Қазақстан • 06 Шілде, 2018

Елорда – Елбасының ерен еңбегі!

653 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ұлттық қауіпсіздік органдарының еліміз қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі үлесі зор екендігі белгілі. Өкінішке қарай ежелден қалыптасқан дәстүр бойынша өзі де тұмшаланып тұратын құпия қызметтің жанкешті сарбаздарының еңбектері көбінесе тасада қалып қоя беретіні бар. Елордамыздың айшықты 20 жылдық мерейтойы қарсаңында осы жүйеде жемісті қызмет атқарған азаматтардың бірімен әңгімелесудің сәті түскен еді.

Елорда – Елбасының ерен еңбегі!

 

Біздің сұхбаттасымыз Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының құрметті қызметкері генерал-майор Ержан Бекбауұлы ИСАҚҰЛОВ – 1995-2001 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Астана департаментін басқарған.

– Ержан Бекбауұлы, осы күндері еліміз Астана қаласының, яғни елордамыздың мерейлі 20 жылдық мерекесін атап өтуде. Сіз Қазақстан Республикасы Ұлт­тық қауіпсіздік комитеті Астана депар­таментінің тұңғыш басшысы екенсіз. Осы орайда не айтар едіңіз?

– 1995 жылы мен ҰҚК-нің Оңтүстік Қазақстан облыстық департаменті бастығының орынбасары қызметінде болатынмын. Сол жылдың желтоқсанында мені еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сол тұстағы төрағасы Же­ңісбек Жұманбеков Алматыға ша­қырып, ҰҚК Ақмола облыстық де­партаментінің бастығы етіп тағайындады. Тағайындау барысында төраға мені жуық арада астананың Алматыдан Ақмолаға көшірілгелі жатқанын, осыған орай үлкен де күрделі жұмыстар күтіп тұр­ғанын ескертіп, алдыма нақты тапсырмалар қойды.

Сөйтіп 1995 жылдың 7 желтоқса­нында Ақмола қаласына келдім. ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары полковник Д.Сихымбаев мені Ақмола облысының әкімі Андрей Браунға таныстырып, оған да алда тұрған көші-қон мәселесінің жай-жапсарын айтып, түсіндірді. Күтпеген әңгімені ес­тіген әкім әуелі ішек-сілесі қатып күліп алды да, мұның орындалмайтын арман екенін, елдегі қалыптасқан күрделі экономикалық жағдайда мұ­ның мүлде мүмкін еместігін, Ақмола қала­сында тиісті инфрақұрылымдардың, ор­талық мемлекеттік органдар үшін ғимараттардың, қызметкерлер үшін тұрғын үйлердің жоқтығын айтып, алақан жайды.

Дәл осы күні Д.Сихымбаев пен А.Браун мені ҰҚК Ақмола облыс­тық департаментінің ұжымына апарып таныстырды.

Осылайша қайнаған қызу жұмыс басталып кетті. Әуелі департаменттегі жұмыспен, облыстағы жағдай барысымен танысып шықтым. Шынымды айтсам, дәл сол кездегі ахуал адам қор­қатындай дәрежеде еді. Инфляция деңгейі 2500 пайызға дейін жеткен, дүкен сөрелері жылан жалағандай бос. Облыстағы ауыл шаруашылығы мүлде құлдыраған. Қаланың жанын сақтап отырған – «Целинсельмаш» пен «Казахсельмаш» жүрелеп қалған, осы және басқа да кәсіпорындардың жұ­мысшылары беймәлім мерзімге ақысыз демалысқа жіберіліпті, бюджеттік мекеме қызметкерлеріне айлық еңбекақы кешіктіріліп беріледі, қаланы электрмен, жылумен қамтамасыз ету тұрақты емес. Міне, осындай алмағайып кезеңде әртүрлі қауіпті күштер, ұйымдасқан қылмыс бас көтере бастаған. Жығылғанға жұдырық демекші, бұларға сол жылдың тым аязды және қарлы болғанын қосыңыз.

Департаменттегі жағдайдың да оңып тұрғаны шамалы. Қаржы қызметкерлерді ұстап тұруға әрең жетеді, бір-ақ маши­намен жүреміз, қалғандары бензин мен қосалқы бөлшектердің жетіспеуінен қаңтарылып тұр. Тіпті қалам мен қағаз қат. Жұмыс бөлмелері тастай суық, қызметкерлеріміз сыртқы киіммен отырып жұмыс істейді, көпшілігі пәтермен қам­тамасыз етілмеген. 

Осының бәрі ел көңіліне белгілі бір деңгейде әсер еткені рас. Тіпті қа­лың көпшіліктің Елбасының астананы ауыстыру жөніндегі тағдыршешті жо­басының жүзеге асарына күмәнмен қарағаны шүбәсіз. Бірақ көп уақыт өтпей-ақ жұртшылық көзқарасы өзгеріп, астананы ауыстырудың пісіп-жетілген мәселе екендігіне көздері жетті емес пе!?

– Астана департаментінің қалып­тасуы қалай жүзеге асырылды?

– Астана департаменті Ақ­мо­­ла об­­­лыс­тық департаментінің база­сында құрылғандықтан, айтарлықтай қиыншылықтар бола қойған жоқ. Ал бұл департаментті мен 1995 жылдың жел­тоқсанынан басқарғанымды айтып өттім. 

Елбасымыз және ҰҚК төраға­сы Жеңісбек Жұманбеков Астана депар­таментінің аяғынан нық басып, қалып­тасып кетуіне айрықша назар аударды. 1996 жылдың сәуір айында Ақмо­ла қаласында ҰҚК-нің көшпелі ал­қа мәжілісі өткізіліп, онда Астана де­пар­таментін штаттық нығайту мен тех­никалық жарақтандыру мәселелері бойын­ша қажетті ұйымдастыру және қолға алынуы тиіс шаралар белгіленді.

ҰҚК-нің Ақмола қаласындағы жұмыс тобы құрылды. Бұл топ об­лыс­тық департаментпен бірлесе оты­­рып, бұрынғы теміржолшылар тех­никумының ғимаратын көшіп келгелі жат­қан ҰҚК орталық аппаратының бөлімшелеріне арнап қайта жарақтау, жөндеу жұмыстарын жүргізуге көп еңбек сіңірді. Сонымен бірге қызметкерлерге арнал­ған жатақхана жөндеуден өткі­зілді, іссапарға келетін әріптестер үшін уақытша тұратын тұрғынжайлар әзір­лен­ді.
1997 жылдың қазан айында ҰҚК орталық аппараты қызметкерлерінің бірінші тобы келіп, өз міндеттерін ат­қаруға кірісіп кетті. Осы тұста мен Ел­ба­сының шешімімен ҰҚК алқа мүшелігіне тағайындалдым. Ал бұл өз кезегінде астананы көшіруге байланыс­ты міндеттерді жүзеге асыру барысында ҰҚК орталық аппараты мен Астана департаментінің жұмыстарын жүйелі үйлестіруде туындаған мәселелерді шешуге көп көмегін тигізді.

 – Сол кезеңдегі негізгі міндеттер қандай еді?

 – Елбасының Астана департаментінің алдына қойған негізгі міндеттері ел басшылығы мен биліктің жоғары органда­рын Алматыдан Астанаға көші­ру­де қауіпсіздік шараларын сақтау және Қазақстан Республикасы жаңа астанасының халықаралық таныстырылымын өткізу болды. Бұл тапсырманы еліміздің ұлттық қауіпсіздік органы тамаша атқарып шықты. Аталған шараларды өткізу барысында бірде-бір тәртіпсіздік немесе жағымсыз әрекеттер орын алған жоқ.

Тапсырмаларды табысты орында­ғаным үшін 1998 жылдың 11 шілдесінде маған Елбасының Жарлығымен генерал-майор жоғары әскери атағы берілді. Астана департаментінің көптеген қызметкерінің еңбегі мемлекеттік және ведомстволық марапаттармен атап өтіл­ді.

– Өзіңіз басшылықта болған кез­дері қандай жайттар есіңізде ерекше қалды? 

– Маған айрықша әсер еткен жағ­дай Елбасының астананы ауыстыру барысындағы табанды ұстанымы мен қатаң талапшылдығы болды. Көптеген мемлекеттік шенеуніктің осы мәселе барысындағы сенімсіз көзқарастарын Елбасының батыл және іскер әрекеті су сепкендей басқаны ақиқат. Сонымен бірге мемлекеттік органдардың, әсіресе жаңа астананың тұңғыш әкімі Әділбек Жақсыбековтің басқаруындағы Астана қаласы әкімдігінің осынау жойқын жобаны жүзеге асыру барысындағы үйлесімді жұмыстары есте қалды.

Сондай-ақ сол кезеңдегі Мүлік жөнін­дегі мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары Сансызбай Есіловтің еңбегін де ерекше атай кеткен дұрыс. Іскер азамат қаншама мемлекеттік органды провин­циялық деңгейдегі қала аумағына ай­қай-шусыз орналастыруға мейлінше жауап­кершілікпен атсалысты.

Арада біраз жыл өткенде Астана депар­таментіндегі сол бір ұмытылмас жылдарымды айрықша сағынышпен еске аламын. Менің ойымша, сол жылдары департаменттің жеке құрамы өте ынтымақшыл, ұйымшыл және іскер болды. Әр қызметкер өз жауапкершілігін жете түсініп, қызметтік парызын үлгілі атқаруға тырысты. Міне, өз мойнына жүктелген осындай айрықша тапсырманы орындап шығуға жұдырықтай жұмылған ұжымның ғана қарым-қабілеті жетер еді дер едім.

 Департамент қызметкерлері арасында барша ауыртпалықтар мен қиын­­дықтарды, қуаныштарды бірге бөліс­кен К.Р.Әбдіқазымов, А.К.Төлеуов, О.Жақыпбеков, Ж.М.Мұхаметқалиев, Д.Т.Жүсіпов, С.С.Сейітов, Ж.Рамазанов, Б.Абдрахманов, С.М.Ивахненко, А.Решетов, В.Рубанов, К.Алжанов, Ж.Айт­­­баев тәрізді әріптестерімнің есім­­­де­­рін ерекше ілтипатпен атап өт­кім келеді. Бұлар және басқалар жаңа аста­на­мыздың қауіпсіздігі мен тұрақ­тылығын қамтамасыз етуге орасан зор үлес қосты, ағымдағы ахуалды сенімді бақылауда ұстады, қызмет барысында туындаған әртүрлі жағдайлардан дұрыс жол тауып шыға білді, Отанға адал қызмет етудің шынайы үлгісін көрсетті.

Сол кездегі құқық қорғау ор­ган­­да­рының басшылары М.М.Ораза­лиев, Ө.К.Болсамбеков, В.П.Кан, А.Әділхан, А.И.Лукин, Т.С.Айсин, А.В.Конс­тантинов, С.Бекбосынов, Т.Ержанов, О.П.Ногай, А.К.Жалмұханбетов сияқты аза­мат­тар ел тыныштығы үшін бізбен бірге түн ұйқысын төрт бөліп еңбек етті. 
Астана департаментінің тұңғыш бас­тығы ретінде осындай орасан зор тарихи оқиғалардың куәгері болғаным үшін және астана ауысқаннан кейін Астана қаласының тұңғыш генералы атанғаным үшін мен тағдырыма мың мәрте шүкіршілік етемін әрі өзімді бақыт­ты сезінемін.

 Бүгінде Астана әлем таныған, дүние жүзі елдеріне озық бастамаларымен белгілі бірегей қалаға айналды. Біз қазір асқаралы Астанамызбен кез келген жерде мақтана аламыз! Себебі Елбасымыз айтқандай, «Астана – Отанымыздың жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі», ал елорданың өзі – Елбасымыздың ерен еңбегінің жемісі!
 
Әңгімелескен
Кәдірбек ҚҰНЫПИЯҰЛЫ,
журналист