Әдебиет • 06 Шілде, 2018

Несіпбек Айтұлы. Бір ұғым елордамен есіміңіз!

688 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Несіпбек Айтұлы. Бір ұғым елордамен есіміңіз!

Тудырған кемеңгерсіз ұлы дәуір,
Көтерген замананың жүгін ауыр.
Айбынды ағасысыз алты Алаштың,
Жақсының бәрі Сізге іні-бауыр!

Бұл күнде оқиға көп ойды бұзған,
Табаны талайлардың тайды мұздан...
Тапсырған Тәңір өзі аманаттап,
Түспесін ел парызы мойныңыздан!..

Жол салып Түркістанның жүрегіне,
Түркінің айналдырдың тірегіне.
Аруақтар аунап түсіп берді бата,
Қосылып қалың елдің тілегіне.

Адамға бақыт керек өзге қандай,
Астана іштен шыққан өз балаңдай?!
Түсірген нұр сәулесін болашаққа,
Қараса келбетіне көз қанардай...

Жеткізіп айта алмасам, кешіріңіз,
Бір ұғым Астанамен есіміңіз!
Мәңгіге құйып кету міндетіміз –
Ұрпақтың зердесіне осыны біз!

Несіпбек Айтұлы,
Мемлекеттік 
сыйлықтың лауреаты