Жазғы спорт • 11 Шілде, 2018

Ойлылар ойынының оғыландары

743 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгін­гі таңда әлемнің ең үздік шах­мат­шы­ларының бірі саналатын венгриялық Юдит Полгар әйелдердің бәсекесіне қатысудан саналы түрде бас тартып, өз қалауы бойынша еркектердің дуына қосылды. 

Ойлылар ойынының оғыландары

Осыдан алты жыл бұрын Астанадағы Назарбаев университе­тінде өткен интерактивті дәрісі кезінде Қазақстанның аса дарынды шахматшысы Жансая Әбдімәлік Елбасына «Шахмат сабағын мектепте оқытуға қалай қарайсыз?» деген сауал қойған еді. Мемлекет басшысы «Шахмат ойыны адамның ақыл-ойын дамытады. Есептеуге үйретеді. Мемлекет басқаратын адам міндетті түрде шахмат ойнауы керек. Мен де ойнаймын. Бірақ сен сияқты ойнаймын деп айта алмаймын, Жансая. Мен сенің әрбір қадамыңды, жетістігіңді бақылап отырамын. Сенің аяқ алысыңа қуаныштымын» деп жауап қайтарғаны есімізде.     

Өркениетті мемлекеттерде билік басындағы азаматтардың шахматты дамытуға айрықша құлшыныс танытуы бекер емес. «Ойлылар ойыны» деген атауға ие спорттың бұл түрі білімділік пен біліктілікті, ақыл мен парасатты, ұшқырлық және ұтқырлықты, физикалық пен психологиялық даярлықты, зеректілік пен тапқырлықты, шыдамдылық пен жинақылықты сол сияқты өзге де қа­сиеттерді талап етеді. Сол себепті де аса маңызды жарыстар мен әлемдік тәж үшін өтетін бәсекені жер бетіндегі миллиондаған адамдар тамашалауға ерекше құштар. 

Сонымен қатар шахмат тек интеллектуалды ойын ғана емес, бұл жарыстарға бірден саяси сипат берілетіні де баршаға мәлім. Әсіресе ХХ ғасырдың екінші жартысында КСРО мен АҚШ арасындағы қырғи-қабақ соғыстың өршіп тұрған тұсында ондай жайттар анық аңғарылатын. Қос мемлекеттің оғландары өзара шеберлік байқасқан кезде «Қайсы күшті: Кеңес Одағы ма, әлде Америка ма?», «Қай жүйе мықты: социа­лизм бе, әлде капитализм бе?» деген сансыз сауалдар туындайтын. Алпауыттардың айқасын көру үшін қатардағы қарапайым көрермендерді айтпағанда, билік басындағы шенділердің өздері тәулігіне бірнеше сағат бойы теледидардың алдында тапжылмай телміріп отыратын.

Шахмат сайыстарында тең­дессіз өнерімен төрткүл дү­ниені тамсандырып, өз дәуірі­нің дарабоздары болған тұл­ға­лар аз емес. Прагада дүниеге келіп, кейіннен АҚШ-қа қо­ныс аударған Вильгельм Стей­ниц ХІХ ғасырдың фено­мені са­налса, Эмануэль Лас­кер (Гер­ма­ния), Хосе Рауль Капаб­ланка (Куба), Александр Але­хин (Ре­сей-Франция), Макс Эйве (Гол­ландия), Михаил Ботвинник (КСРО), Василий Смыслов (КСРО), Михаил Таль (КСРО), Тигран Петросян (КСРО), Борис Спасский (КСРО), Роберт Фишер (АҚШ), Анатолий Карпов (КСРО-Ресей) және Гари Каспаровтың (КСРО-Ресей) ХХ ғасырда даңқтары дүркіреп тұрды. Ал ХХІ ғасырда Владимир Крамник (Ресей), Александр Халифман (Ресей), Вишванатан Ананд (Үндістан), Руслан Пономарев (Украина), Рустам Қасымжанов (Өзбекстан), Веселин Топалов (Болгария) және Магнус Карл­сеннің (Норвегия) өрелі өнеріне сүйсіндік. Жоғарыда есімдері аталғандардың барлығы да әр жылдары әлем чемпионы деген атаққа қол жеткізген саңлақтар.  

Әйелдер арасында Вера Менчик (Ресей-Чехословакия-Ұлыбритания), Людмила Руденко (КСРО), Елизавета Быкова (КСРО), Ольга Рубцова (КСРО), Нона Гаприндашвили (КСРО), Майя Чибурданидзе (КСРО), Се Цзюнь (Қытай), Жужа Полгар (Венгрия), Чжу Чэн (Қытай), Антоанета Сте­фа­нова (Болгария), Сюй Юйхуа (Қытай), Александра Костенюк (Ресей), Хоу Ифань (Қытай), Ан­на Ушенина (Украина), Ма­рия Музычук (Украина), Тань Чжуньи (Қытай) және Цзюй Вэньцзюнь (Қытай) әр жылдары әлем чемпионы атанды. Осы орайда мына бір жайт­қа да назар аударған жөн: Бүгін­гі таңда әлемнің ең үздік шахматшыларының бірі саналатын венгриялық Юдит Полгар әйелдердің бәсекесіне қатысудан саналы түрде бас тартып, өз қалауы бойынша еркектердің дуына қосылды. Себебі нәзік жандылар арасында ешкім оған қарсылық көрсетіп жарытпады. 

Бүгінгі таңда ерлер ара­сын­дағы әлемдік рейтингте нор­вегиялық Магнус Карлсен көш бастап тұр. 27 жастағы скан­динавиялық саңлақ 2013 жылы әлем чемпионы атағын олжалады. Содан бері ол сол биіктен тө­мендеген жоқ. Екінші орында – 27 жастағы АҚШ-тың мық­тысы Фабиано Каруано. Үшін­ші сатыға Әзербайжанның мақ­танышы, 33 жастағы Шахрияр Мамедьяров жайғасты. Төртінші және бесінші орындарда – 25 жастағы қытайлық Дин Лижень мен 43 жастағы ресейлік Вла­димир Крамник. Сондай-ақ, «ТОП-10» шахматшылар санатына голландиялық Аниш Гири, америкалық Уэсли Со, франциялық Максим Вашье-Лаграв, АҚШ-тың тағы бір өкілі Хикару Накамура мен ресейлік Сергей Карякин еніп отыр. 

Әлемдік рейтингтегі «ТОП-50» шахматшылар қатарында мына мемлекеттердің өкілдері  бар: Ресей – 13 ойыншы, Қытай – 6, Әзербайжан мен АҚШ – 4  Үндістан мен Украина – 3, Франция, Болгария, Польша, Венгрия, Англия – 2, Норвегия, Голландия, Армения, Вьетнам, Чехия, Испания және Израиль – 1. Өкінішке қарай, Қазақстанның бірде-бір шахматшысын үздік 50 тұрмақ, таңдаулы 100 ойын­шы­ның да қатарынан кезіктіре алмадық.   

Есесіне әйелдер рейтингіндегі жағ­дайымыз жақсы. «ТОП-50» ойыншының қатарында екі бір­дей қаракөзіміз бар. Олар – астаналық Динара Сәдуақа­сова мен алматылық Жансая Әб­дімәлік. 21 жастағы Динара Рама­занқызы ФИДЕ тізімінде 15-орында тұрса, 18 жастағы Жансая Даниярқызы 16-сатыға тұрақтады. Бұрын-соңды Қазақ­станның бірде-бір ойыншысы осын­дай биіктен көрінген жоқ еді. Сол себепті де елімізде әйел­дер шахматы өрлеу кезеңін басынан кешіруде деп айтуға толық негіз бар.  

Арулар арасында Қытайдың қос мықтысы көш бастап тұр. Олар – 24 жастағы Хоу Ифань мен 27 жастағы Цзюй Вэньцзюнь. Украиналық Анна Музычук үздік үштікті қорытындыласа, одан кейінгі орындарда ре­сей­лік Екатерина Лагно, Алек­сандра Костенюк және Вален­тина Гунина. Сонымен қатар, қытайлық Лэй Тинцзе, украи­на­лық Мария Музычук, грузиялық Нана Дзагнидзе және Ресейдің та­ғы бір мықтысы Александра Го­ряч­кина озық ондықтың қа­тарында.

Ал «ТОП-50» ойыншының са­натында мына мемлекеттердің шахматшылары бар: Ресей – 11 ойыншы, Қытай – 9, Грузия – 4, Украина – 3, Қазақстан, Франция, Польша, АҚШ – 2, Үндістан, Болгария, Германия, Литва, Түркия, Швеция, Әзербайжан, Англия, Иран, Венгрия, Катар, Грекия, Румыния, Испания және Куба – 1.   

Міне, шахматшылардың қа­зір­гі кездегі әлемдік рейтингі осын­дай. Біз енді қазақ қыздары­на бүгінгіден де биік белестерді ба­ғындыруына тілекшіміз. Ал ерлеріміз намысын қамшылап, алдағы күндері үздіктер қатарына қосылуға барынша күш салуға тиіс.  

Ғалым СҮЛЕЙМЕН, 
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