Қазақстан • 06 Шілде, 2018

Бақытбек Смағұл. Астана – жаңғырудың рәмізі

545 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Қазақстанның жаңа ас­та­насының негізін қала­ған­да, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев оның жастық пен жасампаздық қаласы болатынын айтқаны есте. Расында, жаңа елордамызға арман қуған мыңдаған жас қыз-жігіттер ағылуда. Олардың көбі Тәуелсіздік тұсында дүниеге келген, еркін ойлы, саналы азаматтар. Астана солармен бірге көркейіп, өркендеуде. Осы орайда белгілі саясаткер, Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаевтың маған әңгімелеп берген бір естелігі еске түседі. 

Бақытбек Смағұл. Астана – жаңғырудың рәмізі

Ақмола астана ретінде жа­ңа қалыптасып жатқан кез. Елбасы жауапты тұлғаларды ер­тіп, кезекті рет қаланы ара­лауға шығады. Кенет Пре­зиденттің көзі қарсы алдында келе жатқан кішкентай қарадомалақ қазақ баласына түседі. Балақайдың беті күнге әбден қақталып, қап-қара болып күйіп кеткен. Қос қолында да балмұздақ: бі­рін жалап, екіншісін тістеп қояды. Бірақ өзі тәттіге елтіп, ләззат алғаны шамалы, қайта әл­денеге ашулы көрінеді, қа­бағын түйіп, соңынан ілес­кен ата-анасына әлдебір қарсылық білдіріп, мінез танытып, жұл­қы­нып келеді.

Нұрсұлтан Әбішұлы бә­ріне тоқтауға бұйырды. «Ана баланы байқадыңдар ма? Бо­лашақта ел басқаратын бала!» деді де, жақындап бар­ды. Ата-анасы Мемле­кет басшысын көріп, жылы­ұшы­­рай амандасып жатыр. Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті балаға бұрылды: 

– Мені білесің бе?

– Білмегенде ше? Нұр­сұл­тан­ Назарбаев емессіз бе?

– Онда қане, қолыңды жай, бата берейін! – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Бұл үшін Президент әл­гі балаға қос қолындағы бал­­мұз­дағын өзіне ерген ел аға­ларына бере тұруды ұсын­ды. Бала бұдан бас тартты да, балмұздақтарды қос қал­тасына тыға салды. 

«Бата берген соң, Елбасы қал­тасына қолын салып, әмия­нын суырды. Бізге де ым-иша­ра жасады, бәріміз жапұр-жұ­пыр қалталарымызға қол салдық, бір бума ақша жинап бердік, деп еске түсіреді Қ.Көшербаев. – Нұрсұлтан Әбіш­­ұлы ақшаның бәрін бүл­дір­шіннің ата-анасына ұсын­ды да: 

– Осы баланың оқуына, өсуі­не керектінің бәрін сатып­ алыңыздар! – деп аманат жүк­теді.

– Ағасы, олар бәрібір ма­ған ештеңе бермейді! – деп, тосыннан сөзге араласқан ба­ла­қай шорт кесті. 

Елбасы оған күлімсірей қарады: «Онда мен бәрін се­нің өзіңе берейін де!» Сосын қай­тадан оның ата-анасына қайырылды: «Осы қаржыны басқаға жұмсамай, осы бала­ның өзіне жұмсаңыздар! Бо­лайын деп тұр екен!» – деп тапсырды. Алыстап кеткеннен кейін Нұрсұлтан Әбіш­ұлы қасындағы азаматтардан: «Не байқадыңдар?» деп сұ­рады. Артынша өзі жауап қатты: «Мінезді бала екен. Тайсалмайды. Бала кезден өз ұстанымын қорғауда табан­дылық танытып, түсіндіруге жан салады. Елді ертең алға әкететін де осылар болады! Мен мына жаңа астананы да осы ұрпақ үшін салып жатырмын!»

 * * *

Елбасының Қазақстан ас­танасын көшіруі – тұтас ұлттың санасын жаңартқан, саяси, экономикалық және рухани жаңғыру әкелген ғаламат жоба, тарихи бетбұрыс болды. Бұл бетбұрыс Тәуелсіздіктің алғашқы бесжылдығында-ақ жасалды. 

Бас қаланы Астанаға ауыс­тырумен бірге Қазақстанда те­рең жаңарулар, барлық салада түбегейлі өзгеріс әкелген реформалар үдемелі түрде жүр­гізіле бастады. Олар адам­дардың психологиясын өз­гертті. Қазақстандықтар бо­йын­да өзі мен балаларының жарқын болашағын жаңа жағ­дайларда өз қолымен жасауға болатынына деген нық сенім бекіді.

