Аймақтар • 06 Шілде, 2018

Павлодар облысында энергетиктерге пәтер берілді

470 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астананың 20 жылдығы мен Ақсу электр стансасының 50-жылдығына орай Ақсу қаласында Еуразиялық Топтың Тұрғын үй бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл мерекелі  күн ERG құрамындағы  «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ энергетиктеріне қуаныш сыйлады.

Павлодар облысында энергетиктерге пәтер берілді

Суретті түсірген Валерий Бугаев

Қаладағы Құрылысшылар көшесі, 42 мекен-жайы бойынша орналасқан 5 қабатты үйде 70 пәтер бар. Пәтер кілттері кәсіпорынның жас мамандары мен жоғары білікті жұмысшыларға берілді. Энергетиктерді пәтер алуларымен облыс әкімі Болат Бақауов құттықтады.

Жаңа үйдегі пәтердің бір шаршы метрі ЕЭК жұмысшылары үшін 115 мың теңге. Еуразиялық Топтың «Тұрғын үй бағдарламасы» мен «Қазақстан ипотекалық компаниясымен» бірге пәтерлер 20 жыл мерзімге төмен пайыздық мөлшерлемемен сатып алу құқығымен жалға беріледі.

–Біздің кәсіпорын Елбасының «Нұрлы Жол» стратегиялық бағдарламасының шеңберіндегі «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» мемлекеттік жобасын белсенді қолдап келеді. Бұл үйі бар адам ертеңгі күнге, өз балаларының бақытты болашағына деген сенімді деген сөз. Біздің жастарды өндірісте еңбек етуге ынталандырады және еңбек өнімділігін арттырады,–дейді «ЕЭК» АҚ адам ресурстарын басқару және әлеуметтік мәселелер жөніндегі вице-президенті Татьяна Носачева.

Ақсудағы «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ (ЕЭК) Еуразиялық Топ (ERG) құрамындағы – еліміздегі электр қуатының 17 пайызын, көмірдің 20 пайызынн өндіреді. Корпорация Ақсу электр стансасы, Екібастұздағы «Шығыс» көмір кеніші мен энергетикалық және кен жабдығын жөндеумен айналысатын өндірістік жөндеу бөлімшесін біріктіреді. Кәсіпорын 2001 жылдан бері электр стансасындағы энергоблоктарды жаңғырту жұмыстарын жүргізуде.

Фарида Бықай,

«Егемен Қазақстан»

ПАВЛОДАР