Қазақстан • 12 Шілде, 2018

Радио саласының өзекті мәселелері талқыланды

533 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада Ақпарат және коммуникациялар министрлігі ұйымдастырған «Азия медиа диалогы» жобасының аясында «Азия елдеріндегі радио» атты конференция өтті. Жиынға еліміздің ақпарат саласының мамандары мен шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары қатысты.

Радио саласының өзекті мәселелері талқыланды

Жиын барысында радио саласына қатысты өзекті мәсе­лелер, аудиториямен жұмыс іс­теу, тыңдарман тарту секілді маңыз­ды жайттар сөз болды. Xtra Insig­hts ком­паниясының өкілі Пол Амостың модераторлығымен өткен конференцияның алғашқы сес­сиясында тыңдарманмен жұ­мыс істеу жолдары талқыланды.

Қазіргі таңда жаңа медианың шығуымен радиоға сұраныстың азайғаны белгілі. Алайда жиынға келген сарапшылар мұның уа­қыт­ша құбылыс екеніне, ра­дионың әлі де тыңдарман құла­ғының құрышын қандыра беретініне сенімді. Мәселен, кон­ференцияда сөз сөйлеген Радио және жаңа технология жөнін­дегі халықаралық сарапшы Стив Ахерннің айтуын­ша, за­манауи технологиялар радионы «өлтірмейді». Керісінше солар­ды қолдану арқылы радио сала­сы жаңаша қызметке ие бола­ды. Мысалы, аудиожазбалар­ды интернетке жүктеу арқылы түрлі под­кастар жасап, оны кейінірек қай­та тыңдауға мүмкіндік туады. Нәти­жесінде радиотолқындар жетпей­тін қашықтықта отырып ин­тер­нет арқылы сүйікті бағдар­ламаны тыңдауға мүмкіндік мол.

«Зерттеулерге сүйенсек, адам­дар теледидарды көргеннен тың­дағанды жөн көреді екен. Өйткені тыңдау арқылы бейнелер айқындалып, миға қонымды бола түседі. Радионы басқа тірлікпен айналысып жүріп тыңдай беруге мүмкіндік бар. Яғни, радио дер­бестікке бейімделіп келеді», дейді С.Ахерн.

Сонымен қатар халықаралық сарапшы радионың екі түрі ма­ңыз­ға ие екенін атап өтті. Оның бірі – ақпараттық формат болса, екін­шісі – ойын-сауықтық бағыт. С.Ахерн­нің пайымдауынша, ен­­дігі мақсат – осы екі бағытты бірік­­тіретін қолайлы орта қалып­тас­тыру.

Бұдан бөлек конференция барысында Үндістан радиосының бас директоры Фаяяз Шедериар өз еліндегі тәжірибе туралы әңгі­мелеп берсе, Бутанның ұлттық радиосының басшысы Тшеринг Вангчук алақандай елдегі саны аз тыңдарманмен жұмыс істеу тәсіл­дерін айтты. Сондай-ақ Огайо университетінің профессоры Дрю Макданиэль де өз білгенімен бөлісті.

Іс-шара елорданың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында «Азия медиа диалогы» жобасы аясында ұйымдастырылып отыр. Аталған ауқымды шара барысында бұдан бөлек бірнеше конференциялар, семинарлар мен ән фестивалі өтпек. Жиынға Ақпарат және коммуникациялар министрлігі, Азия және Тынық мұхиты хабар тарату одағы, «Қазмедиа орталығы» компания­лары ұйытқы болды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Азия медиа диалогы» шарасына 40 елден 150-ге жуық делегат келген. Жиын ая­сында «Азия елдеріндегі радио», «Медиа 2020» және «Ән фес­тивалі» ұйымдастырылуда.

Іс-шара барысында радио форматын жасау, аудитория­ны бақылау және оны зерттеу құралдары, Еуразия медиа нары­ғының озық үлгілерімен таны­су, контент жасау тәсілдері тал­қы­ланады. Жалпы, үш күнге жоспарланған медиа жиын бүгін қорытындыланады.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»