Қазақстан • 12 Шілде, 2018

Жарық сөнген үш күн

1009 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жарық сөніп халық әбіржіп қалды дегенге Арқабай аса сене қоймады. Қайта оған жарық сөнген екі күнде жұрт демалып қалған сияқты көрінеді. Арқабайдың үйінде өзін қоса есептегенде алты жан тұрады. 

Жарық сөнген үш күн

Үй бес бөлме. Бес бөлмеде төрт теледидар, бір компьютер. Осы уа­қытқа дейін алтауы емін-еркін оты­рып, шүйіркелескен емес. Тамақ ішіле салысымен үшеуі түрік телесериалына, біреуі кон­церт тамашалауға, енді бірі мультфильм көруге отырса, Арқабай футбол ойынына жанкүйерлік етуге теледидарын қосатын. Теледидардағы түрік сериалдарының түрлі жымысқы әрекеттері мен опасыздық істері жүйк­елеріне салмақ салып, қат­ты әсер етеді-ау, әйтеуір дас­тар­қан­ға отырғанда бір-бірі­нің сө­зін көтере алмай, ашу шақы­рып көңілдеріне қаяу салып ала­тын сәттері де жиі көрініс таба­тын.

Кешегі үш күн электр жары­ғы өшкелі Арқабайдың отбасы дастарқан басына уақтылы жиы­лып, ортада бәріне ортақ әжік-гүжік әңгімелер айтылып жатты. Анасы балаларының сә­би кезіндегі тәтті қылықтарын еске алса, әкелері Арқабай анала­рымен бірге махаббат құрған жас­тық дәуренінен естеліктер айтып арқа-жарқа болысты. Осы жа­рық сөнген үш күнде алтауы бірін-бірі жаңа көргендей айтарлары таусылмады. Тымырық, то­маға тұйық кездер келмес­ке кетіп, шаңырақтарына береке кіргендей болды. Ата-ана ре­тінде ұл-қыздарының күн­де­лі­гін тексеріп, танысып, қол­да­рын қойып, сабақтарын пы­сық­тат­ты. Балаларынан сынып же­тек­шілерінің кім екенін де біліп алды.

Арасында алыс жақын ағай­ын­ның амандығын сұрасуды да ұмыт қалдырмаған Арқабай Астанадағы жиеніне хабарласты «Жиенжан, сендерде сбет барма?» «Иә, нағашеке, қанша дауыл тұрса да бізде жарық сөнбейді», деді жиені масаттана. «Қап!» деген сөздің аузынан қалай шық­қанын аңғармай қалған Арқа­бай­дың үнінде жиеніне деген аяушылық байқалып тұрды.

Жарық сөнген үш күнде әйелі теледидарға алаңдамай, кө­ңіл бөліп даярлағаннан ба, та­мағының да дәмі кіргендей бол­ды.

Ертеде бабаларымыз май шам­мен-ақ өмір сүргені белгілі. Ер­те жатып, таң алакеуімнен ша­руа­сына кірісіп, елдің соңы тө­сегінен енді тұрып жатқанда қор­а жайын біржақты етіп шайға кіретін болған. «Ерте тұрғанның ырысы да, бір ісі де артық» болатыны содан болса керек.

«Иә, дұрыс айтасыз. Халқы­мыз­дың демографиялық өсуіне де сөнген жарықтың көп-көрім үлесі бар екендігі даусыз. Оған сіз түгілі өсу, көбею дегенге қос қол­ын көтере қолдайтын Мақаш кө­кеміз де дауласа қоймас», дейді Арқабай өз-өзіне сенімді түрде.

Ертең жарық жанса бәрі де қайтадан таз қалпына түсерін білген Арқабай көзінің астымен төбедегі мелшиген лампаға ақырын қарап қойды...

Мақсат ҚАРҒАБАЙ

Соңғы жаңалықтар