Театр • 06 Шілде, 2018

Қуыршақ... құйтақандай құлын шақ

619 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Астананың 20 жылдық торқалы тойына әзірленген сый-сияпаттың ішінде әсіресе балаларға арналған іс-шаралардың, балапандарға мерекелік көңіл күй сыйлап, сәби жүрегіне қуаныш пен шаттық ұялатқан рухани тартудың жөн-жосығы басқалардан гөрі ерекшелеу сезіледі... Дүниеде сәби жүзіне күлкі үйіре алудан асқан бақытты тірлік бар ма, сірә! Күні кеше ғана өз мәресіне жеткен, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Құралай Ешмұратова атындағы «Құралай» II Халықаралық қуыршақ театры фестивалі ең алдымен, әлемде алғашқылардың бірі болып осы мақсатты жүзеге асыруға атсалысқан еліміздегі бірден-бір жоба ретінде үлкен мәнге ие десек, екінші жағынан, елорданың ұмыт болып бара жатқан өнерді қолдап, қуаттап, құйтақандай өнер ұжымдарының ортақ төріне айналуы, өзара тәжірибе алмасу алаңы саналуы – құптарлық құнды жоба. 

Қуыршақ... құйтақандай құлын шақ

Шілденің 1-і күні бастау алған өнер мерекесінің шымылдығы алматылық Қуыршақ театры сахналаған «Қаңбақ шал» қойылымымен ашылды. Қатарынан төрт күн балғындарға базарлық әзірлеген фестивальде 15 театр өз өнерлерін ортаға салды. Осыған орай біз Алматы қуыршақ театрының директоры, мәдениет қайраткері Талғат ЕСЕНӘЛИЕВТІ әңгімеге тартқан едік.   

– Талғат Қамқабайұлы, сахна өнерінің ерекше түрі саналатын Қуыршақ театры несімен тартып, баурап әкеткені қы­зықтырады. Бұл өнердің ерекшелігі неде?

– Қуыршақ театрының қоғамда атқаратын қызметі өзге театрлардан гөрі кемдеу десеңіз, қатты қателесесіз, әрине. Ол бұлардан әлдеқайда ауқымды әрі маңызды болып саналады. Жиырмасыншы ғасырмен қазақ жеріне бірге келген аталмыш өнердің түрі бүгінде халықтың баға жетпес қазынасына айналды. Өзіндік сара жолын тапқан бірегей өнер ордасы болып саналатын Мемлекеттік қуыршақ театры бүгінгі күні 83-ші маусымын өткеруде. 
 Мұнда еңбек ете келіп, көзім бір нәрсеге айқын жетті. Театрды халықтың көруі, сүюі біздің еңбегімізге тікелей байланысты екен. Яғни қазірден бастап театр мәдениетіне баланы барынша баули алсақ, ертең есейгенде бұл өнерді шын бағалайтын ұрпақ тәрбиелеген болып есептелеміз. Әдетте кез келген жаңалықты, жақсылықты балалар тез жаттап, бойына жылдам сіңіріп алып жатады. Өмір заңдылығы солай. Ал буын-санасы әбден қатқан кісіні кейін қанша жерден түйемен тартып сүйресең де, мұндағы әрбір сөз, әрекет оған түрпідей түйілері сөзсіз. 

– Қазір технологияның дамыған заманы. Интернет тіпті жойқын күшке ие. Сондайда бала көңілін театрға бұрудың өзі көп тер төгуді қажет ететіні сөзсіз. Көрер­менді қалай баурайсыздар?

– Рухани кемелдік пен мәдени өсуге ықпал ететін бірден-бір орын – театр. Соның ішінде қуыршақ театры. Мұнда кәсіби әртістер ойынының озық үлгісі, режиссердің тұшымды шешімі, суретшінің және автордың қызықты әрі мағыналы жұмысы үлкен рөл атқарады. Міне, осы талаптар орындалған жағдайда бала келесіде театрға өз еркімен келгенін аңғармай қалады. Олай дейтінім, театр сәбилерге қарапайым халық және әлем ертегілерінен бастап, тарихи шығармаларға құрылған қойылымдарды ұсынады. Әрине, бұл жерде театрдың репертуарлық қоры бай болуы шарт. Мемлекеттік қуыршақ теа­тры осы бағытта репертуарын кеңейтіп, балдырғандарға, мектеп, колледж, жоғары оқу орындарының студенттеріне, тіпті үлкендерге арнап қойылымдар ұсынуда. Кассадан тыс онлайн билеттер, әлеуметтік парақшалар арқылы таратылып жатқан жарнамалардың арқасында көрермендеріміз күннен-күнге көбеюде. Айлық репертуардан бөлек сұраныс бойынша күніне төрт-бес рет ойнайтын кездеріміз болады. 

– Әдетте, еліміздегі театр ұжымдары жаз мезгілінің ортасында маусымдарын жауып, кезекті еңбек демалысына шығады. Қуыршақ театры ше? 

– 82-ші маусымнан бастап қуыршақ театры үздіксіз жұмыс істеп келеді. Биыл да солай жоспарлап отырмыз. Жазғы демалысқа шыққан әр балдырғанның бос уақытын теа­трда өткізуіне жағдай туғызуға мүдделіміз. Театр әртістерінің қатысуымен спектакль алдында сергіту сәтін ұйымдастырып, театр­дың, қойылымдардың тарихы туралы толық мағлұмат беруді дәстүрге айнал­дырдық. Сондай-ақ маусым айынан бастап аптаның сенбі, жексенбі күндері театр репертуарындағы көрерменнің ыстық ықы­ласына бөленіп жүрген қойылымдар ретін Алматы хайуанаттар паркінде де ұсынып жатқанымызды атап өткім келеді. 

– Соңғы жылдары театр ұжымы балалар мен жасөспірімдерге арналған қойылымдардан бөлек ересектерді де назардан тыс қалдырмай, тың жаңалықтар енгізуде. Бұл режиссерлер мен басшылық тарапынан болған ұсыныс па, әлде уақыт талабы ма? 

–  Иә, биылғы маусымның басты жаңалығы сол, театр жаңа форматқа көшіп, ересектер үшін спектакльдер әзірледі. Әзірге репертуарымызда ақиық ақын М.Мақатаевтың поэзия­сы негізінде сахналанған «Мен деп ойла...» (режиссері М.Тәуекелова) поэтикалық спектаклі, Е.Иновтың «Ана жүрегі» (режиссері А.Зайцев) және заңғар жазушы Ш.Айтматовтың 90 жылдық мерейтойына орай «Құс жолы» повесі желі­сімен режиссер Д.Жұмабаева сахналаған «Ана-Жер Ана» қойылымдары бар. Тіпті Халық­аралық театр фестивальдеріне, оның ішінде драма театрлары фестиваліне шақыр­ту алып, қанжығасын майлап үлгерді. Қаншама ғасыр өтсе де құндылығын еш жоғалтпаған «Ана жүрегі» қойылымы ақпан айының 1-15 күндері аралығында Алматы қаласында өткен Франция, Ұлыбритания, Ресей, Германия, Өзбек­стан және Қазақстанның үздік өнер ұжымдары қатысқан «Откровение» V Халықаралық орындаушылық өнер фести­валіне, «Ана-Жер ана» қойылымы Т.Ах­тановтың 95 жылдығына арналған Халық­аралық «Балауса» эксперименталды қойылымдар фестиваліне қатысып, додаға түсті. Осы тұста драма театры ре­жис­серлерінің қуыршақтармен жүрек­сін­бей жұмыс істеулері қуантады. Ал қазір театр ұжы­мы жақында премьерасы өтетін Еврипидтің «Медея» шығар­ма­сының дайындық жұмыстарын жүргізуде. Аталмыш шығар­маның кейіпкерлері елімізде алғаш рет қуыршақтар бейнесінде көрерменге жол тартпақ. Спек­такльге Шығыс Қазақстан облы­сындағы «Жастар» театры­ның көркемдік жетекшісі Айдын Салбан режиссерлік етуде. 

– Алдағы уақытта көрер­менге тағы қандай тың қойы­лымдар ұсыну жоспар­ла­ры­ңызда бар? 

– Маусым айының 23-24 күндері ару қала Алматының Астана қаласындағы мәдени күндері аясында Мемлекеттік қуыр­шақ театры кезекті гас­трольдік сапарын өткізді. Елор­далықтар әр спектакльді ерекше ықыласпен тамашалап, ақ тілектерін жаудырғаны көңілімізге қуаныш сыйлады. Сонымен қатар қуыршақ театры жақында Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай «Бауырсақ» ертегісінің желісінде «Арман әлемі» спектаклінің премьерасын көрермен назарына ұсынды. Аталмыш маусымда театр ұжымы қатарынан бірнеше фес­тивальге шақырту алды. Атап айтар болсақ, IX Халықаралық «Петрушка Великий» (Ресей, Екате­ринбург қ.) театр фестивалі, үлкен­дерге арналған VI Халық­аралық «Соломенный жаворонок» қуыршақ театры фести­валі (Ресей, Челябі қ.), VI Халық­­аралық «Чодари хаел» қуыршақ театры фестивалі (Тәжікстан, Душанбе қ.), т.б. Әрине алдағы уақытта жаңа туындыларды сах­налап, қуыршақ театрын кәсі­би тұрғыдан әлі де жан-жақты жетілдіре түсуге күш-жіге­рімізді барынша жұмылдыра беретін боламыз.

Әңгімелескен
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»