Қазақстан • 06 Шілде, 2018

Астана шежіресі: 2017 жыл

504 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Бас Ассамблеяда өткен дауыс беру кезінде еліміз 138 мемлекеттің қолдауына ие болды. Сонымен қатар жылдың басында Қазақстан Конституциясының 19-бабына 26 өзгеріс енгізілді. Оған сәйкес 40-қа жуық өкілеттілік Үкімет пен Парламентке бөліп берілді. Елімізде ЭКСПО-дан бөлек тағы бір үлкен оқиға – 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында Алматыда Қысқы Универсиада ойындары өтті. Дүбірлі додаға әлемнің 57 елінен келген спортшылар спорттың 12 түрі бойынша сайыс­ты. Жылдың тағы бір жаңалығы – қаңтар айы­нан бастап Қазақстанға 48 мемлекеттің тұрғындары визасыз режімде қонаққа келе алатын болды. 

Астана шежіресі: 2017 жыл

10 қаңтар – Астана вокзалы аумағында көлік қоюға арналған 251 орындық тұрақ ақылы режімге көшті. Нәтижесінде, вокзал маңында көлік жүктемесі 25 процентке азайды.

25 қаңтар – дүниежүзілік Қысқы Уни­версиада алауы елордадан бастау алды. Назарбаев Университетінде өткен рәсімге Елбасы Н.Назарбаев қатысып, еліміз туын биатлоншы Дәулет Рахымбаевқа табыстады.

16 ақпан – ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің кәдесый өнімдері таныстырылды. 

25 ақпан – Есіл өзенінің үстіне тұр­ғы­зылған «Қыс өрнегі» атты спорт қалашы­ғында бұқаралық фестиваль өтіп, оған 3 мыңға жуық адам қатысты. 

21 наурыз – елордадағы «Сарыарқа» велотрек сарайында «Наурыз – жаңа белес, жаңа өрлеу» атты мереке ұйымдастырылып, оған Елбасы Н.Назарбаев қатысты. 

4 сәуір – қала әкімдігіне қарасты мекемелер «Бір терезе» тәсілімен қызмет көрсетуге көшті.

12 сәуір – Мемлекет басшысы Н.Назарбаев­тың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы «Егемен Қазақ­стан» газетіне шықты.

28 сәуір – ЭКСПО-2017 көрмесінің миллионыншы билетін Шымкент тұрғыны Қайрат Мамаев сатып алды. 

2 мамыр – қала әкімдігі жанындағы «Zhebe» және «ЭКО такси» брендімен қызмет көрсететін компаниялар AstanaTaxi инвестициялық жобасы аясында жаңа көліктерге ие болды.

10 мамыр – «Мәңгілік ел» салтанат қақпасының ұшар биігінде қаланы шолу алаңы мен одан сәл төменіректе көрме галереясы ашылды.

19 мамыр – қазақстандық Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері елордадағы «Чемпиондар аллеясына» ағаш отырғызды.

31 мамыр – елордада «Нұрлы жол» вокзалы мен Астана халықаралық әуежайының жаңа терминалы ашылды.

9 маусым – ЭКСПО-2017 көрмесіне орай қала көшелеріне жеті миллион гүл егілді.

15 маусым – елорда символы «Бәйтерек» монументі күрделі жөндеуден өтіп, жаңадан LED экраны орнатылған өнер галереясы ашылды.

16 маусым – әйгілі «дю Солей» циркі үш ай бойы астаналықтар мен қала қонақтарына өнер көрсетті. 

21 маусым – Астана халықаралық әуе­жайы Елбасы Н.Назарбаевтың есімімен аталатын болды. 

22 шілде – Астанада «Еуразия» XIII халықаралық кинофестивалі басталды. Ша­ра­ға америкалық актер, продюсер, кинорежиссер Николас Кейдж мен «Оскар» сыйлығының иегері Эдриан Броуди келді.

1 тамыз – әлемге әйгілі әнші, опера майталманы Пласидо Доминго «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында қойылған Д.Вердидің «Травиата» операсында өнер көрсетті. 

25 тамыз – ЭКСПО-2017 көрмесіне келген мәскеулік Юрий Шурыгин үш миллионыншы қонақ болып тіркелді.

25 тамыз – ЭКСПО қалашығы аумағында бес жұлдызды «Хилтон» қонақүйі ашылды.

10 қыркүйек – үш ай бойы жалауы жел­­біреген ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрме өз жұмысын аяқтады. Көрмені 4 миллион адам тамашаласа, әрбір алтыншы қонақ шетелдік болды. «Нұр Әлем» ұлттық павильоны көрменің ең танымал орталығына айналды. Оған 1 млн 300 мың адам кіріп шықты. 

27 қыркүйек – Астанадағы «Арай» сая­ба­­ғының ішінде «Қазақстан – Корея» достық бақшасы ашылды.

27 қыркүйек – Президент Н.Назарбаев Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеу туралы өкімге қол қойды.

27 қазан – Мемлекет басшысы қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойды.

8 желтоқсан – алдағы жылы болатын бас шаһардың 20 жылдық мерейтойына орай елордаға арналған пошталық марканың таныстырылымы өтті.

Дайындаған 
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»