сенемін» дейді.

Түркия Республикасының экс-президенті Абдолла Гүл «Ғаламат жетістіктің жемісі» атты мақаласында «Осыдан он жыл бұрын Түркия Респуб­ликасының президенті ретін­де қымбатты бауырым Нұрсұлтан Назарбаевпен бір­ге халықаралық деңгейдегі салтанатты жиынға қатысып, тілек­тестігімді білдірген едім.­ Астананың жаңа мегапо­лис ретінде қалыптасуы – жо­ғары мәртебелі Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанған стра­те­гиялық саясаты мен кемел көрегенділігінің нәтижесі деп нық сеніммен айтуға бо­ла­ды.

Түркітілдес мемлекет­тер­дің ынтымақтас­тық кеңе­сін құру туралы Нахчыван келі­сі­мінің ең белсенді қол­­­­­дау­­шысы Нұрсұлтан Назарбаев болғандықтан, мен оны «Түркі әлемінің ақса­қалы» деп жариялаған едім. Қазақстан Президенті бұл құрметке әбден лайық тұлға!» деп ағынан жарылыпты.

Түркия Республикасы Пре­зи­дентінің Бас кеңесшісі Ялчын Топчу «Азат елдің алтын тәжі» мақаласында «Бо­лашақта қазіргі әлем тарихы жазылар уақытта Қазақстан мен қазақ түркілері бөлімінде «Тұң­ғыш Президент», «Түр­кі дүниесінің ақсақалы Нұрсұлтан Назарбаев», «Ас­тана қаласы» деген сөздер бір ұғымға айналып, қатар ата­латын болады. Астана – «Аси­танеи Шахане», яғни «пат­шаның табалдырығы, таң­ғажайып бас қала» дегенді білдіреді. Бұл анық­тама кезінде Ыстанбұл үшін қолданылған еді. Мем­лекеттер мен елдердің қа­лыптасу тарихында ұлы көш­басшылар қандай рөлге ие болса, басты шешімдер шығарылған шаһарлар да маңызды орын алған. Қазіргі Қазақстанның негізін салған ақсақалымыз – көшбасшы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз елдің символы ретінде Аста­наны іргетасынан бастап тү­бегейлі жоспарлап, әрбір ғи­мараттың құрылысын қалт­қысыз қадағалап, әр кірпішін қамқор қолмен қалады», дейді.

Түркия Республикасының Сырт­қы істер министрі Мев­лют Чавушоғлу «Түркі әле­мі­­нің ақсақалы, жоғары мәр­тебелі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ба­йып­­ты байламынан кейін, 1998 жылы Қазақстанның бас қаласы ретінде Астана­ның­ бекітілуі тәуел­сіз қа­зақ елі тарихындағы ай­шық­­­ты оқиғалардың бі­рі болды. Қадірменді Нұрсұлтан­ Назарбаевтың ай­қын ұй­ға­рымы шамамен жүз жыл бұрын Түркия Рес­пуб­ликасының әкімшілік орнын Анкараға көшірген Ұлы көшбасшымыз Гази Мұс­тафа Кемал Ататүрік­тің болжа­ғыштық қасиетін еске салады. Астана – ел ордасы бо­лып жарияланған күн­нен бауырлас шаһар Ан­кара сын­ды жедел дамып, Қазақ­станның символына айналды, Президент Нұрсұлтан Назарбаев­тың даналығымен модернизацияланған елдің әлем­дік аренадағы бет-бей­несін танытты», деген пікірін білдір­ген.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар