Ресми бөлім (06.07.2018)

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ 2018 ЖЫЛҒЫ 3 ШІЛДЕДЕГІ №5 НОРМАТИВТІК ҚАУЛЫСЫ

Егемен Қазақстан
06.07.2018 2760
2

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің «Қарағанды облыстық сотының ұсынысы бойынша «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабы 5-тармағының конституциялылығын тексеру туралы» 

Қазақстан Республикасының Конс­ти­туциялық Кеңесi, Төраға Қ.Ә.Мәми, Кеңес мүшелерi А.Қ.Дауылбаев, В.А.Ма­линовский, И.Д. Меркель, Р.Ж.Мұ­қашев, Ә.А.Темірбеков және У.Ша­пак қатысқан құрамда, мыналардың:
өтініш беру субъектісінің өкілі – Қара­ғанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрайымы Ж.К.Сейдалинаның,
Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілі – Қазақстан Республикасы Әді­­лет министрінің орынбасары Ж.Б.Еш­мағамбетовтің,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сена­тының өкілі – Қазақстан Респуб­ликасы Парламенті Сенатының депутаты Д.Р.Құсдәулетовтің, 
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжі­лісінің өкілі – Қазақстан Респуб­ликасы Парламенті Мәжілісінің депутаты А.Н.Жаилғанованың, 
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының өкілі – Қазақстан Респуб­лика­сы Жоғарғы Сотының судьясы М.В.Один­цованың,
Қазақстан Республикасы Бас про­ку­ратурасының өкілі – Қазақстан Рес­публикасы Бас Прокурорының орынбасары А.И.Лукиннің,
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіп­сіздік комитетінің өкілі – Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік коми­теті төрағасының орынбасары М.С.Өсі­повтің,
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің өкілі – Қазақстан Респуб­ликасы Ішкі істер министрінің орынбасары Р.Т.Жақыповтың, 
Қазақстан Республикасы Мемлекет­тік қызмет істері және сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі – Қазақстан Республикасы Мемле­кеттік қызмет істері және сыбай­лас жем­­қорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігі ап­па­ратының басшысы С.Қ.Ахмет­жановтың, 
Қазақстан Республикасының Қар­жы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі – Қазақстан Рес­публи­касының Қаржы министрлігі Мем­лекет­тік кірістер комитеті төрағасы орын­басарының міндетін атқарушы Қ.Б.Жұл­мұхамбетовтің қатысуымен
өзінің ашық отырысында Қарағанды облыстық сотының «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» 2010 жылғы 2 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 27-бабының 5-тармағын конституциялық емес деп тану туралы ұсынысын қарады.
Қазақстан Республикасы Консти­туциялық Кеңесінің мүшесі И.Д.Мер­кельдің баяндамасын, отырысқа қаты­су­шылардың сөйлеген сөздерін тың­дап, сарапшылар: профессор, Қазақ­стан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігі академиясы Судьяларды және сот жүйесі қызмет­керлерін қайта даярлау және біліктілігін арттыру институтының директоры Е.Б.Әбдірәсіловтің, Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия ұлт­тық универ­ситетінің профессоры М.А.Әле­новтің, заң ғылымдарының докторы, профессор Ж.С.Елубаевтың және «Университет КАЗГЮУ» Акционерлік қоғамы Жоғары құқық мектебінің директоры С.Г.Пеннің қорытындыларымен танысып; әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнің, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің, «Университет КАЗГЮУ» Акционерлік қоғамының, Каспий университетінің, «Қазақстан Республикасының заңнама институты» Мемлекеттік мекемесінің, Қа­зақстан Республикасы Жеке сот орындау­шыларының республикалық палата­сының және «Атамекен» Қазақстан Респуб­ликасы Ұлттық кәсіпкерлер палата­сының қорытындыларын, Қазақ­стан Республикасы Конституциялық Кеңе­сінің жанындағы Ғылыми-консуль­тативтік кеңес мүшелерінің пікірлерін, сондай-ақ конституциялық іс жүргізудің басқа да материалдарын зерделеп, жекелеген шет елдердің заңнамасы мен практикасын талдап, Қазақстан Рес­публикасының Конституциялық Кеңесі
анықтады:
Қазақстан Республикасының Кон­с­ти­ту­циялық Кеңесiне 2018 жылғы 5 мау­­сымда Қарағанды облыстық сотының «Ат­­қарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» 2010 жылғы 2 сәуірдегі Қазақстан Респуб­ликасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 27-бабының 5-тармағын конституциялық емес деп тану туралы ұсынысы келiп түстi.
Ұсынысқа қарағанда, Қарағанды облысының ішкі істер органдары атқару­шылық іс жүргізуде келуден жалтарып жүрген борышкерді күштеп әкелу туралы сот санкциялаған жеке сот орын­дау­шысының қаулысын орындаудан бас тартқан.
Жеке сот орындаушысының өтініші бойынша қабылданған Қарағанды қаласының Қазыбек би ауданы №2 аудан­дық сотының шешімімен орындаудан бас тарту заңсыз деп танылып, аталған органдарға күштеп әкелу туралы қаулыны орындау міндеті жүктелген.
«Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қарағанды облысының Ішкі істер департаменті» Мемлекеттік мекемесі бірінші сатыдағы соттың шешімімен келіспей, оған апелляциялық тәртіпте шағымданған.
Қарағанды облыстық соты азаматтық іс материалдарын зерттеп, Заңның іс бойынша қолданылуға тиіс 27-бабының 5-тармағы адамның және азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді және Негізгі Заңның 39-бабының 1 және 3-тармақтарына қайшы келеді деген тұжырымға келді.
Соттың күмәні мынадай дәйектермен негізделген:
Конституцияның 39-бабының 3-тар­мағына сәйкес Негізгі Заңның 16-ба­бының 1-тармағында көзделген адам­ның және азаматтың құқықтары мен бостан­дықтары ешбір жағдайда шектел­меуге тиіс;
іс жүзінде жеке сот орындаушысына күш қолдануға құқығы бар мемлекеттік органдардың өкілеттіктері беріледі; 
Заңда күштеп әкелудің анықтамасы берілмеген және оны қолданудың тәртібі мен мақсаттары анық реттелмеген; 
борышкерді сот орындаушысына күш­теп әкелу мүмкіндігінің болуы сот ак­тісін орындау мақсаттарына қол жет­­кізбейді, ал оның құқықтық айқын­далмауы теріс пайдалану мен адамның конституциялық құқықтарының бұзылуына жағдай жасайды. 
Сонымен қатар, сот ұсынысында қолда­ныстағы заңнамадағы олқылықтар мен қайшылықтар көрсетілген.
Осыған байланысты, Қарағанды облыстық соты Конституцияның 78-бабына сәйкес азаматтық іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұрып, Заңның 27-ба­бының 5-тармағын конституциялық емес деп тану туралы ұсыныспен Консти­туциялық Кеңеске жүгінді.
Заңның 27-бабы 5-тармағының кон­сти­туциялылығын тексерген кезде Кон­сти­туциялық Кеңес келесіні негізге алды. 
1. Конституцияның 1-бабының 1-тар­мағына сәйкес Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнық­тырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. 
Заңдылықты, қоғамдық тәртіпті және қауіпсіздікті, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету көпшілік мүдделері үшін жүзеге асырылатын мемлекет қызметінің маңызды бағыттарының бірі болып табылады. 
Әркімге өзінің құқықтары мен бостан­дықтарын заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға құқық бере отырып, Конституция сот арқылы қорғалу құқығына ерекше мән береді. Сот билігі Қазақстан Республикасының аты­нан жүзеге асырылады және өзіне азаматтар мен ұйымдардың құқық­тарын, бостандықтары мен заңды мүдде­лерін қорғауды, Республика Консти­туциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халық­аралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуді мақсат етіп қояды. Сот шешімдерінің, үкімдері мен өзге де қаулыларының Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші болады (13-баптың 1 және 2-тармақтары, 76-баптың 1 және 3-тармақтары). 
Конституциялық Кеңес сот арқылы қорғалу құқығы кез келген адамның және аза­маттың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қорғау және қалпына келтіру үшін сотқа жүгінуге құқығын білдіреді деп бірнеше рет атап өткен. Осы құқықты пайдалану заңда белгіленген негізде және тәртіппен жүзеге асырылады. Сот актілерінің міндетті күші сот анықтаған мән-жайларға, оларды құқықтық бағалауға және сот актілерінде көрсетілген нұсқамаларға қатысты міндеттілікті де, соттардың құқықтық актілерін барлық мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды тұлғаларының, жеке және заңды тұлғалардың міндетті түрде орындауын да білдіреді (1999 жылғы 29 наурыздағы  №7/2, 2011 жылғы 7 желтоқсандағы  №5 нормативтік қаулылар және басқалары).
Сот шешімін орындау сот арқылы қорғалу тәсілі болып табылады, бұл мем­­лекеттен оны іске асыруды қамта­масыз ету бойынша қажетті шаралар қабылдауды талап етеді. Егер түпкілікті, күшіне енген сот шешімі немесе өзге де уәкілетті органның актісі орындалмаса, онда бұзылған құқықтарды қорғау пәрменді, ал сот арқылы қорғалу құқығы толыққанды іске асырылған болып таныла алмайды. 
Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімдерінде құқықтардың немесе бостан­дықтардың нақты бiр түрiнiң консти­туциялық деңгейге жеткiзiлуi және Конституцияда оның кепілділігінің жариялануы мемлекеттің осы құқықтар мен бостандықтардың іске асырылуын қамтамасыз етуді өз міндетіне алғандығын білдіреді деп атап өтілген болатын (1999 жылғы 12 наурыздағы  №3/2, 2004 жылғы 20 сәуірдегі  №3, 2005 жылғы 29 сәуірдегі  №3, 2005 жылғы 1 шілдедегі  №4, 2007 жылғы 28 мамыр­дағы  №5 нормативтік қаулылар). 
Конституциялық Кеңестің осы құқық­тық ұстанымдары Қазақстан Рес­публ­икасы қатысушы болып табылатын жалпыға танылған халықаралық актілердің ережелеріне де негізделген. 
Мәселен, 1948 жылғы 10 желтоқ­сандағы Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында әр адамның өзіне конституцияда немесе заңда берілген негізгі құқықтары бұзылған жағдайларда, құқықтарын құзыретті ұлттық соттар арқылы тиімді түрде қалпына келтіруге құқығы бар деп белгіленген (8-бап). 
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассам­блеясы 1966 жылғы 16 желтоқ­санда қабылдаған және Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 28 қара­шадағы Заңымен ратификацияланған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактiде оған қатысушы әрбір мемлекет құқығын қорғауды талап еткен кез келген адамның құқықтық қорғау құқығы мемлекеттік құқықтық жүйесiмен көзделген құзыреттi сот, әкiмшілік, заң шығару билiктерi немесе басқа құзыреттi орган арқылы белгi­ленуiн және сот арқылы қорғалу мүмкiндiгінiң дамуын қамтамасыз етуге міндеттенеді деп айқындалған (2-баптың 3-тармағының b) тармақшасы). 
Бұдан басқа, халықаралық құқық қорғау ұйымдарының практикасында сот актісінің орындалуын негізсіз кешіктіру сот арқылы қорғалу құқығын бұзу деп танылады. 
Айтылғаннан туындайтыны, мемлекет конституциялық маңызы бар құнды­лықтарды барабар қорғауға, қоғамдық тәртіпті, заңдылық режимін, құқықтарды тиімді қалпына келтіруді, соның ішінде сот төрелігі, жауапкершілік түрлерін және оларды іске асыру кепілдіктерін белгілеу арқылы, қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін нақты құқықтық тетіктер құруға міндеттенеді. Конституцияға сәйкес бұл аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтiн, жеке және заңды тұлғалардың құқық субъектілігіне, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, жеке және заңды тұлғалардың міндеттері мен жауапкершілігіне; мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын ұйымдастыру мен олардың қызметінің, мемлекеттік және әскери қызметтің негіздеріне; сот құрылысы мен сотта іс жүргізу мәселелеріне; мемлекет қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты негізгі принциптер мен нормаларды белгілейтін заңдар шығаруға хақылы Парламенттің құзыретіне жатады (61-баптың 3-тармағының 1), 3), 6) және 11) тармақшалары). Бұл ретте, осындай заңнамалық реттеу тұлғаның құқықтық мәртебесінің конституциялық негіздері, мемлекеттік органдар ұйымдастырылуы мен қызметінің принциптері сақтала отырып, жүзеге асырылуы тиіс.
2. Атқарушылық іс жүргізу сот өндірі­сінің соңғы сатысы болып табылады және тек соттың ғана емес, сот және өзге де актілерді мәжбүрлеп орын­дату бойынша өкілеттіктер беріл­ген сот орындаушыларының да процес­тік қызметін қамтиды. Ол жеке және заңды тұлғалардың, қоғам мен мемле­кет­тің бұзылған құқықтарының және заң­мен қор­ғалатын мүдделерінің нақ­ты қор­ғалуын қамтамасыз етуге бағыт­талған.
Заңда атқарушылық iс жүргiзудің мiндеттерi айқындалған: азаматтық және әкiм­шiлiк iстер бойынша сот шешiм­дерiнің, ұйғарымдардың, нұсқамалар мен қаулылардың, мүлiктiк өндiрiп алу бөлiгiндегі қылмыстық iстер бойынша үкiмдер мен қаулылардың, сондай-ақ өзге де органдар қаулыларының негізінде берілетін атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатуға бағытталған шараларды мiндеттi түрде және уақтылы қолдану (2-бап). 
Аталған міндеттер заңдарда көздел­ген жекелеген ерекшеліктермен атқару­шылық іс жүргізуді жүзеге асырудың жалпы құқықтық режиміне бағынатын мемлекеттік сот орындаушылары үшін де, жеке сот орындаушылары үшін де ортақ.
Мәжбүрлеп орындаудың құқықтық тетігі борышкер өз еркімен сот актісіндегі немесе өзге де актідегі талаптарды орын­даудан бас тартқан жағдайда іске қосы­лады және оларды орындамаудың немесе тиісінше орындамаудың кепілі болып табылады. 
Атқарушылық құжаттарды орындау жария-құқықтық сипатқа ие функция ретінде өз міндеттерін адал орындау­дан жалтарған борышкерлерге және атқарушылық іс жүргізудің басқа да қатысушыларына ықпал етудің барабар құралдарын қамтитын оны іске асырудың тиімді құқықтық рәсімін жасау қажеттігін білдіреді. Бұл құралдар азаматтардың кейбір конституциялық құқықтарын шектеумен ұштасуы мүмкін.
3. Күштеп әкелу өзінің құқықтық табиғаты бойынша хаттама толтыру, істің уақтылы және дұрыс қара­луын қамтамасыз ету, іс бойынша қабыл­данған шешімді орындау және заңда белгі­ленген өзге де мақсаттар үшін адамды уәкілетті органға, лауазымды және өзге де тұлғаға мәжбүрлі түрде әкелумен (жеткізумен) байланысты іс бойын­ша іс жүргізуді қамтамасыз ету шарасы болып табылады. Атқарушылық әрекет ретінде ол борышкердің тікелей қатысуын талап ететін сот және өзге де актілерді мәжбүрлі түрде орындау шарасын қолдану үшін жағдайлар жасауға, тұлғаны өзіне жүктелген міндеттемелерді орындауына мәжбүрлеуге, сол сияқты оған заңда белгіленген жауапкершілік шараларының қолданылуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Атқарушылық іс жүргізуде күштеп әкелуді қолдану адамның жеке басының бостандығына, еркін жүріп-тұруына және тұрғылықты мекенжайын еркін таңдап алуына және тағы басқа конституциялық құқықтарын қозғайды (Конституцияның 16-бабының 1-тармағы, 21-бабы, 25-бабының 1-тармағы). Бұл құқықтар Кон­ституцияда белгіленген тәртіпте және шарттарда шектелуі мүмкін. Негізгі Заңның 39-бабының 1-тармағына сәйкес адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құры­лысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажетті шамада ғана және заңдармен ғана шектелуі мүмкін. Конституциялық Кеңес бірнеше мәрте түсіндіріп кеткендей, адамның құқықтары мен бостандықтарын кез келген заңнамалық шектеу заңды түрде негізделген мақсаттарға барабар болуға және әділдік, тепе-теңдік және мөлшерлестік талаптарына жауап беруге тиіс (2008 жылғы 27 ақпандағы  №2, 2009 жылғы 20 тамыздағы  №5, 2016 жылғы 14 желтоқсандағы  №1 нор­мативтік қаулылар және басқалары). Конституциялық Кеңес осы ұстанымды негізге ала отырып, атқарушылық іс жүргізуде күштеп әкелуді қолдану, егер атқарушылық әрекетті жасау сот орындаушысына келуден жалтарған адамның қатысуынсыз мүмкін болмаса, орынды болып табылады деп пайымдайды.
Әркімнің жеке басының бостандығы құқығына (Конституцияның 16-бабының 1-тармағы) қатысты Конституциялық Кеңес 2012 жылғы 13 сәуірдегі  №2 нормативтік қаулысында ол әркімге тумысынан жазылған, абсолютті деп танылады және одан ешкім айыра алмайды және Конституцияның өзінің нормаларында белгіленген жағдайларды қоспағанда, Негізгі Заңның 39-бабының 3-тармағына сәйкес ешбір жағдайларда да шектелмеуге тиіс құқықтар мен бостандықтар қатарына жатады, деп түсін­дірген болатын. Конституциялық Кеңес атап өткендей, құқық бұзушы­лықтың жолын кесу немесе қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету, сондай-ақ мәжбүрлеу сипатындағы өзге де шараларды қолдану мақсатында адамның жеке бас бостандығын жетпіс екі сағаттан аспайтын қысқа уақытқа шектеуден тұратын және уәкілетті мемлекеттік органдар, лауазымды және өзге де тұлғалар заңда көзделген негізде және тәртіппен жүзеге асыратын мәжбүрлеу шарасы конституциялық-құқықтық мағынада «ұстау» ұғымымен қамтылады. Демек, Конституцияның 16-бабы 2-тармағының ережелері күштеп әкелуді жүзеге асыру тәртібін заңнамалық регламенттеу кезінде де сақталуы тиіс.
Осыған орай, атқарушылық іс жүргізу шеңберінде сот орындаушысына келуден жалтаратын адамдарға күштеп әкелуді қолдану сот шешімдерінің және өзге де мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар актілерінің орындалуын қам­тамасыз етуге бағытталған, атқару­шы­лық іс жүргізуге қатысушы азамат­тар­дың конституциялық құқықтарын бұз­байды. 
Күштеп әкелуге ұшыраған адамның құқықтарын қорғау кепілдіктерінің бірі ретінде осы шараны таңдау туралы сот орындаушысының қаулысын соттың санкциялауы көзделген. 
Конституциялық Кеңес күштеп әкелу­ді санкциялау рәсіміндегі сот бақы­лауы оны қолданудың формальды шарттарын ғана анықтаумен шектелмеуі тиіс деп есептейді. Бұл процесте соттың қызметі істің барлық мән-жайларын зерттей отырып, күштеп әкелуді қолданудың негіздерін, заңдылығы мен негізділігін мұқият тексеруді білдіреді (тиісінше хабардар ету, келмегені үшін орынды себептердің болмауы, жалтаруды растайтын фактілер және басқалары). 
Осылайша, Заңның 27-бабының 5-тармағы мазмұны бойынша Негізгі Заңның 16-бабының 2-тармағына, 39-бабының 1 және 3-тармақтарына қайшы келмейді, өйткені қоғамдық тәртіпті, адам құқықтары мен бостан­дықтарын, соның ішінде сот арқы­лы қорғалу құқығын қорғау, сондай-ақ атқарушылық іс жүргізуге қатысу­шылардың өз міндеттерін атқаруды қамтамасыз ету сияқты конституциялық маңызы бар мақсаттарды көздейді. 
4. Заңның 27-бабы 5-тармағының консти­туциялылығын тани отырып, Конституциялық Кеңес күштеп әкелу­ді қолдану мәселелерін реттейтін қолда­ныстағы заңнаманың елеулі кем­шіліктеріне назар аударады. 
Заңда қолдану тетігі практикада құқықтық шектеу сипатындағы қатаң шаралармен ұштасатын күштеп әкелуді орындау тәртібі регламенттелмейді. Заңнамада оны жүзеге асыру уақыты, күштеп әкелуге жатпайтын адамдардың тізбесі, тұлғаның келмеу себептерін дәлелді деп танудың мән-жайлары, арнау­лы құралдарды, дене күші мен қару­ды қолдану мүмкіндігі, сондай-ақ адамның конституциялық құқықтарын қозғай­тын басқа да мәселелер айқын­далмаған. 
Заңнамада қарастырылып отырған мәжбүрлеу шарасын іске асыру субъектісі анық белгіленбеген, бұл түптеп келгенде атқарушылық іс жүргізудің тиімділігін сөзсіз төмендететін мемлекеттік органдар мен сот орындаушылары арасында даулардың туындауына әкеп соғады. 
Мәселен, «Сот приставтары туралы» 1997 жылғы 7 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Заңында сот орындаушысына немесе атқарушылық iс-әре­кеттер жасалатын жерге келуден жал­таратын адамдарды күштеп әкелу сот приставының құзыретіне жат­қызылған (7-баптың 2-тармағының 8) тармақшасы). Осы норма «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актіле­ріне атқарушылық іс жүргізу мәселе­лері бойынша өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» 2003 жыл­ғы 5 мамырдағы Қазақстан Респуб­ликасының Заңына сәйкес енгізілді.
«Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдары туралы» 2014 жылғы 23 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ішкі істер органдарына сот актілерін, судьялардың талаптарын орындау, атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатуда сот орындаушыларына көмек көрсету жүктелген (6-баптың 1-тармағының 35) және 36) тармақшалары). 
«Жеке сот орындаушылары қаулы­ларының үлгі нысандарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2011 жылғы 20 қаңтардағы  №18 бұйрығымен сот санкциялаған сот орындаушысының күштеп әкелу туралы қаулысын орындау ішкі істер органдарына тапсырылады (11-қосымша).
Заңмен салыстырғанда, күштеп әкелуді қолданудың негіздері мен рәсімі Қазақстан Республикасының Қыл­мыс­тық-процестік кодексінде (157-бап) және «Прокуратура туралы» 2017 жылғы 30 мау­сымдағы Қазақстан Рес­пуб­­лика­сы­ның Заңында (45-баптың 5-тар­мағы) неғұрлым толық реттелген. 
Конституциялық Кеңес әртүрлі іс жүргізулерде қолданылатын күштеп әкелу түріндегі мемлекеттік мәжбүрлеу шаралары адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бос­тандықтарын қозғайды деп пайымдайды. Олардың құқықтық болмысы ортақ, таңдау негіздері мен іске асыру тетігі ұқсас. Сондықтан оларды қолдану тәртібі және жүзеге асыру субъектісі заңда анық белгіленуі тиіс. 
Осыған байланысты, Конституциялық Кеңес адам құқықтарының бұзылуына жол бермеу, сот шешімдері мен өзге де актілердің тиісінше орындалуын қам­тамасыз ету, атқарушылық іс жүргізу барысында мемлекеттік органдар өкілет­тіктерінің аражігін нақты ажырату мақ­сатында тиісті заңнамалық шара­лардың қажет екендігі туралы консти­туциялық іс жүргізудің бірқатар қаты­су­­шыларының пікірімен келісетінін біл­діреді. 
Бірқатар нормативтік қаулыларында Конституциялық Кеңес заң заңдық тұрғыдан дәлме-дәл және әкеп соқты­ратын салдары болжаулы болуға тиіс, яғни оның нормалары жеткілікті дәре­жеде анық тұжырымдалып, заң ереже­лерін өзінше пайымдау мүмкіндігін жоққа шығаратын түсінікті өлшемдерге негізделуге тиіс деп көрсеткен болатын (2008 жылғы 27 ақпандағы  №2, 2009 жылғы 11 ақпандағы  №1, 2011 жылғы 7 желтоқсандағы  №5 және басқалары). Құқық үстемдігі принципінен құқықтық реттеудің формальды айқындылығы, анықтығы және қайшы келмеушілігі, нысандары өзара байланысты түрлі салалық нормалардың өзара келісушілігі талабы туындайды. 
Конституциялық Кеңес күштеп әкелу атқарушылық іс жүргізудегі қамтамасыз ету шарасы ретінде Негізгі Заңға қайшы келмейді деп атап көрсетеді. Алайда, заңдарда тиісінше құқықтық тетік бекітілмеген кезде ол адамның және азамат­тың конституциялық құқықтары мен бос­тандықтарының бұзылуымен сүйемелденуі мүмкін. Сондықтан да талап етілетін заңнамалық түзетулер қабыл­данғанға дейін уәкілетті мемле­кеттік органдар, лауазымды және өзге де тұлғалар атқарушылық іс жүргізу шеңберінде күштеп әкелуді қолданған кезде азаматтардың құқықтары мен бос­тандықтарының қорғалуын көрсетілген заңнамалық актілерде белгіленген кепілдіктерден төмен емес деңгейде қамтамасыз етуі қажет. 
Баяндалғанның негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы­ның 2-тармағын, «Қазақстан Респуб­ликасының Конституциялық Кеңесі туралы» 1995 жылғы 29 желтоқ­сандағы Қазақстан Республикасы Консти­туциялық заңының 17-бабы 4-тар­мағының 1) тармақшасын, 31-33, 37, 40-баптарын және 41-бабы 1-тар­мағының 2) тармақшасын басшы­лыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі 
қаулы етеді: 
1. «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» 2010 жылғы 2 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабының 5-тармағы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес деп танылсын. 
2. Қазақстан Республикасының Үкіметіне адам және азаматтың құқық­тары мен бостандықтарына нұқсан кел­тірмеу, күштеп әкелуді қолдану тәртібін неғұрлым толық реттеу, атқарушылық іс жүргізуде мемлекеттік органдардың функциялары мен жауапкершілігінің аражігін нақты ажырату мақсатында «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» 2010 жылғы 2 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына және өзге де құқықтық актілерге Конституциялық Кеңестің осы нормативтік қаулысында мазмұндалған құқықтық ұстанымдарына сәйкес түзетулерге бастамашылық жасау туралы мәселені қарастыруға ұсыным берілсін. 
3. Қазақстан Республикасы Консти­туциясының 74-бабының 3-тарма­ғына сәйкес нормативтік қаулы қабыл­данған күнінен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жал­пыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағымдануға жатпайды.
4. Осы нормативтік қаулы респуб­ликалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

