Парламент • 13 Шілде, 2018

Депутаттар ел аралап жүр

1248 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Депутаттар ел аралап жүр

Сенат депутаты Рысқали Әбдікеров Қарағанды облысындағы Осакаров және Нұра аудандарында жұмыс сапарымен болды.

Ол Осакаров ауылында әлеу­меттік нысандарды аралады және аудан тұрғындарымен кездесіп, «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында салынып жатқан жаңа тұрғын үй кешенінің құрылыс алаң­ында, «Нұрай» балалар бақ­шасында болды.

18 пәтерлі екі қабатты төрт тұрғын үйді пайдалануға беру қараша айына жоспарланып отыр. Осакаров ауданының тұр­ғын­дарымен кездесу барысында сенатор заңнамадағы өзгерістер туралы әңгімеледі. Атап айтқанда, ішкі істер органдары саласына қатысты заңдарға байланысты алдағы өзгерістер туралы сөз болды.

Сенатор Нұра ауылында аудан белсенділерімен кездесу өткізді. Парламент депутаты Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын іске асыру жөніндегі алдағы міндеттер туралы әңгімеледі.

Аудан орталығында азаматтарды қабылдау ұйымдастырылып, жергілікті тұрғындар Р.Әб­ді­керовке өздерінің проблемала­рын айтып, ұсыныстарымен бөліс­ті. Онда аудандағы спорт­тық-сауықтыру орта­лы­ғының құ­рылысын салу мәселесі де көтерілді.

 

*****

Мәжіліс депутаттары Мейрам Пішембаев, Альберт Рау, Александр Суслов, Айгүл Нұркина, Айзада Құрманова мен Анар Жайылғанова Павлодар облысында «Қазақстан Алюминийі» АҚ ұжымымен кездесті.

Депутаттар аймақтағы ірі өндіріс орны болып табылатын зауыттағы шикізат даяр­лау цехының жұмысымен жә­не осында жұмыс істейтін жұмыс­шылардың хал-жағдайымен танысты.

«Алюминий зауыты – өте қуатты, елімізде ғана емес, шетелде де үлкен сұранысқа ие өнім шығаратын алып өндіріс орны. Біз кәсіпорында цифрландыру жұмыстары жүргізіліп, жаңа технологиялардың енгізіліп жатқанын көрдік. Зауыттың ел экономикасына қосып жат­қан үлесі зор. Меніңше, мұн­д­ай алдыңғы қатарлы кәсіп­орындардың айналасында шағын және орта кәсіпкерлік жетілуі тиіс», деді депутат Мейрам Пі­шембаев.

*****

Депутаттардың аймақтарға сапары аясында мәжілісмен Қожахан Жабағиев Жамбыл облысындағы «Бурное сүт компаниясы» қызметкерлерімен кездесті.

Мұнда күніне 49 тонна ірім­шік, сары май және сүт өнім­дері шығарылады. «Бурное сүт ком­паниясы» зауытына облыс­тағы 8 ауылшаруашылық коопе­ра­тиві, 50 шаруа қожалығы, 25 же­ке кәсіпкер сүт өткізеді. Компанияда 93 адам жұмыс істейді.

Мәжілісмен зауыт жұ­мыс­шы­ларымен ком­па­нияның өндіріс қуаты, салық салу, сондай-ақ ауыл шаруа­шы­лы­ғын дамытуға заңнамалық қол­дау көрсету мәселелерін талқылады.

*****

Мәжіліс депутаттары, «Ақ жол» фракциясының мүшелері Ерлан Барлыбаев пен Берік Дүйсенбинов Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді.

Парламент депутаттары «Эко-Агро», «Силумин-Восток» ком­па­нияларының еңбек ұжым­дарымен кездесу барысында пар­ламенттік фракцияның жұмысы мен  Мәжіліс депутаттарының заң шығару қызметі туралы әңгі­меледі.

Ал Семей қаласында өткен дөң­гелек үстелде депутаттар «Пре­зи­денттің бес әлеуметтік бастама­сының» жүзеге асуына тоқ­талды. Б.Дүйсенбинов: «Бұл тек Елбасы мен Мәжіліске байла­нысты дүние емес, оның атқары­луына құзырлы органдар, Ұлт­тық банк, басқа да мемлекет­тік органдар бірлесе отырып қатысуы керек. Ал біз, депутаттар – мем­ле­кеттік органдарға халықтың талап-тілегін жеткіземіз», деді. Кездесуде депутат Ерлан Бар­лы­баев бес әлеуметтік бастама бойынша салынып жатқан жатақханалар мен қолжетімді ипотекалық несие­лер бойынша берілетін үйлердің құрылысы республика бойынша мыңдаған адамдардың баспана мәселесін шешуіне мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Ақ жол» фракциясы отырыс барысында тұрғындар тарапынан көтерілген өзекті мәселелердің шешімін табу бо­йынша жұмыстарын жалғастыра бермек.

*****

Көкшетау техникалық институтында білім беру мекемесінің қызметкерлері мен курсанттары Парламент Мәжілісінің депутаты Ерсұлтан Бектұрғановпен кездесті. Іс-шараға «Нұр Отан» партиясының Көкшетау филиалы төрағасының бірінші орынбасары Зәуреш Нұрымова мен партия өкілдері қатысты.

Институттың жеке құра­мы­мен кездесу алдында Ерсұлтан Өтегенұлы оқу орнында жаңадан ашылған мұражайды тамашалады. Содан кейін өрт қауіпсіздігі саласында бірегей ғылыми зерттеу­лер жүргізуге мүмкіндік беретін қондырғылар жиынтығы бар зертхана жұмысымен танысты. Азаматтық қорғау полковнигі С.Шәріпханов депутатқа білім беру мекемесінің проблемалық мәселелеріне, жалпыазаматтық қорғау жүйесінің жетілдірілуіне назар аударып жүргені үшін алғысын білдірді.

Кездесуде депутат Мәжілістің заң шығарушылық жұмысы туралы баяндады. Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауына тоқталып, бағдарламалық құ­жат­тардың орындалуы барлық қа­зақстандықтар үшін ортақ міндет болып табылатынын атап өтті.