Президент • 12 Шілде, 2018

Туристік әлеуетті арттыруға айрықша назар

1375 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Щучье-Бурабай» курортты аймағында болып, жаңадан салынған бірқатар туристік нысандарды аралады. Елбасына өңірдің туристік кластерін, атап айтқанда Щучье-Бурабай курорттық аймағын, «Абылай хан» алаңын, «Ақ бура» курорттық аймағын және басқа да нысандарды дамытуға арналған жобалар таныстырылды. Сонымен қатар Қазақстан Президенті «Promenade Burabay» нысанының құрылыс жоспарын көрді. Нысандармен танысқан соң Н.Назарбаев еліміздегі туризмді дамытуға жауапты басшылардың есебін тыңдап, бірқатар тапсырмалар берді.

Туристік әлеуетті арттыруға айрықша назар

Суретті түсірген Ерлан ОМАР

Бурабайдың көгілдір қырқа жоталарымен көктей өтіп, Оқжетпестің өзімен бой таластыратын, әлемде сирек кездесетін осы заманғы талаптарға сай трамплин алыстан көз тартады. Бұл нысан – жалғыз тау шаңғысы ғана емес, еліміздегі туризмнің дамуына айрықша серпін беретін нысан. Трамплинді шаңғы спортының республикалық базасының аумағы 125,54 гектарды құрайды. Құрылыс жұмыстары екі кезеңмен жүзеге асырылды. Бірінші кезеңде аумағы 111 гектарды алып жатқан шаңғы базасы іске қосылса, екінші кезеңде 90 жəне 125 метрлік трамплиннен секіру нысаны пайдалануға берілді. Мәдениет және спорт министрлігінің ғаламат шаңғы базасы үстіміздегі жылдың наурыз айында ашылған болатын. Кешенді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы таныстырып көрсетті. Бұл шаңғы базасы қысы-жазы жұмыс істейтін болады. Аталмыш спорт кешенін салуға барлығы 38 миллиард теңге қаржы жұмсалды. Шаңғы базасы қысқы спорт түрлері (шаңғы жарысы, биатлон, тұғырдан секіру) бойынша əлемдік талаптарға сай салынған. Нысанға шаңғы жолы, 90 жəне 125 метрлік биіктіктен секіру тұғыры (трамплин), 200 орындық қонақ үй, 250 орындық асхана, жүзу бассейні, дəрігерлік-сауықтыру орталығы кіреді.

Мемлекет басшысының сапары кезінде жаңа шаңғы базасында 200-ден астам спортшының оқу-жаттығу жиыны өтіп жатқан болатын. Қазақстанның трамплиннен секіру спортының ең мықты хас шеберлері пайдалануға беріліп отырған жаңа кешеннің өте сапалы екендігін өздерінің шеберліктерімен көрсетті.

Елбасына «Туристік Қазақстан» бағдарламасының алдағы уақытта жүзеге асырылуы және «Щучье-Бурабай» курортты аймағын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы және Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин баяндап берді.

Баяндамаларды тыңдаған соң Мем­­лекет басшысы Қазақстанның ту­рис­­тік әлеуетін арттырудың өзектілігін айт­ты.

– Осыған дейін туризмді дамытуға толық мүмкіндігіміз болмады. Әр нәр­се­нің өз уақыты бар. Жағдайы бар қазақстандықтар шетелдердегі курорт­тарға барып демалып жүрді. Ендігі уа­қытта Қазақстанның көркем жерлерін отандастарымызға ғана емес, шетелдік­терге де көрсететін уақыт жетті. Туризмді экономиканың бір саласы деп есептеуіміз керек. Қазір «Щучье-Бурабай» курортына қатынауға барлық жағдай жасалған. «Астана-Бурабай» автобаны салынды. Темір жол бар. Көкшетаудың әуежайы жұмыс істеп тұр. Енді Бурабай кентінің ішкі жолдарын салып, абаттандырып, демалушыларға қолайлы жағдай туғызуымыз қажет. Бұл облыс әкімінің шаруасы. Жалпы, Бурабайда ғана емес, Имантау, Шалқар, Баянауыл, Түркістанда да туризмді дамытуды қолға алуымыз қажет. Түркістан туризмді дамытуға өте қолайлы. Ең бастысы, инфрақұрылымды дұрыстауымыз керек. Мен барлық облыстық әкімдіктерге тапсырма беремін, Бурабай курорты туристердің арқасында бюджетке табыс әкелетін болады, – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде.

Елбасы бүгінде 10 туристік аймаққа баса назар аударылатынын айтты. Олар – Иман­тау, Баянауыл, Түркістан, Алматы облысы, Шарын шатқалы, Алакөл, Кас­пий жағалауы және басқалары. «Бура­байдан кейін Имантау-Шалқар курортты аймақтары бар. Павлодар облысын­да Баянауыл курортының әлеуеті зор. Түр­кістан ерекше маңызға ие. Ол жерде жақсы туристік орталық қалыптастырумыз керек. Туризм Түркістанда қазірдің өзін­де бар. Әр жыл сайын оған 1,5 мил­лионға жуық турист келеді», – деп атап өтті Н.Назарбаев. Мемлекет басшысы Алматыдағы тау шаңғысы курорты және Шарын шатқалы туралы да айтып өтті.

– Егер біз инфрақұрылымды салатын болсақ, бұл көлемді көбейтуге әбден болады. Алматы облысындағы тау шаңғысы курорты туралы айтып отырмыз. Оны алдағы уақытта барынша дамыту қажет. Бұл жөнінде жоспар да, идея да бар. Шарын шатқалын елімізде білмейтін адам кемде-кем. Тіпті шетелдіктердің өзі оны Солтүстік Америкадағы атақты шатқалмен салыстырады. Біз еліміздің сұлу табиғаты туралы жиі айта бермейміз. Сондықтан, мұны мықтап қолға алу қажет, – деді Елбасы.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы туристік нысандарға субсидия бөлу көз­деліп отырғанын атап айтты.

– Туристерді бәсекеге қабілетті баға бол­ғанда ғана тарта аламыз. Эко­но­мика­ның осы саласына зор мән беруіміз керек, – деді Қазақстан Президенті.

Премьер-Ми­нистрдің бірінші орын­басары Асқар Ма­мин Нұрсұлтан Назарбаевқа елімізде ту­ризм саласын дамыту бағытында атқа­ры­лып жат­қан жұмыс туралы баяндап берді.

– Сіздің тапсырмаңызға орай, Үкі­мет «Қазақстан туристері ағыны» мем­ле­­­кеттік жобасын әзірлеу бойынша жұ­мыс жүргізуде. Жобаның 7 басым бағы­­ты бар. Онда туризм саласында бәсе­ке­­лестікті өрістету мәселесін түбегей­лі шешіп, ел экономикасының 33 сала­сын біріктіру көзделіп отыр. Біз­дің не­гізгі мақсатымыз 2023 жыл­ға дейін қа­зіргі экономикадағы туризм­нің үлесін 1,9 проценттен 8 процентке дейін ұлғайту, – деді Асқар Мамин.

 Оның ойынша, болашақты болжаған көрсеткіш әлемнің жақсы дамыған мем­ле­кеттерінің деңгейінде болмақ.

– Қазіргі кезде құрамына 60-тан астам туристік объекті кіретін туристи­фи­кация картасы әзірлену үстінде. Осы топқа кіретін 10 туристік жобаны жүзе­ге асы­ру үшін 70 пайызы жеке инвес­тор есебінен қаржыландырылатын құ­ны 21,4 трил­лион теңге инвестиция тарту қажет, – деді бірінші вице-премьер.

Сонымен қатар А.Мамин еліміздегі туристер ағынын арттыру барысындағы жоспарымен бөлісті.

 – 2023 жылдарға қарай біз туристер ағынын 2 миллион адамға жеткізуді көз­деп отырмыз. Бұған қоса ішкі туризмді 500 мың адамнан 2 миллион адамға, яғни төрт есеге арттыруға күш саламыз, – деді Үкімет басшысының орынбасары.

Ал Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы өз сөзінде Бурабай курортын дамыту бойынша қолға алынған мемлекеттік бағдарламаларды жү­зеге асыру мәселесіне тоқтала келе, әйгілі Голливуд продюсерлері көркем таби­ғаттың кестелі бейнесін сомдап, деректі фильм түсіруге қызығушылық танытып отырғанын жеткізді.

Бурабай баурайындағы жасалып жатқан игі шаралар ел туризімінің одан әрі дамуына соны серпін беретіндігі анық.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы