Партия Саяси кеңесінің отырысында Елбасы партиялық кадрлардың әлеуетін арттырып, бұл саланы жүйелі жаңғырту туралы нақты тапсырма берген болатын. Соған сәйкес «Нұр Отан» партияішілік трансформацияны қолға алып, кадрлық сапаны күшейтуді бастап кетті. Сондықтан биыл еліміздің жетекші партиясына мүше болғысы келгендер үшін нұротандық атану оңайға түскен жоқ. Олардың әрқайсысы түрлі талаптар бойынша іріктеліп, таңдалып алынды.
Салтанатты шараны ашқан партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев алдымен қатысушыларды Астана күнімен құттықтап, биыл бұл мерекенің мәні де, маңызы да бұрынғыдан өзгеше екенін айтты. Ұйым қатарына жаңадан қабылданған жас нұротандықтар алдағы уақытта Елбасы бастамаларын жүзеге асыруға елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.
Нұротандық атанған азаматтардың қатарында бұған дейін де партияның әр бастамасын қолдап, оның іске асырылуына өз үлесін қосып, партиялық жобаларға белсенді қатысып жүрген жандар бар. Нақты айтқанда, математика, физика және информатика пәндерінің мұғалімдері арасындағы халықаралық креативті олимпиаданың жеңімпазы, бағдарламалау негіздерін оқытатын компанияның жетекшісі Абзал Оразәлиев, ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған ағылшын тілін үйрететін курстарды ұйымдастырушы Мансұр Құрманғалиев, «Богатырь Комир» компаниясының басшысы, партияның «Балаларға арналған тегін ІТ-сынып» жобасынын демеушілердің бірі Рустам Сансызбаев, «Қазақстанның Агро Инновациялық Корпорациясы» ЖШС-нің бас директоры, Көкшетау қаласында партиялық жобалардың жүзеге асырылуына қаржылай қолдау көрсеткен кәсіпкер Олег Балыбин бүгін партиялық билеттерін алды.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»