Аймақтар • 14 Шілде, 2018

Павлодар өзен порты жылына 2 миллион тонна жүк тасымалдайды

891 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыс орталығындағы «Павлодар өзен порты» АҚ жыл сайын жаңарып, жаңғыру жолында қызмет етуде.

Павлодар өзен порты жылына 2 миллион тонна жүк тасымалдайды

Еліміздегі су жолы бойынша жүк тасымалдайтын жалғыз кәсіпорын. Транзиттік әлеуетті дамытып, өңірдің, еліміздің өркендеуіне үлес қосуда. Су жолдары арқылы Ресейге құрылыс заттары жіберіледі. Порт қиыршық тас, көмір, тұз, ағаш, құрылысқа қажетті материалдарды тасымалдаумен айналысады.

Қазір кәсіпорында 200-ден аса адам еңбек етуде. Портта төрт кірме жол бар. Кәсіпорында көпфункциялы Water master Classic IV, V машинасы, буксирлі теплоходтар, жүк көтергіштігі 5 тонналық 4 қалқыма кран, жүк көтергіштігі мың тонналық, үш мың тонналық 2 баржа және тағы басқа да техникалар бар. Бұл жерде тәулігіне 9 баржаның жүгі түсіріледі. Порт өзенді тереңдету жұмыстарымен айналысуда.

Кәсіпорын басшысының орынбасары Төлеген Күлжановтың айтуынша, өзенді тазарту жұмысы бойынша 23 жобаны жасалыпты.

Өзеннің тасымал көліктеріне қолайлылығын сақтау үшін Ертіс өзенін жиі тазартып, қажетті тереңдікті сақтау қажет. Қазір жүк тасымалына Ресей ғана емес, Қытай да назар аудара бастапты. Өзен порты ерекше технологиялық мүмкіндіктері бар заманауи кәсіпорынға айналып келеді. Жүктерді сақтайтын алаңдар да бар. Кәсіпорын экологиялық зиян келтірмейтін, өзен арналарын аршуға, тереңдетуге арналған жаңа инновациялық техникалармен қамтамасыз етілуде.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

ПАВЛОДАР