Өткенге шола қарасақ, батысы Торғай ойпатына тіре­ліп, шығысы қара Ертіске еңкейіп барып тоқтайтын, түс­тігін Балқаштың көгілдір тол­қындары шайса, терістігі көк Есілмен көмкеріліп жататын ұлан-ғайыр Сарыарқа сан ғасырлардан бері қазақ деген азатшыл халықтың құтты қо­нысы болып келеді. Осы далада адамзат дамуының ұлы көшіне ықпалын тигізген талай оқиғалар мен құбылыстар болған.

Сарыарқа – қазақ жерінің жүрегі. Бұл – мыңжылдықтар мен адамзаттың сан алуан өр­кениеті қауышқан қасиетті мекен. Мұны археологиялық қазбалар барысында табылған жәдігерлер растайды. 1998 жылы археологтар қазіргі Ас­танадан бес шақырым жерде ортағасырлық қала – Бозоқтың орнын тапты. Бозоқ Қыпшақ хандығының орталығы рөлін атқарған. Елордамыз бой кө­терген аумақ арқылы заманында, нақтырақ айтсақ, XVI ғасырда Сібір – Орталық Азия да­ла жолы дүрілдеген, тең-тең жүк артқан керуендер ағыл­ған. 

Сарыарқа – Қазақстанның табиғи байлықтарының асыл­ қоймасы. Дүние жүзі та­ри­хындағы алғашқы метал­лургия орталықтарының бі­рі де осында орналасқан. Яғ­ни Сарыарқамыз бүкіл адам­зат­тың өз дамуының келесі ке­зеңіне көтерілуіне ықпал етті. Тарихшылардың айтуын­ша, қола дәуірінде қазақ елі бү­кіл әлемдегі ең ірі қола өн­діруші болыпты. Соның ішін­де мәселен, жалғыз Жез­қазған өңірінде ғана 100 мың тонна мыс өндірілген. Тек Сарыарқада сол байырғы дәуірде 130 мың тонна қалайы алынған, бұл 15 мың тонна тап-таза қоланы құюға жет­кілікті болған көрінеді. Әлем­дегі ең алып көлдердің бірі – Балқаш та осында. 

1999 жылғы 25 ақпандағы санақ қорытындысы бойынша Астанада 319,3 мың адам тұрып жатқаны мәлім болған еді. Ал 2016 жылғы 4 шілдеде, «Астана күніне» арналған іс-шаралардың бастауы болып саналатын «Мемлекеттік туды көтеру» салтанатты рәсімінде Елбасы елорданың миллионыншы тұрғыны өмірге кел­генін жариялады.

Ақмоланың астанаға айналуы арқасында Сарыарқаның өңіне қазақы қан жүгіріп, өңірге мемлекет құраушы ұлт өкіл­дері көптеп көшіп келе бастады. Әйтпесе кейбір деректер бойынша оған дейін жергілікті тұрғындар арасында қазақтардың үлес салмағы 10-15 пайыздан аспайтын бол­­ған. Бүкіл қалада қазақ тілді тек бір ғана мектеп жұ­­мыс істеген. Осылайша, Це­лино­град атанып, қазақы тамыры солып, қазақ елімен бай­­ланысын түпкілікті үзе жаздаған бұл өңірде бұрын құйтымдай да саңылау таба алмай, сансыраған ұлттық діл, рухани қайнар енді кең арна тауып, саулап құйылды. Со­дан бері Астанадан ұлттық жаң­ғырудың мейірімді шуағы бүкіл елге молынан төгілуде. 

Елбасы өз естеліктерінде тәуелсіз Қазақстанның астанасын ауыстырудың негізгі себептерін нақты тұжырады. Елбасының байламынша, бірін­шіден, астананы ауыс­тыру Қазақстанды геосая­си жағынан күшейту қа­жет­ті­гінен туындады. Екін­шіден, бұл шешімді қа­был­дағанда қауіпсіздік мә­­селесі де еске алынды. Үшін­шіден, астананы ауыстыру Қазақстанның экономикасын сауықтыру қажет­тігінен де туындады. Ол елдің экономикасы үшін тиімділікті қамтамасыз етті. Шынында, Астана – даму локомотивіне айналды. Төртіншіден, астананы солтүстік аймаққа қарай көшіре отырып, Елбасы бір шаңырақ астында тіршілік еткен әртүрлі этнос өкілдері арасындағы достықты сақтап қалды, олар арасындағы жікке бөлінушілік, сепаратизм көрі­ністерін жойды. Астананы көшірудің геостратегиялық, саяси, экономикалық, әлеу­меттік, экологиялық және бас­қа да қажеттіліктері болды. 

Бірақ осы мәселені ескеріп, Елбасының даналығын түсін­гендер 90-шы жылдары билік­те де, Парламентте де, тіпті зия­­­лы қауым арасында да тым аз еді. Шенеуніктер жып-жы­лы Алматыдан қызылшұнақ ая­зы қалтыратып, алай-дүлей бо­раны­ ақырған Ақмолаға көшу тура­лы Жарлықты дәл бір Сібір­ге жер аударылғалы жат­қан­дай се­з­іммен қарсы алғанын біле­міз. 

Әп дегеннен-ақ, астананың Алматыдан көшірілуі тек қай­та қоныстанушы мемлекет­тік қызметшілердің ғана емес, әрі қарай да қалада қалатын ал­матылықтардың қуатты қар­­­сылығына ұшырағаны тари­хи шындық. Сұрау көр­сет­кеніндей, Алатау бау­райын­­­дағы әсем қала тұр­ғын­да­рының басым көпшілігі бұл бастамаға үзілді-кесіл­ді қарсы болған. Тіпті ша­һар­­да тамырын жайып, құт­­ты мекен еткен белгілі қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ең танымал әртістер мен әншілер «Ме­­нің астанам – Алматы!» деп ұран тастады, шетелдік және отандық беткеұстар ақ­па­рат құралдарына бер­ген сұх­баттарында көңіл тол­мас­тығын ашық білдірді. 

Содан Астананың тұ­сау­­­­ке­сер салтанатында Қазақ­станның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа алма­тылықтарға жеке қайырылып, басу айтуға тура келді:

«Бәріміздің де жастық дәу­­реніміз, дегендерімізге жетуіміз, кемелімізге келуіміз сол бір ғажайып қаламен етене байланысты. Жаңаша дәу­рендеуіміздің дәл осы бір шырайлы шағында, шапа­ғатты сағаты мен мерейлі мезе­тінде азаматтығымыздың, азат­ты­ғымыздың ақ құсын өз бауырынан аспандата­ сам­ғатқан аялы Алматы мен әзіз Алатауға бәріміз де тікемізден тік тұрып, басымыз жерге жет­кенше, иіліп, қанша мәрте тағзым етсек те артықтығы жоқ деп білем! Дүние тұрғанша тұр, жәннат қалпыңнан жазбай жасай бер, жайнай бер, Қы­дыр қонып, құт дарыған киелі қоныс, мүбәрәк мекен – Алматы! Биікке самғап, қиыр­ды шарлау, заманнан қал­май, зымырай заулау – мына біздерге өзің берген тәр­бие, өзің көрсеткен өнеге, өзің тапсырған аманат!» деп тол­ғады Елбасы. 

Әрине, бас қала болудан қал­ғанымен, Алматының ша­мы өшіп, жұлдызы сөнген жоқ, керісінше, шамшырағы жар­қырай түсті, еліміздің бас­ты мегаполисі ретінде даму қарқынына қарқын қосты. Астананың көшірілуі осылай ірі қалаларымыз арасын­да жақсы жарыс, игілікті бәсе­келестік тудырып, олар­дың әрқайсысының буырқана дамуына серпін берді.

Сол тұста мен де алматы­лық едім. Бауыр басқан қала­ның бағына, болашағына алаң­­дағаныммен, Елбасы бас­­тамасының дұрыстығына кәміл сендім. Сонымен бір­ге бастаманың құнын түсі­руге бағытталған қуатты қар­сы­лыққа күнбе-күн куә бола жүріп, кейбір жандардың ұлы идеяларды түсінуге, Ел­басы­ның түпкі, телегей, терең ойларын, толғамын ұғынуға жарамайтынына шын налыдым. 

Мемлекеттік қызметшілер­ді, қайраткерлерді бірінші кезек­те үрейлендіргені – «қы­тымыр климат» еді. Арқаны арқыраған аязсыз, түтеген борансыз көз алдымызға елес­тете қою мүмкін емес. Бұл оның табиғат берген өзіндік ерекшелігі, дара қасиеті. Бұл жердің табиғаты бүгін ақ көрпесін жамылып, әсем күйге бөленіп тұрады да, артынша қылымсыған қылығын үзіп, қаһарына мінеді. Мұндайда басқаны айтпағанның өзінде, көшені қардан тазартып, жүр­гіншілер мен көліктілерге қоз­­ғалуға жағдай жасау біраз күш пен қауқарды талап ете­тіні­ белгілі.

«Лютые январьские холода и обрушившиеся снежные мега­тонны вполне можно бы­ло бы причислить к катас­трофическим явлениям» – белді ресми басылымдардың өзі осы сыңайлы суық сөздер­мен үрейді ұшыра түсті. Шы­нында, алай-дүлей боран мен сақылдаған сары аяз сол кезде мұнда наурыз айының ая­ғына дейін шыр айнала қай­та-қайта соғып, аңды ініне, адам­ды үйіне қуып тығатын. Ақ­молада қаһарлы қыстың қат­қыл қабағы Алматыдан «ауып» келген жұртшылыққа оңай тимеді. Темірдің өзін көк­аяз­дандырып, қарып жі­бер­­­ген сұрапыл аяз кәріне мін­­ген­де, Ақмолаға емес, бейне бір Арктикаға аяқ бас­қандай бу­лығып, қина­ла демі­гіп, қақа­­ла­сың.

Биік лауазымды тұлғалар­дың өзі көп уақыт бойы Алма­тыдан кіндігін үзе алмай жүрді, мемлекеттік қызметшілердің бі­разы аптадағы жұмыс күн­дерін елордада өткеріп, ал демалыс күндері Алматыға кері шұбыратын. Табиғаттың жан жылытар шуағына шексіз шо­мылған тау бөктеріне, асқа­ралы Алатаудың аялы алақанына қонған әсем ша­һарға тең келер теңдесі табылады дегенге олар сенбеген, сенгісі келмеген. 

Қазір ойлаймын, егер Қа­зақ­станның басшысы бас­қа адам болғанда, жаппай қысымға шыдамай, мұн­дай тарихи ұлы шешімді құнды­лықтың емес, қоқыстың ен­шісіне тастап, алған бетінен кері қайтуы мүмкін бе еді. Өйткені көшбасшы да – адам, өмірдің көлеңкелі һәм кө­мес­кі тұстары, өзгелердің өң­мең­нен өтер суық көздері әр тұс­тан анталап, тұмшалағанда ойға келген ірі іске дәрменін келтірмей тастауы ғажап емес. 

Нұрсұлтан Назарбаев со­ның бәріне төтеп берді, кезек­ті тағдыр сынағына морт сын­бады. Өз бастамасының дұрыс­тығын пәрменді істер­мен дәлелдеп шықты. Өзі де бас болып, Астанаға көшті. 

Қарының әр кристалы хрус­тальдай сыңғырлаған Ақмола төсіне мығым табан тіреп, ызғарынан қай­мық­пай, көкірек кере таза ауаны құшырлана жұту оның қолынан келді. Біз де Елбасыға еріп, «тау­дан түсіп», кең да­ланың керімсал ауасына үй­рендік. Адам денесін түршіге тітіркендіретін қаңтардың қа­ңылтыр аязына шынықтық. Ұлттың қиындықтарға қарсы иммунитеті көтерілді. 

Астананың орнығуымен бірге біз бұл өңірдің сұлу­лығына сұқтана қарап, көр­кемдігін көре бастадық. Ақын­ Ақұштап Бақтыгереева айт­қан­дай, шынында, «көз жетпес көкжиекке қарасаң, көгілдір дала көлбейді. Қызғалдағын самалдың екпіні тербеткен беткейден құстар шырылы­ өмірдің тәтті бір әуенін баста­ғандай! Көк аспанға күле шық­қан жарық күн бүгінгі өз еншімізге тиген көгілдір ту­дың табиғаттағы көшірмесі тәрізді. Көк туы желбіреген ел екені есіңе түскенде, мына да­ла өзіңдікі екені есіңе түс­кенде, кеудеңді кернеген қуа­нышты сезімді айтуға тіл жет­пейтін ғажайып бір күйге бөленесің». 

Тұңғыш Президентіміздің бұл бастамасы осы қырымен де қымбат. Ол ұлтқа келген жа­ңа құндылық!

«Біз астананы мүлде жа­ңадан салдық. Оны көшіру­ге бай­ланысты болған барлық про­блемаларды жүрегімізден өткіздік. Бұл арман еді. Енді ол – тамаша қала, Қазақстанның мақтанышы және жүрегі!» – дейді Елбасы.

Қазақстанның Тұңғыш Прези­дентінің дәл сол дағда­рыс­ты 90-шы жылдары Ас­тананы көшіру бастамасын жариялап, қарқынды түр­­де іске асыра бастауының та­ғы бір стратегиялық қырын, маңыз­ды сырын, салмақты құнын аңғарамыз. Бұл ұлттың бойына сенім құю, тың қуат дарыту үшін қажет еді... 

Тұтас ұлт іштегі кері тар­тар «кесір тежегішті» іс­тен шығарып, жігер мен қай­ратты көмекке шақырып, жасам­паздық жолында ер­кін қимылдауға, қарымды адым­дауға көшті. 

Бақытбек СМАҒҰЛ,
Парламент Мәжілісінің депутаты