Руханият • 13 Шілде, 2018

Ұлттық ем туралы еңбек жарыққа шықты

1503 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ ұғымына қатысты сөз қозғағанда бабаларымыздан қалған елеулі құндылықтардың бірі «Ұрпақ саулығы – ұлт саулығы» деген ұғымды ұлықтаған қазақ емшілігі еді.

Ұлттық ем туралы еңбек жарыққа шықты

Денсаулықтың басты қағи­дасы етіп, қан тазалығын алған. «Қаны таза адамның – жаны таза» деген байламды халқымыз бірінші орын­ға қойған. Мұның ақи­қатын ХV ғасырда жазыл­ған Өтейбойдақ Тілеуқа­был­ұлының «Шипагерлік баян» кітабынан оқып, көз жеткізуге болады. Сол бұ­рын­ғылардың емдеу тәсілін жан-жақты баяндаған, өз бай­ламдарын да нақты мысалмен жеткізе алған Қайрат Айдарханұлының «Қазақ емшілігі» атты кітабында да емшілік туралы мәлімет молынан. Сапалы қағазға басылып, түрлі-түсті суреттермен безендірілген кітап авторы жақсылардың мұрасын ескере отырып, ой тербейді. Бұл кітапты энциклопедиялық сипат­тағы жинақ деуге болады. Пайдаланылған әде­биет­тердің тізімін де көр­сетіп отырды. Бұл автор­дың ме­дицина саласы бо­йын­ша университеттік білім алғанын, медицина ғылымдарының кандидаты ретінде өз мамандығын жетік меңгергенін аңғартса керек.

Автор «Шипагерлік атақ жинау емес, жаны мен тәні ауырған адамға ем жасау, сөй­тіп көңіліне дем беру, жа­нын жадырату» деп біледі. Бұл зиялы жанның жақсы үлгісі деуге тұрады.

Кітап үш бөлімнен құрал­ған. Бірінші бөлім «Қазақ ем­шілігі хақында» деп аталса, екінші бөлім «Қазақ ем­шілігіндегі қарапайым ем­дер» деген тақырыппен беріл­ген. Бірінші бөлімде ба­­ба­ларымыздың «Киіз үй­де тұрып, жылқы асырап, қымыз ішкені» туралы айтқан Гип­пократ ілімінен бастап, Өтейбойдақтың «Шипагерлік баян» кітабында көрсетілген 1108 емдік дәрілердің тізбесі барын, бұл ұлт қазынасына қосылған үлес екенін алға тартады. Осындай мол бай­лықты тиімді пайдалану жағына қатысты пікірін білдіргенде Қытайдың ши­пагерлік мәдениетіне де назар аударып, олардың озық тәжірибесімен халқымыздың өзіндік емдеу тәсілдерін салыстыра келіп, бізде де үйренер үлгі-өнеге бар екенін тілге тиек етеді. Дәрумендерді даралап, қазақ медицинасына өз үлесін қосқан аза­маттардың еңбектерін де талдайды. Екінші бөлімде өсімдіктерден – 728 түрлі, жан-жануарлардан – 318, минералды заттардан, металдардан – 318 түрлі шипалық дәрі-дәрмек алуға болатынын дәйектеп, 500-ге жуық анатомиялық ұғымдардың мән-мәнісін көрсетіп, оның тарихы, этнографиялық сипаты жағына да тереңдеп барады. Сол секілді әр тағамның емдік қасиетін ашып көр­сетеді. Ағзаға қуат беретін  төрт түліктің сүт өнімдері түрлеріне талдау жасайды. Адам ағзасына қуат дарытатын сүт өнімдерінің 20 түріне, өсімдіктер мен ағаштан алынатын дәрілердің 121 түріне, аң-құс, өзге де жануарлардан 52 түріне, жеміс-жидектердің 19 түріне, астық пен көкөністің 20 түріне сипаттама беріп, өндірілетін дәрілерге нақты мысалдар келтіреді. Жылқы мен қарамал – 100-дей шөптің түрін, түйе – 150-дей, қой – 170-тей, ешкі – 600-дей шөппен азықтанатынын, оның өзі адам ағзасына дәрумен болып даритынын атап айтады.

Осылайша, халқымыздың ауруды анықтау, ем қолдану жайын жете көрсетіп, жетеңе жеткізеді. Кітапты парақтағанда қазақ елінің байтақ даласында адам денсаулығына септігін тигізетін дүниелер көп екенін дәйектермен көз алдыңнан өткізіп, көңіліңе қондырады.

Әрбір дәріге қажет табиғи байлығымызды түрлі-түсті суреттермен бере отырып, қандай ауруға ем екенін қолымен қойғандай алға тартады. Пайдалану жол­дарын да ұсынады. Бір сөзбен айтқанда, экологияның кері әсерінен, тағамдар сапа­сыздығынан бұзылған адам денсаулығына қажетті барлық ем-шаралар кітапта түсінік­ті тілмен, әдемі баяндаулармен беріліпті. Сондықтан Қ.Айдарханұлының бұл кіта­бын ұлт денсаулығын жақ­сартуға қосар үлесі бар еңбек десек болады.

Сүлеймен МӘМЕТ,

«Егемен Қазақстан»