Таным • 13 Шілде, 2018

Рафаэль НИЯЗБЕК. Түркістан - Алаштың алтын бесігі

532 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

 Қазақтың бір қасиеті – тағдыр тауқыметін тартып,­ қиын­дық көрген сайын көкірегі соғұрлым қыжылға толып,­ тастүйін бекіп, қай­рат­танып, тығырықтан жол­ та­уып, қия­лап шыға біле­тін тек­тілігінде жатыр. Қай­дағы-жай­дағыларды бас қаты­рып ойлап, жүрегі езіліп, ақ­ жаң­бырлар тоздырған тау ­секілді морып, мұжыла бер­мейді. Қайта қайғының өзін қайрақ етіп жанып, өр­кештеніп, өт­кі­рлене түседі; апай­төс омы­рауын бұршақ саба­лап, най­зағай осқылаған сайын құз кеудесі томпайып,­ шаң-то­заң­нан тазарып, жар­қы­рай түседі.

Рафаэль НИЯЗБЕК. Түркістан - Алаштың алтын бесігі

Кім-кімнің де есінде шығар. Еліміз Тәуелсіздік алған алғаш­қы жылдары жомарттың қо­лын жоқтық байлап, жұрт тар­шылықтың тарысын қуырып жеп отырған қысылтаяң шақ еді. Бі­рақ соған қарамай қысқа күнде қырық құбылып, суық ажар танытып тұрған усойқы уақыттың саяси ахуалын жіті аңғарып, тәуе­кел­ге бел байлаған Елбасы тосын шешім жасап, еліміздің астанасын Арқаға көшірмек болғанда жұрттың көбі бұған күдікпен қарап, қиял-ғажайып ертегі көріп, онша құптай қой­маған. Рас, сол күндері дау-дамай өршіп, айтыс-тартыс қызу жүріп жатты. Бірақ жөн сөзге кім тоқтамасын. Ақырында шындық жеңіп, Елбасының бұл ұсынысы жер-жерде қолдау тауып, тарихи шешім қабылданған еді. Сөйтіп болашаққа көрікті көш түзеген көк бөрі елдің жаңа дәуірі басталған-ды.

Енді міне, кемеңгер басшы­ның бүкіл дүние-әлемді жалт қаратқан Жасампаз Жарлығы жарияланып, тарихи тамырын тереңнен тартып, төрт құбыласын түгендеп жатқан қазақ халқы тағы бір ұлы оқиғаның куәсі болып отыр.

Туған елдің мәдениеті мен өнері­нің өркен жайып, қайнар көзіне айналған оңтүстік өңірі соңғы бірер жетінің ішінде рухани жаңғырудың арқасында қайта түледі. Бауыры суық қара тасына дейін көктеп, көзін­де көктем күліп тұрғандай кө­рінді. Халқы бір миллионнан асатын Шымкент қаласына респуб­ликалық аса жоғары мәртебе беріліп, Түркістанның облыс орта­лығы және бүкіл түркі жұр­тының рухани астанасы атануы, бұның өзі сайып келгенде, кең байтақ қуатты өлкенің әлеуеттілігі мен мүмкіндігінің мол екендігін танытады.

Сонау қанға жерік кеңестің усойқы уақытында өмір кешіп, тағдыр тауқыметін қанша тартса да мойып, мұқалмай «аспан құламай, жер күйремей аман тұрғанда түркі халқы жоғалмай мәңгі жасай береді» деп сенімін сертке ұстап өткен Мағжан ақын:

Түркістан – екі дүние есігі ғой,

Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.

Тамаша Түркістандай жерде туған

Түріктің тәңірі берген несібі ғой,

– деп жырлаған Түркістан, Тұ­ран­ның рухы сіңген Түркістан әйгілі Жібек Жолы бойынан ірге көтерген байырғы қала. Хандарға алтын тақ, халыққа астана, әулие­ге мекен, шаруаға берекелді жайлы қоныс болып, даңқы шыққан құнарлы өлке. Түркістан арғысы түркілік идеяның жаңғыруы, бер­­гісі қазақтың ұлт болып, ұю­дың ұйтқысы болар киелі ұғым. Бү­гінгідей сәтте қырыққа жуық түркі ұлттарының басын қоса­тын, назарын аударатын жер­ұйық жалауын байрақ ретінде желбірететін тұғырлы тілек.

Бұл өлкенің маңыздылығын, қасиет дарыған сипатын әлемді дірілдетіп, жарты жалғанды уы­­сында ұстаған Әмір Темір жақ­сы білген. Аруақты қолбас­шы замананың заңғары, қы­рық мыңнан астам шәкірт тәр­биелеген Ахмет Ясауидің басына алып кесенені тұрғызғаннан кейін Түркістанның даңқы тіпті асқақтай түскен. Бұл теңдесі жоқ архитектураның үйлесіммен басталған құрылысы әлдебір себептермен толық аяқтал­май қалса да, қазіргі қалпымен-ақ шартарапты өзіне қаратып, сұлу өрнегімен әлі тамсантып келеді. Түркі дүниесіне абырой-атағы кеңінен мәшһүр, діни медресенің басында тұрған, тақуалығымен танылған ғұлама ұстаз хазірет Қожа Ахметтің ірге тепкен мекені шығыстың шырағы боп, төрт құбылаға түгел жарық сәулесін түсіріп тұр. Әне, сол әулиенің басын қарайтып, рухын көтеру Түркістанның да, Әмір Темірдің де атағын шарықтатып жіберген. Ол сондай айбынды асқақтығынан күні бүгінге дейін еш бәсеңдеген емес. Ендеше, Түркістан қала­сының жеке облыс орталығы боп аталуы бүкіл түркі жұртының ба­сын қосатын, қазақтың намысын оятатын лұғатты ұран сөз, иман­дылықтың жаршысы болатын жақсы ырым. Бұл – биліктің біліктілігі, халықтың қалауы.

Елдің ер-тұрманы енді-ен­ді бүтінделіп, сөгілген алтын жа­ға­сы қайта көктеп тігіліп, шын­дықтың көзіне тіктеліп қарай бас­таған қазіргі шақта қайда жүрсе де, қайда барса да ой, идея іздеп, шағаладай шарқ ұрып, тыным таппайтын Жансейіт Түй­мебаевтың жаңа құрылған Түркістан облысына әкім боп тағайындалуы, шын мәнінде заман талабынан туған оң шешім болды. Өйткені ол бірқатар бас­­шылық қызметтің тізгінін ұс­тап, тәжірибе жинақтап, сүз­гіден өткен соң Түркияда табан­датқан алты жыл бойы елші боп, ел аралап, жер көріп, бү­кіл түркі жұртының әдебиеті мен мәдениетіне, өнеріне, ізгі қа­сиетіне, рухына көкірек көзін суа­рып, жан-дүниесі жаңарып, іш­тей түлеп жетілген жігерлі аза­мат – қайда салсаң да қиып түсетін.

Елбасының көрігінде қайнап, пісіп-қатып шыңдалған кім-кім де басқарған елінің хал-ахуалын көтеріп, көсегесін көгертпеуі мүм­кін емес. Иншалла, солай!

Рафаэль НИЯЗБЕК,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Түркі әлеміне қызметі үшін» халықаралық сыйлығының лауреаты