Уимблдон турнирінің тұсауы сонау 1877 жылы кесілді. Алғашында ерлер өзара шеберлік байқасса, арада жеті жыл өткеннен соң олардың қатарына әйелдер қосылды. Одан кейін жұптық және аралас жұптар арасында сайыстар ұйымдастырыла бастады. Жылдар өткен сайын Уимблдонның беделі күрт артып, ол «Үлкен дулыға» санатындағы мәні мен маңызы зор әрі жүлделік қоры аса мол жарыстардың біріне айналды.
Ұлыбритания төрінде талай рекордтық көрсеткіш орнатылды. Мәселен, Швейцарияның мақтанышы Роджер Федерер жекелеген сайыста 8 мәрте топ жарса, АҚШ-тың қос серкесі – Уильям Реншоу мен Пит Сампрас 7 реттен жеңімпаз атанды. Ал әйелдер арасындағы ең үздік нәтиже ХХ ғасырдың жетпісінші және сексенінші жылдары атой салған Мартина Навратиловаға тиесілі. Әуелі Чехословакияның туы астында өнер көрсетіп, кейіннен АҚШ азаматтығын алған әйгілі теннисші 9 турнирде қарсылас шыдатпады. Америкалық Хелен Уиллс-Муди 8 мәрте теңдессіз деп танылса, ұлыбританиялық Доротея Ламберт-Чамберс, германиялық Штеффи Граф және АҚШ-тың тағы бір жұлдызы Серена Уильямс 7 реттен дара шықты.
Уимблдонның ерлер турнирінде америкалық Гарднар Маллойдың есімі ең қарт чемпион ретінде тіркелді. Ол 43 жастан асқан шағында шашасына шаң жұқтырмады. Германиялық Борис Беккерге бұл белес небары 17 жасында бағынды. Осылайша неміс жігітінің есімі ең жас чемпион ретінде спорттық шежіреге жазылды. Әйелдер арасында Мартина Навратиловаға таңданбау мүмкін емес. Ол 46 жасында жасындай жарқыраса, Швейцарияның жас жұлдызы Мартина Хингис 16 жасында алдына жан салмады.
2010 жылы америкалық Джон Изнер мен франциялық Николя Маю арасында өткен матч бақандай 11 сағат 5 минутке созылды. «Жан алысып, жан беріскен» бұл айқас 6:4, 3:6, 6:7, 7:6, 7:6 есебімен алғашқысының пайдасына шешілді. Дәл сол жылы АҚШ ойыншысы Тейлор Денттің бағыттаған добы сағатына 238 шақырымдық жылдамдықпен зымыраған екен. Міне, осылай тізбектей берсек, 141 жылдық тарихы бар Уимблдон турнирінде талай таңдай қағарлық рекордтардың тіркелгеніне қанық боламыз.
Биылғы турнирдің жүлде қоры 34 миллион фунт стерлингті (44 617 810 доллар) құрап отыр. Қазіргі кезде жарыс жолында кіл мықтылар ғана қалды. Солардың арасынан кімнің озатыны алдағы күндері анықталады. Бір анығы, ерлер мен әйелдердің жекелеген сайысында жеңімпаз атанған ойыншы 2 250 миллион фунт стерлингті иеленеді. Финалда ұтылған теннисші сол соманың тең жартысын еншілейді. Жартылай финалға жолдама алғандар 562 мыңды олжаласа, ширек финалға шыққандар 281 мыңға иелік етеді. Қазақстанның қос теннисшісі Уимблдонның екінші айналымында өнер көрсеткені жайында жоғарыда айттық. Сол межеге жеткені үшін Михаил Кукушкин мен Юлия Путинцеваның есепшотына 63 мың фунт стерлинг аударылды.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»