 Қазақстан Республикасы
Конституциялық Кеңесінің Төрағасы Қ.Ә.МӘМИ

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

19.09.2018

Таразда Мемлекеттік басқару академиясының филиалы ашылды

19.09.2018

Сауль Альварес IBO чемпиондық титулынан айырылды

19.09.2018

Жаңа жылдан бастап дәрілік заттардың бағалары реттелмек

19.09.2018

Қостанайда ішкі істер органдары ақпараттық қызметтің 100 жылдығы аталып өтілуде

19.09.2018

Халық қаһарманы Қасым Қайсеновке арналған кеш өтті

19.09.2018

Солтүстік Қазақстанның қос бишісі Азия чемпионатынан екі алтын медаль олжалады

19.09.2018

Қазақстанның тұрақты өкілі: елдегі жағдайды тұрақтандырудағы жетекші рөл ауғандарға тиесілі болуы керек

19.09.2018

Арыстанбек Мұхамедиұлы фильмдерді қазақ тіліне аударудың үш нұсқасын ұсынды

19.09.2018

«Астана Банкі» лицензиясынан айырылды

19.09.2018

Жауқазын жырлар жалыны

19.09.2018

Тоғыз тонна есірткі тәркіленді

19.09.2018

Жазушымен жүздесу

19.09.2018

Қостанайда Отбасы күні қарсаңындағы акциялар шеруі басталды

19.09.2018

Тарихи атаулармен түрленеді

19.09.2018

Ұстаздығы ұшан-теңіз жан

19.09.2018

«Герцептин» тапшылығы алаңдатады

19.09.2018

Йога жүктілікті жеңілдетеді

19.09.2018

Дамудың рецепті – балалардың ойнауы

19.09.2018

Жайнагүлдің жанарындағы жарқыл

19.09.2018

Теңіз деңгейінің көтерілуі әуежайларға қауіпті

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Esti men eski

Elektrondy aqparat quraldaryn qosa qalsań-aq jarq etip shyǵa keletin ánshilerdiń bitim-bolmystarynan syr aýlaı uzaq qadalatynyń bar. Qyz-jigitterdiń arasynda burynnan biletiniń ıa qatarǵa jańa-jańa ilingenderiniń oryndaǵan ánderine qulaı elikpeseń de – beker obaldary káne, beıjaı tyńdap otyrǵyzbaıtyn izdenisteriniń qýaty barshylyq. Bul salanyń jetik bilgiri sanalmasań da, tańdaǵan repertýaryna ózińshe kóńil aýdaryp, naqyshyn ishki tarazyńmen ólshep, órnek ıirimin oısha saraptaısyń ǵoı, baıaǵy. 

Ермухамед Мәулен, «Егемен Қазақстан»

Boljam aıtyp baıyǵandar

Sport bızneske aınalǵaly qashan. Árıne bul sózben qazir eshkim daýlasa almaıdy. Álemdegi eń baı adamdar sportshylar ekeni anyq. Alaıda osy sport bıznesi salasynda alaıaqtyq ta joq emes. Ásirese bás tigip aqsha tabatyndar men qandaı báske qoıý kerektigin usynatyndardan aıaq alyp júre almaısyz. Keńes beretin keń­seler men aqyl aıtyp otyratyn saıttar qap­tady. Aldaǵy ýaqytta alaıaqtardyń arbaýyna túspes úshin bul júıeniń qalaı áreket etetinin aıtyp óteıin. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Naǵyz Báıterek

Qazirgi baspasóz betterinde, buqaralyq aqparat quraldarynda «Báıterek» degen sóz teńeý retinde kóbinese qoǵamǵa eńbegi sińgen nemese ómir jolynda jeke basy jaqsy tabystarǵa jetken, sodan halyqtyń kózine túsken adamdarǵa qatysty qoldanylyp júr. Durys-aq. Ondaı adamdardyń eńbegi halyq ıgiligine jarap jatsa, sol ıgilikten kóptegen adamdar nár alyp, turmysyn jaqsartsa nemese sol adamnan úlgi alý arqyly urpaǵyna durys tárbıe, baǵyt-baǵdar berse, tipti basqany bylaı qoıǵanda, et jaqyn týystary, aýyldastary sonyń saıasynan pana taýyp, sol arqyly ómirin durys arnada jalǵastyryp jatsa, nege qoldanbasqa. Rasynda da, mundaı adamdar «Báıterek» degen atqa ábden laıyq qoı.

Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»

Tо́relik qyzmetke tо́r qashan beriledi?

Abaı atamyz: «Burynǵy qazaq jaıyn jaqsy bilgen adamdar: «bı ekeý bolsa, daý tórteý bolady» dep aıtypty», deıdi. Rasynda, bul sózdiń ómir tájirıbesinen alynǵanyna esh kúmán joq. О́ıtkeni bul arada hakim bıdiń sany emes, sapasy daýdy azaıtatynyna mán bergeni anyq. Al endi bul búgingi kúni de elimiz aýmaǵyndaǵy tórelik qyzmet prosesinde týyndaıtyn qoǵamdyq qatynastardy sheshýde eń basty eskerer jaıt bolyp tur. Sebebi azamattyq daýlardy qaraýda qara qyldy qaq jaratyn ádil sheshimge qol jetkizý áli de arman.

Бақытгүл САЛЫХОВА, педагогика ғылымдарының кандидаты

О́mir súrý salty

BUU aqparatyna saı, áıelder arasynda eń joǵary ortasha ómir súrý uzaqtyǵy boıynsha 86,8 jaspen Japonıa aldyńǵy qatarda tursa, er adamdar arasynda 81,3 jaspen Shveısarıa birinshi orynda. Al keıbir elderde ortasha ómir súrý uzaqtyǵy tipti 60 jasqa da jetpeıdi. «Nege?» degen suraqqa túrli faktorlardy keltire otyryp jaýap berýge bolady.

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу