Өнер • 07 Шілде, 2018

Астанада «Азия жаңғырығы» фестивалі өтіп жатыр

365 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық Азиядағы цирк өнеріне арналған бірден бір сайыс – «Азия жаңғырығы» халықаралық фестивалі шілденің 4-і мен 8-і аралығында Астанада өтеді. Бұл туралы Астана қаласы Мәдениет және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Астанада «Азия жаңғырығы» фестивалі өтіп жатыр

Жыл сайын фестивальге цирк өнерінің ең мықты артистері өздерінің үздік жетістіктерін көпшілік назарына ұсынады.

Астаналық цирк күмбезінің астында екі конкурстық бағдарлама аясында 12 мемлекеттен 60-тан аса артист өнер көрсетуде. Биыл Астанаға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркменстан, Вьетнам, Ресей, Беларусь, Франция, Канада, Никарагуа, Эфиопия және Венгрия елдерінің цирк өнерінің майталмандары бас қосады.

Цирк индустриясы мен мәдениет қайраткерлерінен құралған халықаралық төрешілер командасы қатысушылардың шеберлігін бағалайды.

Қазылар алқасының төрағасы – «Астаналық цирк» МКҚК бас директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Ерік Жолжақсынов. Бұдан басқа, қазылар алқасының құрамына Украина ұлттық циркінің директоры, КСРО халық артисі Людмила Шевченко (Украина), Беларусь Мемлекеттік циркінің директоры Владимир Шабан (Беларусь), Монте-Карлодағы Халықаралық цирк фестивалінің вице-президенті Урс Пилс (Монте-Карло), «Латино» халықаралық цирк фестивалінің президенті Фабио Монтико (Италия), Велки циркінің бас директоры Джерзи Козиак, Майамидегі Фаербёрдпродакшн компаниясының президенті Петр Дубинский, «Ереван циркінің» көркемдік жетекшісі, бас директоры Сос Иосиф Петросян (Армения), Саха Республикасының «Марфа және Сергей Расторгуевтар атындағы Мемлекеттік циркінің» директоры Сергей Расторгуев (Якутия), Украина Мемлекеттік цирк компаниясының директоры әрі көркемдік жетекшісі Сергей Кабаков (Украина), «Цирк артистерінің ассоциациясы» қоғамдық ұйымының мүшесі-құрылтайшысы Лолита Липинска (Латвия), Түркмендік цирк директоры Иламанов Аннамухаммед (Түркменстан), Қазақ Мемлекеттік циркінің директоры – көркемдік жетекшісі, мәдениеттанушы Бақыт Бөкебаев (Қазақстан) және «Оңтүстік-Цирк» бас директоры Арман Әлиев (Қазақстан) енді.

Құрметті қонақ ретінде фестивальге Венгриядан танымал піл үйретуші Ричард Такас пен Украинадан шоу-бағдарламалардың жетекшісі Виктория Гриценко шақырылды.