Жазғы спорт • 11 Шілде, 2018

Жакартаға баратын арулар анықталды

363 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

18 тамызда Индонезияның астанасы – Жакартада алауы тұтанатын XVIII жазғы Азия ойындарында Қазақстанның көркем гимнасшылары қандай құрамда өнер көрсететіні белгілі болды.

Жакартаға баратын арулар анықталды

Осы спорт түрін серік еткен сұлуларымыздың бұған дейінгі Азия ойындарында да табысты өнер көрсеткенін жанкүйерлер жақсы біледі. Жоғарыда айтылған сөздің дәлелді болуы үшін алысқа бармай-ақ, соңғы үш жарыстың қорытындысына көз жүгіртсек те жеткілікті деп ойлаймыз. Мысалы, 2006 жылы Дохада өткен дүбірлі додада Әлия Юсупова жекелеген сайыста алдына жан салмай, алтыннан алқа тағынды. Сондай-ақ, құрамында Әлия Юсупова, Айдана Қауылдашева және Майя Зайнулина сынды арулары бар қазақстандықтар командалық есепте бас жүлдені олжалады.

2010 жылы Гуанжоуда да отандастарымызға тең келер ешкім табылмады. Жекелеген бәсекеде Анна Алябьева топ жарса, командалық сайыста да қарсылас шыдатпадық. Ал 2014 жылы Инчхонда Қазақстан құрамасы Өзбекстан мен Оңтүстік Корея спортшыларын алға жіберіп, үшінші орынға тұрақтады. Сол команданың сапында Әлия Ассимова, Виктория Горбунова, Сабина Әшірбаева және Екатерина Скорикова өнер көрсеткен еді.

Биыл Жакартада Алина Әділханова, Әдиля Тлекенова, Селина Жұматаева және Даяна Әбдірбекова бақ сынайды. Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда сары құрлықтағы бәсекелестік деңгейі өте жоғары. Сол себепті де жекелеген сайыста жеңіс тұғырына көтерілу қиынға соғатыны анық. Ал командалық сайыста жерлестеріміз жүлделі орындардың бірін иеленуі әбден мүмкін. Ұлттық командамыздың бас бапкері Әлия Юсупованың айтуынша, Индонезиядағы додада Қазақстан гимнасшыларының басты бәсекелестері – Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай және Өзбекстан құрамалары.  

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар