Қазақстан • 06 Шілде, 2018

Хикмет Четин: Жарқын болашақ кепілі

568 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл Қазақстанның тәуелсіздік алғанына – 27 жыл, Астананың бас қала ретінде бой көтергеніне – 20 жыл толып отыр. Қазақ елі 1991 жылдың 16 желтоқсанында Тә­уелсіздігін жариялаған бо­латын. Түркия сол күні бауырлас мемлекеттің тәуелсіздігін алғаш­қы­­лардың бірі болып­ мо­­­йын­дады. Түркі әлемінің Ақсақалы, Ұлт Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­шылығымен өркениетті әлеммен интеграциялану үшін елдің экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуында маңызды қадамдар жасалды. Сыртқы сая­сатта көрші елдермен бейбіт қарым-қатынас орнатылып, аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылық қолға алынды. 

Хикмет Четин: Жарқын болашақ кепілі

Президент Қазақстан астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру, сондай-ақ Ақмола ата­уын Астанаға өзгерту туралы жас мемлекет тарихындағы маңызды шешімді қабылдады. Бұл байламның мәнісі туралы Алматыда кездес­кенде Нұрсұлтан Назарбаевтан сұрағанымда, ол кісі «Ататүрік астананы Ыстанбұлдан не себеппен Анкараға көшірсе, мен де бас қаланы Алматыдан Астанаға сол себеппен ауыстырып жатырмын», деді. 
Сол уақыттарда да, кейінгі жылдарда да Астанаға бірнеше мәрте жолым түсті. Барған сайын барлық саладағы қарқынды өзгерістерді көріп, өз көзіме өзім сенбей қайтатынмын. 

Астана 20 жыл ішінде заманауи саяси орталыққа айналып қана қоймай, эконо­микалық, әлеуметтік және мәдени саласы қоса гүлденген түркі әлемінің озық қалаларының бірі ретінде таңғалдыра алды.

1992 жылдың наурыз айында Қазақстанға ресми сапармен келген алғашқы Сыртқы істер министрі мен болатынмын. Кейін Қазақстан мен Астанаға бірнеше мәрте шақырту алдым. Жас мемлекет пен жаңа елорданың барлық салада түрленгенінің куәсімін. 

Астана – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың келешекті болжай білген кемел көрегендігі мен мақсатына жете білген табандылығының арқасында төрткүл дүниеге танылған тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағының көрінісі.

Астананың сәулетті келбеті – осыдан 95 жыл бұрынғы жас Түркияның астанасы ретінде Анкараға таңдау жасаған Мұстафа Кемал Ататүрікті есімізге түсіреді. 

Жас қаланың әрбір алаңының масатыдай құлпырып, көркейе түскені көңілімізге қуаныш сезімін ұялатады. Аз ғана уақыт ішінде жан-жақтан қоныстанушылар кө­бейіп, сәні мен салтанаты жарасқан қазақы орталыққа айналды. Қаланың дамуына түрік кәсіпкерлері, сәулетшілері, инженерлер мен қарапайым қызметкерлердің үлес қосқанын мақтан тұтамыз. Түрлі түрік компаниялары әлеуметтік инфрақұрылым салаларын жандандырып, ірі қоғамдық ғимараттардың іші-сыртын безендірді. Астананың абыройы асқақ ғимараттары қазақ кәсіпкерлерінің кәсіби дәрежесіне деген сенімді және екі бауырлас елдің бірге жұмыс істей алатынын айғақтайды.

Астана саяси, экономикалық, мәдени шаралар өтетін және дін өкілдері бас қосатын орталыққа айналып, халықаралық деңгейдегі іс-шаралар Қазақ жеріне әлем назарын аудар­ды.

Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп, Астанада ЕҚЫҰ саммитін өткізді. Сириядағы қақтығысты тоқтату мақсатындағы бітімгерлік миссиясы «Астана процесі» деген атауға ие болды. 

Бүгінгі таңда әр тарапта өтіп жатқан ха­лықаралық кездесулерде Астананың аты Женевамен қатар аталып, бейбітсүйгіш қала ретінде танылды.
Астана мен Қазақстанның Тәуелсіздік алғаннан кейінгі сыртқы саясаттағы жетіс­тіктері Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік тәжірибесі мен сарабдал саясатының жемісі екені даусыз. 

Қазақ бауырларымды Астананың 20 жыл­дық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! 

Білге қағанымыз, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басқаруымен бауырлас елдердің достық-ынтымақтастық қарым-қатынасы кеңейе түсіп, арайлы Астана түркі әлемінің мәңгі жарқыраған жұлдызы болып қаларына сенемін.

Хикмет ЧЕТИН, 
Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің экс-спикері